Сейсенбі, 02 маусым, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 (2253)
02.06.2026
PDF мұрағаты

Айбек Қосан, журналист, балалар жазушысы: Балалар әдебиеті – ұлт болашағының рухани іргетасы

02.06.2026

24 0

Қазіргі ақпарат тасқыны күшейген, бала санасы сан тараптан ықпалға ұшыраған заманда ұлттық балалар әдебиетінің жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті. Бүгінгі қазақ баласына қандай кітап керек? Ертегі тек қиял әлеміне жетелейтін жанр ма, әлде жас ұрпақтың бойына мейірім, адалдық, ұлттық рух дарытатын қуатты тәрбие құралы ма? Балаларға арналған сапалы, мағыналы, заманауи кітаптардың аздығы – бүгінгі қоғам алдында тұрған өзекті мәселе. Әсіресе ертегі – жай қызықты оқиға емес, баланың жүрегіне ізгілік дәнін егетін, өмірлік бағдар беретін рухани қорған. Осы ретте телеарнаның қайнаған ақпараттық майданында жүрсе де, балалар әдебиетінің дамуына өз үлесін қосып жүрген қаламгер, белгілі журналист, «Еуразия» Бірінші арнасының шеф-редакторы Айбек Қосанмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Балалар әдебиетіне келуіңізге не себеп болды?

– Балалар әдебиетіне келуім саналы түрде жасалған қадам әрі әкелік, азаматтық жауапкершіліктен туған шешім. Өз балаларыма қазақша сапалы, мағыналы әрі заманауи кітап іздегенде, нарықта үлкен рухани вакуум бар екенін сезіндім. Біз балаларымыздың санасын шетелдік контентке беріп қойдық. Бұған бей-жай қарау мүмкін емес. Ертегі жанрын таңдаудағы басты миссия баланың жүрегіне мейірім мен ізгіліктің дәнін егу. Ертегі – бала тіліндегі ең қуатты философия. Менің миссиям – бүгінгі цифрлық заманда өсіп келе жатқан қазақ баласына тек ермек емес, өмірлік қиындықтарда бағдаршам болатын, ұлттық ділі мен адами құндылықтарын сақтайтын рухани қорған тұрғызу.

– Баланың дүниетанымын қалыптас­тыруда жазушының жауапкершілігі қандай болуы керек?

– Жазушының жауапкершілігі сәулетші­нің еңбегімен тең. Бірақ біз тастан үй тұр­ғызбаймыз, біз адамның ішкі әлемінің, бола­шақ тұлғаның сәулетшісіміз. Баланың санасы тап-таза ақ қағаз. Оған түскен әрбір сөз, әрбір бейне өмірлік із қалдырады. Үлкендерге ар­налған шығармада қателессеңіз, оқырман сізді жай ғана түсінбеуі мүмкін. Ал балалар әдебиетіндегі қателік ұрпақтың талғамын улаумен тең. Сондықтан жазушы әр сөздің салмағын сезініп, баланы алдамай, оның тазалығына нұқсан келтірмейтіндей асқан жауапкершілікпен қалам тербеуі тиіс.

– Егер бүгінгі қазақ баласына бір ғана ой қалдыру мүмкіндігі берілсе, сіз олардың санасына қандай алтын қазықты аманат етер едіңіз?

– Шынайы достық пен таза мейірім дүниедегі кез келген материалдық байлықтан, алтыннан да қымбат. Қазіргі прагматикалық, бәсекеге толған заманда балаларға жетіспейтіні осы. Егер бала адамгершілікті, адалдықты және айналасына қамқор болуды ең басты құндылық деп түсінсе, ол ешқашан адаспайды. Осы алтын қазық оның өмірлік бағдарына айналуы керек.

– Сіздің шығармаларыңызда тәрбиелік ой табиғи түрде беріледі. Балаларға ақыл үйретпей, дидактикаға ұрынбай ой салудың, оқырманмен тең дәрежеде сөйлесудің құпиясы неде?

– Құпиясы өте қарапайым. Балаға жоға­рыдан төмен қарап, ақыл айтпау. Бүгінгі бала дидактиканы, «мұны істеу керек, мұны істемеу керек» деген құрғақ бұйрықтарды қабылдамайды. Мен олармен тең дәрежеде, сырлас досы ретінде сөйлесуге тырысамын. Мәселені кейіпкердің іс-әрекеті арқылы көрсетемін. Мысалы, кішкентай тиын мен дана үкінің арасындағы қарым-қатынас, олардың қателіктері мен содан шығарған қорытындылары балаға «дайын өнім» ретінде ұсынылмайды. Бала оқиғаны оқи отырып, шешімді өзі қабылдайды, кейіпкермен бірге өседі. Мен жай ғана бағыт берушімін.

