Жұма, 23 мамыр, 07:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37,2150
20.05.2025
PDF мұрағаты

Ойлы бала – ел болашағы

23.05.2025

76 0

Қазіргі қоғамда «жастар кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылады. Өкінішке қарай бұл- ащы шындық.Бұрынғы кезде кітап – адамның сырласы, ой серігі, рухани азығы саналса, бүгін оның орнын әлеуметтік желі алмастырды. Кітап оқуға қызықпайтын буын қалыптасып келе жатқанына қарап, бұл үрдіс жалғаса берсе, ертеңгі қоғам рухани жұтаң ұрпаққа айнала ма деген ой еріксіз мазалайды. Өйткені кітап – адам жанын тәрбиелейтін, көзін ашатын, көкжиегін кеңейтетін қайнар бұлақ. Кітап – ойдың, тәрбие көзінің,мәдениеттің алтын кілті

 Кітаптан алыстаудың себептері әртүрлі. Біріншіден, ата-аналар өздері баласына кітап оқуға бағыт бермейді. «Баламның тамағы тоқ, көйлегі көк, болса болды.» деген сөзді  үлкендердің аузынан жиі естиміз. Бұл – ең үлкен қателік. Балаға материалдық жағдайдан бұрын рухани тәрбие керек. Ал рухани тәрбие – кітаптан басталады. Екіншіден, қазіргі жастардың көпшілігі оқу дағдысынан алыстаған. Кітап оқу – еңбек, терең ойды қажет ететін үрдіс. Ал телефондағы желі – лезде көңіл көтеретін, аз уақыт ішінде миға артық күш түсірмей, қанағат сезімін беретін құрал. Бірақ оның ешқайсысы шынайы дамуға апармайды. Қазіргі жастар әдебиеттен, тарихтан, классикалық шығармадан гөрі, секунд сайын жаңарып отыратын интернет контентке үйір. Бұл – олардың терең ойлануына, талдау жасауына, сөздік қорын дамытуына, ең бастысы – адамгершілік пен рухани байлыққа ұмтылуына кедергі.

 Дегенмен жағдайды түзеуге болады. Ол үшін ең алдымен, ата-ана мен ұстаздар үлгі болуы тиіс. Үйде бала кітап оқысын десең, өзің де кітаппен дос болуың керек. Мектепте оқушыларға кітапты міндет ретінде емес, өмірлік серік ретінде таныта білу қажет. Кітапты сүю – жүректен келетін құндылық. Қоғамда «оқысаң – озасың» деген ұғымды жаңғырту қажет. Бір ғана мысал, әлемге әйгілі ІТ саласының мамандары, табысты кәсіпкерлер – бәрі де кітаппен дос адамдар. Олар технологияны дамыта отырып, кітапты тастаған емес. Өйткені олар кітап – терең ой мен білімнің бастауы екенін жақсы түсінеді. Сол себепті, біз де өз болашағымызды жарық қылғымыз келсе, ұрпағымызды кітаппен қайта табыстыруымыз қажет. Себебі кітап оқитын бала – ойлы бала. Ойлы бала – ел болашағы.

                                                                                                            Аймерей НҰРЛАН,

                                                         Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

                                                           Журналистика мамандығының 1-курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: