Ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттің жіті назарында. Себебі жайлы жол, таза су, жарық жергілікті халық үшін маңызды мәселе. Ел үшін игілікті істер Ақжарма ауылдық округінің Баймұрат батыр және Талдыарал ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Мәселен, ұзындығы 3,15 шақырым болатын 5 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға 69,8 млн теңге қаржы бөлініп, мерзімінде ел игілігіне беріліп, ақжармалықтар алғысын жаудырды. Баймұрат батыр ауылында 4,3 млн теңгеге салынған балалар ойын алаңы жөнделіп, балақайлардың думанды мекеніне айналды. Ақжарма ауылындағы өзге де атқарылған жұмыстар туралы Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев қала әкімдігінің баспасөз алаңында өткен брифингте айтты.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, биылғы жылдың ең сүйіншілейтін жаңалығы – Талдыарал елді мекеніндегі су тарату насос станциясы құрылысының басталуы. Бүгінде мердігер мекеме «Бақ-Береке» ЖШС болып танылып, облыстық бюджеттен 64 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс қарқынды жүргізілуде.
– Ауылдық округте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының, көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын үнемі назарда ұстау мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп, шешімін табу бағытында біршама жұмыс атқарылып келеді. Жыл басынан 17 отбасына әлеуметтік көмек төленді. Өздеріңіз байқап отырғандай жыл сайын әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны азайып келеді. Бұл үрдіс азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру және түрлі мемлекеттік бағдарламаға тартуға байланысты дер едім. Жыл сайыңғы үрдісіміз бойынша 1 Маусым балалар күніне орай орталық алаңда «Балаларға қуаныш сыйлайық» атты қайырымдылық шарасы өтті. Онда кішкентайлар би билеп, өлең айтып, ойын ойнап, жеңімпаздарға сыйлық таратылды. Ауыл кәсіпкерлерінің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға және ерекше балаларға түрлі ойыншықтар мен балмұздактар таратылды, – дейді ауыл әкімі.
Сонымен қатар ауылдың мәдени өмірінде де өркендеу бар. Ақжарма мәдениет үйінде 5 үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында «Сыр Орда» вокалды аспапты ансамблі, «Сәулем-ай» әжелер ансамблі, «Әуен-ән» үйірмесі, «Көркем сөз оқу» үйірмесі, «Мерей» би үйірмесі, «Қолөнер мол – өнер» қолөнер үйірмесі бар. Ал кітапсүйер 1355 оқырман №9,10 кітапханада 36 мыңға жуық кітап қоры бар.
– Алдағы жоспарымыз Баймұрат батыр ауылындағы 3 көшені орташа жөндеу, демеушілікпен жабық спорт кешенін салу, Талдыарал елді мекеніндегі Т.Қоңырбаев көшесінің аяқ жағын жарықтандыру, алма бақ егу, көшеге көшет талын отырғызу, шарбақтау, аяқсу келтіру үшін жоғары қысымдағы насос алу. Бір сөзбен айтқанда, мақсатымыз – ауылдың сұлу келбетін қалыптастырып, абаттандыру, гүлдендіру, – дейді ауылдық округ әкімі.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!