Қоғамның тұрақты дамуы мен ел экономикасының өркендеуі ең алдымен заң үстемдігіне, ашықтық пен әділдікке негізделеді. Осы құндылықтарды қалыптастыруда адал кәсіпкерліктің рөлі ерекше. Себебі адал бизнес – тек табыс табудың көзі ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін маңызды күш.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекет пен қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін қауіпті құбылыс. Ол әділ бәсекелестікті бұзып, кәсіпкерлердің тең мүмкіндіктеріне нұқсан келтіреді, инвестициялық тартымдылықты төмендетеді және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бизнес қауымдастығы мен әрбір азаматтың ортақ міндеті болып табылады.
Адал кәсіпкерлік қағидаттарын ұстанатын бизнес өкілдері заң талаптарын сақтап, салықтарын уақытылы төлейді, қызметін ашық жүргізеді және тұтынушылардың сеніміне ие болады. Мұндай кәсіпорындарда әділ бәсекелестік, жауапкершілік және корпоративтік мәдениет қалыптасады. Бұл өз кезегінде экономиканың тұрақты дамуына және қоғамдағы әділеттіліктің нығаюына ықпал етеді.
Таза қоғам құру әр адамның өзінен басталады. Пара беруден де, пара алудан да бас тарту, заң талаптарын сақтау, адал еңбек ету – жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу, лицензиялау, рұқсат беру және өзге де рәсімдерде заң талаптарын сақтауы қоғамдағы ашықтықтың артуына мүмкіндік береді.
Бүгінде цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа көшуі, ашық деректердің қолжетімді болуы және қоғамдық бақылаудың күшеюі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етуде. Алайда кез келген реформаның нәтижесі әрбір азаматтың адалдығы мен жауапкершілігіне байланысты.
Адал бизнес – сенімді серіктес, тұрақты экономиканың негізі және таза қоғамның кепілі. Сондықтан әрбір кәсіпкер өз қызметінде заңдылық пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Сонда ғана әділ бәсекелестік қалыптасып, ел экономикасы нығайып, қоғамның мемлекетке деген сенімі артады.
Таза қоғам – адал азаматтан, ал адал экономика – адал бизнестен басталады. Сыбайлас жемқорлыққа бірге тосқауыл қойып, әділ әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырайық!
К. Еримбетова
“Туған жер” қоғамдық қозғалысы” Қауымдастығы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!