Айбек Қосан, журналист, балалар жазушысы: Балалар әдебиеті – ұлт болашағының рухани іргетасы

– Сіздің кейіпкерлеріңіз көбіне шынайы әрі өмірге жақын келеді. Олардың про­тотиптері нақты өмірден алынған ба, әлде бұл балалық шаққа деген сағыныштан туған қиял жемісі ме?

– Бұл екеуінің синтезі. Бір жағынан, мен күнделікті өмірді, өз балаларымның мінез-құлқын, олардың достарымен қалай тіл табысатынын жіті бақылаймын. Олардың бүкпесіз эмоциялары, реніштері мен қуаныш­тары нағыз прототиптер. Екінші жағынан, әрбір шығармада менің өз балалық шағымның жылуы, сол кездегі аңғал сезімдер мен армандар бар. Кейіпкерлер орман жануарлары болғанымен, олардың бойында бүгінгі біз көріп жүрген шынайы адамдардың сипаты мен мінезі бар.

– Балалар әдебиетінде ұлттық болмысты сақтау қаншалықты маңызды?

– Ұлттық болмысты сақтау – өміршеңдік мәселесі. Бірақ мұнда үлкен бір мәселе бар: ұлттық құндылықтарды балаға тек этнографиялық жәдігерлер (киіз үй, торсық) арқылы ғана тықпалай берсек, ол гаджет заманының баласына жат көрінуі мүмкін. Қазақы рух дегеніміз – табиғатты аялау, үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау, адалдық пен қонақжайлылық. Міне, осы кодтарды біз қазіргі баланың тілінде, динамикалық сюжеттермен беруіміз керек. Смартфон ұстаған бала да достықтың қадірін, табиғаттың (мысалы, бұлақтың, көктемнің) мұңын түсіне алады. Тек онымен оның өз тілінде сөйлесу қажет.

– Қазіргі қазақ баласының қиялы мен қызығушылығы бұрынғы буыннан несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз? Бүгінгі оқырманның талғамымен қалай есептесесіз?

– Бүгінгі буын клиптік ойлау жүйесі қалыптасқан, ақпаратты өте жылдам қабылдайтын визуа­лизаторлар. Олар ұзақ сипат­тамаларды, созылмалы сюжеттерді оқымайды. Қиялы ұшқыр, себебі олар ғаламдық ақпарат ағынында өсіп жатыр. Мен олардың тал­ғамымен есептесу үшін мәтіннің динамикасына қатты мән беремін. Оқиға тез дамуы керек, визуалды бейнелер қанық болуы тиіс. Кітаптың көркемделуі мен дизайны да заманауи трендтерге сай болуы шарт. Біз олардың назары үшін телефондағы түрлі-түсті ойындармен бәсекеге түсіп жатқанымызды ұмытпауымыз керек.

– Бүгінгі ата-аналар мен мұғалімдер балаларға кітап оқытуда, олардың әдеби талғамын қалыптастыруда қандай жүйелі қателіктер жіберіп жүр?

– Ең басты қателік – мәжбүрлеу. Кітап оқуды жазаға немесе міндетті үкімге айналдыру. «Телефонды қой да, 10 бет кітап оқы!» деп жеку. Бұл баланың бойында кітапқа деген жиіркеніш тудырады. Кітап оқу отбасылық жағымды ритуалға, қуаныш­қа ай­налуы керек. Екінші қателік – баланың таңдауын шектеу. Ата-аналар өздерінің балалық шағындағы кітаптарды оқытуға тырысады. Ол кітаптар жақсы, бірақ заман өзгерді. Балаға өз қызығушылығына сай кітап таңдауға еркіндік беріп, талғамын бағыттап отырған жөн.

– Қазіргі отандық балалар әдебиетінде қандай тақырыптар әлі де болса ашылмай жатыр, қандай бағыттар жетіспейді деп есептейсіз?

– Бізде эмоционалды интеллектіні дамы­татын, баланың ішкі қорқыныштарымен, замандастар арасындағы буллингпен жұмыс істейтін шығармалар өте аз. Экологиялық тәрбие, табиғат пен адамның тұтастығы тақы­рыбы да үстірт айтылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі заманауи фэнтези, детектив және ғылыми-фантастикалық бағыттар мүлдем кенжелеп тұр. Балалар тек батырлар жырын немесе классикалық ауыл өмірін ғана емес, ғарышты, болашақты, роботтар мен сиқырлы әлемді де өз ана тілінде оқығысы келеді.

– Қазақ балалар әдебиеті әлемдік деңгейге шығуы, бәсекеге қабілетті брендке айналуы үшін бізге бүгін не жетіспейді: сапалы аударма ма, маркетинг пе, әлде концептуалды идея ма?

– Бізде концептуалды идеялар бар, бірақ ең бірінші заманауи маркетинг пен сапалы менеджмент жетіспейді. Кітапты тек жазып, басып шығару жеткіліксіз. Оны өнім ретінде қаптау, бренд қалыптастыру, анимация­мен, ойыншықтармен байланыстыру кенже қалған сала.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: