Бүгінде облыс орталығында жол жөндеу жұмысы қарқын алды. Бас шаһардың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Назарбаев даңғылы, А.Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелерін қайта жаңғырту» жобасы жүзеге асуда. Мердігер мекеме «УАД» компаниясы жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.
Бас мердігер «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоба аясында Н.Назарбаев даңғылын күрделі жөндеуден өткізді. Кенттегі Есенов және Амангелді көшелері төрт жолақтыға кеңейді. Жаяу жүргінші жолы, су ағатын арнайы лотоктар орнатылуда. Жаңа асфальт төселіп, заманауи жарықшамдар орнатылды.
Айта кету керек, кейінгі жылдары өңірдегі жол инфрақұрылымы жобалары қарқынды әрі жүйелі. 2022-2026 жылдары 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу, күрделі жөндеу үшін 185,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қала ішіндегі негізгі көшелермен қатар, шет аймақ жолдарын жөндеуге де басымдық берілген. Қазіргі уақытта көшелер жаңартылып, жол сапасы артты және тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда.
Биыл 23,6 млрд теңгеге қаладағы, қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі 70 көше қайта жаңғыртылуда, күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Өткен жылы көлік кептелісін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін бірқатар көше кеңейтілді. Атап айтқанда, әуежай, Шиелі ауданынан кіреберіс, Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралық, Қожа Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты болды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!