23 тамыз – Құрылтай сайлауы. Бүгінде сайлауға бақ сынамаққа бекінген 7 партия үгіт-насихат жұмысын жүргізуде. Парламенттегі қос палатаның жауапкершілігін арқалайтын Құрылтай жүгі жеңіл болмайтыны анық. Осы орайда, саясаттанушы Мұрат Насимовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы саяси дода – Құрылтай сайлауы. Бұл сайлаудың бұған дейінгі сайлаулардан ерекшелігі қандай?
– Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси жүйесінің жаңа кезеңге өткенін көрсететін елеулі саяси оқиға ретінде бағалауымызға болады. Алғашқы Құрылтай сайлауы жаңа Конституциялық модельдің іс жүзіндегі тұңғыш сынағы болмақ. Басты ерекшелік Конституцияда жаңғырған саяси жүйе аясында өтуінде жатыр дер едім. Сондықтан осы уақытқа дейін өткен сайлаулардан айырмашылығы Конституциядағы мемлекеттік билік тармақтары өкілеттіктерін қайта қарастырудан туындаған саяси бәсекелестікке қойылатын талаптар өзгерістерімен байланысты. Тамызда өтетін сайлауда қоғамның саяси жаңғыруға сұранысы мен мемлекеттік институттардың сол сұранысқа жауап беру қабілеті апробацияланады. Демек, осы сайлаудың өлшемі ашықтық, бәсекелестік, қоғам мүшелерінің сенімі және сайланған депутаттардың азаматтардың мүддесін қаншалықты қорғай алатындығында болмақ. Нәтижені жаңа саяси институттар тиімділігі мен қоғамның оларға сенімінен байқаймыз. Сондықтан бұл сайлауды еліміздегі саяси жаңғырудың аяқталған кезеңімен салыстырғанда, саяси жүйенің дамуындағы алғашқы қадам шеңберінде қарастырған дұрыс.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Құрылтай депутаттарына заң шығару қызметінің сапасы мен жеделдігін арттыру міндеті жүктелетінін айтты. Демек, Құрылтай құрамына артылар жүк жеңіл емес…
– Биліктің қай тармағына болсын, жүктелетін жауапкершілік әрдайым жоғары. Өйткені азаматтарды заңдардың саны емес, сапалық деңгейі қызықтырады. Қабылданған әрбір заң азаматтардың күнделікті өмірі, экономиканың дамуы және мемлекеттік институттардың әлеуетіне әсер етеді. Президенттің қойып отырған міндеті кездейсоқ туындаған жоқ. Бүгінде барлығымыз әлемдегі геосаяси жағдайды көріп отырмыз. Экономикалық өзгерістер де өте жылдам жүріп жатыр. Мұндай ахуалда Құрылтай да туындаған өзгерістерге дер кезінде жауап бере алуы тиіс. Бірақ жеделдік қабылданған заңдар санымен өлшенбегені дұрыс. Әрбір заң жобасы жан-жақты талқыланып, ғылыми сараптамадан өтіп, әлеуметтік және экономикалық салдары алдын ала бағалануы қажет.
Депутаттар заң қабылдаумен қатар сайлаушылар мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Өңірлер мәселелерін республика деңгейіне шығарып, түрлі әлеуметтік топтар мүдделерін ескеріп, атқарушы биліктің қызметіне пәрменді парламенттік бақылау жүргізеді. Бұл қазіргі заманғы заң шығарушы орган жұмыстарының өзекті құрамдас бөлігі. Сондықтан жаңа депутаттық құрамның жұмысы қабылданған заңдар сапасы және қоғамдағы нақты мәселелерді шешуге қосқан үлесінен көрінеді. Бүгін халық осы нәтижені күтіп отыр.
– Сайлауда бақ сынайтын партиялар белгілі болды. Саясатттанушы ретінде партиялардың бәсекеге қабілетін қалай бағалар едіңіз?
– Партиялық саясаттың бәсекеге қабілеті заманауи демократияның барометрі. Бәсекелестік партиялық жүйенің негізін құрайды. Тұжырым демократияның негізгі алғышартын көрсетеді, яғни сайлау азаматтарға келешекті таңдауға итермелейді. Кейбір партиялық жүйелерде қағаз жүзінде көптеген таңдаулар ұсынылады, бірақ сайлау бәсекелестігі жоқ. Бір партиялық жүйелер бәсекеге қабілетті болуы мүмкін, бірақ жетекші партиялар сайлаушыларға барлығына ортақ идеялар мен ауыспайтын көшбасшыларды ұсынады. Осы ерекшеліктер үйлесімі бір партиялық жүйені екіншісінен ажыратады және демократияның атқарып жатқан қызметін көрсетеді.
Саясаттанушы ретіндегі пікірім, партиялардың бәсекеге қабілеттілігін олардың сайлауалды бағдарламаларымен анықтай алмаймыз. Негізгі көрсеткіштерге сайлаушылармен тұрақты жұмыс істеу деңгейі, өңірлердегі әлеуеті, азаматтардың нақты мәселелерін шешуі және электорат сеніміне ие болуы жатады. Қазақстандағы партиялық жүйесіндегі соңғы реформалар саяси алаңдағы бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік берді. Дегенмен, партиялардың идеологиялық ұстанымдарынан бөлек, қоғамдық қолдау мен ұйымдастырушылық күші ерекше басымдыққа ие.
Тамыздағы сайлауда әр партия өзінің электоралдық базасын сақтап қалу және кеңейтуге ұмтылатыны анық. Бірі әлеуметтік саясатқа басымдық берсе, енді бірі кәсіпкерлікті қолдау, өңірлік даму мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру мәселелерін дамытуға тырысады. Сондықтан сайлау бағдарламаларының мазмұны, берілген уәделердің орындалу тетіктері де шешуші мәнді иеленеді. Демократиялық қоғамдағы ең маңызды компонент партиялар арасында шынайы саяси бәсекенің болуы. Егер әрбір саяси күш өз ұстанымын дәлелді ұсынып, қоғаммен ашық диалог жүргізе алса, сайлаушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтеді және Құрылтай жұмысының сапасын арттырады.
– Қоғам партиялардың атауы мен жетекшісіне мән береді де, олар ұсынған бағдарлама назардан тыс қалып жатқандай. Яғни партиялардың бағдарламасын оқып, талдау жағын әлі де үйренбеген сияқтымыз…
– Расында бұл барлық елге тән құбылыс. Көптеген елде сайлаушылардың кейбір бөлігі партияның бағдарламасына қарағанда, оның көшбасшысы, танымал тұлғалары мен имиджіне назар аударады. Өйткені бағдарламаны толық оқып, ұсыныстардың жүзеге асу мүмкіндігін бағалау саяси сауаттылықты талап етеді. Дегенмен, демократиялық қоғамда сайлаушының таңдауы партияның нақты бағдарламасына негізделеді. Жоғарыда айтылған пікірде бәсекелестікке қатысты айтылды, бірақ, сайлаудан кейін орындалатын міндеттемелер дәл сол құжатта көрініс табады. Сондықтан бағдарлама – партияның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көзқарасын көрсететін негізгі саяси құжат.
Кейде сайлауалды бағдарламалар тек сарапшы түсінетіндей жалпы сипатта жазылады немесе нақты іс-әрекет тетіктері жеткілікті көрсетілмейді. Егер бағдарламалар қарапайым тілде жазылып, мақсаттар, мерзімдер және күтілетін нәтижелер айқын көрсетілсе, азаматтардың бағдарламаны оқуға қызығушылығы артуы мүмкін. Бірақ барлық электорат оқып шығады дей алмаймын. Демек, мәселе сайлаушылардың бағдарламаны талдауында емес секілді. Саяси мәдениет, азаматтық білім және партиялардың қоғаммен коммуникациясының да ықпалы бар. Сайлау мәдениеті дамыған сайын азаматтар партиялар аты, төрағасы, ұсынған бағдарламасының мазмұны, шынайылығы және орындалу мүмкіндігін түсіне бастайды. Процесс демократиялық құндылықтарды дамыта түседі.
2022 жылы жарияланған мақаламда Қазақстан Республикасындағы саяси партиялардың 1999 жылдан 2021 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламалары мен ұрандары қарастырылып, әрбір сайлау науқанында көтерілген көзқарастар мен ұрандар талданды. Нәтижесінде еліміздегі саяси партиялардың сайлауалды тұғырнамаларына шолу жасалып, әлеуметтік мәселелер айқындалды. Сайлауға қатысқан саяси партиялардың әлеуметтік мәселелерді көтеру тақырыптары салыстырылып, таңдауға ықпалы жүйеленді.
Сонымен қатар саяси ғылымдарда электроралды мінез-құлық теориясы қалыптасқан. Қазіргі заманғы саясаттанушылар сайлаушылардың қалай дауыс беретінін түсіндірудің төрт негізгі тұжырымдамасын ұсынады: «Адам қалай өмір сүрсе, солай ойлайды» идеясына негізделген әлеуметтанулық модель; дауыс берушінің ішкі көзқарастарына бағытталған әлеуметтік-психологиялық модель; қысқа мерзімді факторларға назар аударатын сайлау науқаны үстемдігі теориясы. Осы тұста төртінші рационалды таңдау теориясы сайлаушыны өз пайдасын барынша арттыруға тырысатын өзімшіл тұтынушы ретінде қарастырады. Азамат бағдарламасы оған ең аз шығынмен өміріндегі ең үлкен материалдық жақсартуды уәде еткен кандидатқа немесе партияға дауыс береді. Сондықтан сайлаушының ұзақ жазылған тұғырнамаларды оқуға ынтасы жоқ, пайданы көздейді немесе өзгенің ықпалы болады.
– Қоғамда көп талқыланып жатқан тақырып – әртістер мен блогерлердің кандидат ретінде ұсынылуы. Бұл ел назарын аудару үшін жасалған технология ма, әлде саналы шешім бе?
– Өмірде болып жатқан барлық өзгерістер таңдаған технологиямен ауысады. Белгілі бір жетістікке жетуге қойылған талаптар тайм-менеджментпен қатар, қалай жетемін технологиясына сүйенеді. Саясатта да қоғаммен байланыс, пікір туындатуда саяси технологиялар қолданылады. Демек, технология қолданылды және елімізде алғаш рет қолданылып отыр дей алмаймыз. Қоғамда көп талқыланып жатқанына келсек, әлеуметтік желі беріп жатқан мүмкіндіктер және көзқарастарын білдіре алатын қолданушылар саны артты.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, саясатқа өнер, спорт, медиа саласынан танымал тұлғалардың келуі қалыпты ахуал. Сондықтан әртістер мен блогерлердің кандидат ретінде ұсынылуын саяси технология немесе саналы шешім деп бағалау біржақты болар еді. Біріншіден, саяси партиялар қоғамда танымал тұлғаларды сайлау науқанына тартуда электоралдық қолдауын жетілдіру және сайлаушылардың назарын аударуды көздейді. Таң қалатын, талдайтын мәселе көріп тұрғаным жоқ, өйткені бұл демократиялық елдерде кеңінен қолданылатын саяси коммуникацияның бір тәсілі. Екіншіден, кандидаттың танымал болуы оның тиімді жұмыс істейтінін білдірмейді. Конституцияның 52-бабының 1 тармағында жазылғандай, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы». Сондықтан депутаттан саяси-құқықтық сауаттылық, мемлекеттік басқару мәселелерін түсіну, қоғамдық мүддені қорғау қабілеті және заң шығару жұмысына белсенді қатысу талап етіледі. Егер кандидат осы талаптарға сай келсе, оның бұрынғы кәсібі шешуші фактор болмауы тиіс.
Сондықтан мәселені «әртіс пе, блогер ме?» деп көтермей, «ол Құрылтайда қоғамның мүддесін қаншалықты қорғайды, заң шығару жұмысына қандай үлес қоса алады?» сенімімен бағалау әлдеқайда дұрыс. Сайлаушының таңдауына да кандидаттың танымалдығы жеткіліксіз, ең алдымен саяси партияны қолдауымен өлшенеді. Сайлаудан кейін партиялар депутаттыққа үміткерлердің кәсіби дайындығы және қоғамдық жауапкершілігіне байланысты негізделген шешім қабылдайтындығына сенеміз. Мұның барлығы саяси мәдениеттің маңызды көрсеткіші.
– Қоғамның саяси мәдениетіне қандай баға берер едіңіз?
– Кейде «қоғамдық өмірдегі барлық процестерге неге саясаттанушының пікірі қажет?» деп ойлаймын. Мәселен, Президенттің жыл сайынғы Жолдауларында ел өмірін дамытудағы барлық салалардың келешегі талданады, ілгерілету бағыттары ұсынылады. Демек, логикам дұрыс болса, барлық азамат көзқарастарын білдіріп, талдағаны дұрыс. Сол кезде саяси мәдениет жоғары деңгейде деп бағалар едім.
Қазақстан қоғамының саяси мәдениеті дамып келеді деп айтуға болады. Азаматтардың мемлекеттік шешімдер, сайлау үдерістері, қоғамдық талқылауларға қызығушылығы жоғарылағаны байқалады. Әсіресе, әлеуметтік желілердің дамуы саяси ақпараттың қолжетімділігін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық пікір қалыптастыруға белсенді араласуына мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары әлеуметтік желілердегі, оның ішінде «Facebookтегі» әкімдіктердің ресми парақшаларындағы наразылық белгілері бар пікірлерді зерттеп келемін. Бірнеше зерттеулерім жарық көрді. «Facebook» әлеуметтік желісіндегі мониторинг нәтижесінде анықталған негативті және наразылық сипаттағы пікірлердегі негізгі тақырыптар талданған зерттеуіміз осы жылы жарияланады. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, пікірлерді талдау әдісі тиімді көрінді. Бір қынжылтатыны, саяси тақырыптағы мәселелер бойынша наразылық пікірлерді көбіне фейк-аккаунттар жазып, қоғамда дүрбелең туғызады. Өзі ашық жаза алмайтын, батылы жоқ мұндай желі қолданушылар психикасын түсіне алмадым. Мұндай адамдармен ортақ қоғамдық өмір үрей туғызады. Өйткені жалған аккаунтта кез келген адам отырады, тіпті, билікті мақтап, өзге парақшада даттап отыратын әріптесің де болуы ықтимал.
Саяси мәдениет саяси қатысу және саяси жаңалықтарды бақылаумен өлшенбейді. Саяси мәдениет азаматтардың мемлекеттік институттарды түсінуі, өз құқықтары мен міндеттерін білуі, түрлі саяси көзқарастарға құрметпен қарауы және қоғамдық мәселелерді өркениетті диалогпен талқылай алу дағдысымен сипаттауға болады.
Әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті. Кей жағдайда саяси таңдау нақты бағдарламалар мен идеяларға сүйенбей, эмоция, жеке тұлғалардың танымалдығы және қысқа мерзімді ақпараттық ықпалға сүйеніп жатады. Мәселе цифрлық ақпарат кеңістігінің ықпалы күшейген көптеген елдерге ортақ үрдіс. Сондықтан саяси мәдениет сайлау немесе реформамен қалыптаспайды. Бұл ұзақ мерзімді үдеріс. Оның дамуына сапалы азаматтық білім, тәуелсіз сараптаманың күшеюі, ашық қоғамдық пікірталас және мемлекеттік институттарға сенімнің артуы ықпал жасайды. Азаматтар саяси процестерге жауапкершілікпен қатысқан сайын демократиялық қағидалар да нығая түседі. Сондықтан басты міндет саяси белсенділікпен қатар, саяси сауаттылықты да арттыру қажет. Университетте «Саясаттану» курсын жүргізгенде зерттеу нәтижелерін ұсынғанда студенттердің саяси мәдениеті мен сауаттылығын жоғарылатуды ойлаймын.
Сұхбат Құрылтай сайлауына байланысты болғандықтан, абсентеизм туралы да айтқан дұрыс шығар. Соңғы өткен төрт Президент және Парламент сайлауын салыстырып көрелік. Мәселен, 2011 жылғы Президент сайлауына сайлаушылардың 89,98, 2015 жылы – 96,81, 2019 жылы – 77,50 және 2022 жылы – 69,44 пайызы қатысты. Ал Парламент сайлауында бұл көрсеткіш 2012 жылы – 75,45, 2016 жылы – 77,1, 2021 жылы – 63,3, 2023 жылы – 52,90 пайызды құрады.
Деректер бір ғана тенденцияны көрсетеді, сайлаушылардың электоралдық белсенділігі жылдан-жылға төмендеп келеді. Демек, қоғамда саяси абсентеизмнің күшеюі байқалады. Әсіресе, Парламент сайлауындағы қатысу деңгейінің 50 пайыз шамасына дейін төмендеуі азаматтардың өкілді билікке қызығушылығы мен сенімінің әлсірегенін аңғартады. Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауының басты міндеттерінің бірі азаматтардың сайлау процесіне сенімін қалыптастыруды жалғастыру қажеттілігімен байланысты секілді.
– Құрылтайдан не күтесіз?
– Құрылтайдан сапалы заң қабылдау және қоғамның өзекті мәселелеріне дер кезінде жауап бере алатын қызметті күтемін. Жаңа депутаттық құрам халықтың сенімін ақтап, әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық дамуға ықпал ететін өкілді орган болғанын қалаймын.
Меніңше, Құрылтайға қойылатын басты талап – қоғамның сенімін нығайту. Қазір азаматтардың мемлекеттік институттарға қоятын талабы бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Халық саяси ұрандарға мән бермейді, нәтиже күтеді. Егер Құрылтай қоғамда көтеріліп жүрген мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал ете алса, беделін де, өкілді билікке сенімді де арттырады. Сонымен қатар жаңа депутаттық құрамнан саяси пікір алуандығының күшейгенін көргім келеді. Құрылтайда түрлі көзқарастардың ашық талқылануы кез келген демократиялық процестердің табиғи белгісі. Түрлі пікірлердің болуы әлеуетті шешім қабылдауға мүмкіндік беретін фактор.
Тағы бір мәселе, сабақтастық пен жаңашылдықтың үйлесуі. Жаңа депутаттар тың идеялар мен жаңа тәсілдер ұсынса, тәжірибелі депутаттар институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Осы екі фактор тиімді үйлескен жағдайда ғана Құрылтай өз әлеуетін толық пайдалана алады. Сондықтан Құрылтайдан қандай да бір сенсациялық өзгерістерге қарағанда, саяси институт ретінде кәсібилене түскенін күтемін. Өйткені демократиялық ілгерілеудің табысы тұрақты дамумен өлшенеді.
– Кейінгі кезде «ықпалды Парламент» термині қалыптасқаны белгілі. Құрылтайдың ел мүддесіне қызмет ететін ықпалды болуы үшін қандай талаптар орындалуы тиіс?
– «Ықпалды Парламент» мемлекеттік саясатқа ықпал ете алатын Парламент. Оның ықпалы атқарушы билікпен тиімді жұмыс, қоғамдық пікірге құлақ асу және мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға қосқан үлесінен көрінеді.
Ең алдымен, Парламенттің дербестігі маңызды. Депутаттар заң жобаларын қолдап, кәсіби саралап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіп, қоғамға қажетті шешімдер ұсына алуы керек. Парламенттік пікірталастың сапасы артқан сайын қабылданатын заңдардың да сапасы жоғарылайды.
Екіншіден, маңызды талап парламенттік бақылаудың тиімділігі. Демократиялық мемлекеттерде Парламенттің негізгі функцияларының біріне Үкімет қызметіне бақылау жасау жатады. Үкімет жұмысына сын айтуға көп назар аудармай, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бағалау, бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалау және атқарушы биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге мән берген жөн.
Үшіншіден, Парламент қоғаммен тығыз байланыста болуы қажет. Азаматтардың ұсыныстары мен сарапшылардың пікірлері заң шығару процесіне жүйелі түрде енгізілген кезде ғана қабылданатын шешімдердің маңыздылығы артады. Қазіргі таңда дәлелге негізделген саясат қағидасы көптеген дамыған елдердің парламенттік тәжірибесінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Қазақстан да осы бағытты күшейткені жөн.
Сондықтан «ықпалды Парламент» ұғымын кәсібилік, ашықтық және қоғамның сеніміне ие болуымен байланыстырған дұрыс. Егер осы қағидалар толық іске асса, Құрылтай елдің стратегиялық дамуына нақты ықпал ететін мемлекеттік институтқа айналады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
PS. Сұхбатта айтылған зерттеулермен танысқысы келетін оқырмандар болса, толық мәліметтері төменде.
1. Nassimov М.О. Election programs and political slogans in Kazakhstan // Codrul Cosminului. – 2022. – №28(1). – Р. 115–144. https://doi.org/10.4316/CC.2022.01.06
2. Nassimov М.О. Protest comments on Facebook after the “January Tragedy” of 2022 in Kazakhstan (the first 7 days after the resumption of wired and mobile internet) // Balkan Social Science Review. – 2025. №25. – Р. 375–407. https://doi.org/10.46763/BSSR252525375n
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!