Бас шаһардың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, қала аумағын абаттандыру, инженерлік-коммуналдық желілерді жаңғырту, тұрғын үй қорын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру өзекті. Бүгінде бұл бағытта құны 34 млрд 815,5 млн теңгені құрайтын 7 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде 1 көпірдің құрылысы,
1 жаңа автомобиль жолы және ұзындығы 43,4 шақырымдық 39 көшені қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жоспарланған.
Жаңа жобаның мән-маңызы жайлы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Айдын Әнуар қала әкімдігінің баспасөз алаңында өткен брифингте баян етті.
Бөлім басшысының айтуынша, Бәйтерек шағын ауданындағы көпір құрылысы маңызы зор жоба. Қазір жол құрылысының 65 пайызы орындалған. Нысанды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ал Сырдария өзені арқылы Астана шағын ауданынан Президент саябағына өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салуға жоба-сметалық құжат әзірленген. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталған соң құрылысы басталмақ.
– Қаладағы 24 көшені жөндеу жұмысы жоспарланса, Сағымбаев көшесінің 65 пайызы, Назарбаев даңғылы, А.Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелерінің 60 пайызы, Президент саябағына кіреберіс автомобиль жолы мен автотұрақ құрылысының 90 пайызы жөндеуден өтті. Қала көшелерін салу жобасы аясында 45 көшеге 88 мың шаршы метрден астам асфальт төселді. Асфальт жабынын күтіп-ұстау бағытында 90 мың шаршы метр жол жөнделді.
Қаланың келбетін жақсарту бағытындағы ауқымды жобаның бірі – Президент саябағын қайта жаңғырту болса, бүгінде саябақ толықтай заманауи демалыс орталығына айналды. Мұнда әуенді субұрқақ, ұзындығы 120 метрлік су арнасы, «Өмір ағашы» композициясы, биіктігі 50 метр болатын шолу дөңгелегі, балалар ойын алаңы, спорт және воркаут алаңы, амфитеатр, фудкорттар, велосипед жолдары және басқа да заманауи инфрақұрылым салынды.
Саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 53 мыңнан астам бұта, 54 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызылып, 2,7 гектар аумаққа газон төселген. Жасыл желектер автоматтандырылған жүйемен суарылады. Сонымен қатар осы жерден сыйымдылығы 308 балаға арналған балалар тынығу лагері бой көтерді.
Лагерьде спорт кешені, тұрғын блоктар, мәдени-демалыс орталығы, бассейн, әмбебап спорт залы және басқа да әлеуметтік нысан қарастырылған, – дейді бөлім басшысы.
Бөлім басшысы баян еткендей, осы аумақта Ботаникалық бақ салынды. Мұнда әлемнің әртүрлі өңірлерінің флорасы ұсынылатын тақырыптық бақтар, дәріс залдары, көрме аймақтары және демалыс орындары бар. Бұл нысан қаланың туристік, әрі ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!