Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Құтқарыңызшы!

05.06.2021

938 0

Жаз басталса елдің су айдындарынан сая іздейтіні белгілі. Әсіресе, суға түсуге десе, балалардың қуанаты­ны белгілі. Биыл да күннің күрт ысуына байланысты су айдындарына барушылар қатары көбейген. Өкініш­ке орай соңғы күндері жасөспірімдердің суға кету дерегі артып отыр.

Ережені ескеріңіз!

Жаз басталмай жатып, суға кеткендер неге көп? Балалар бақылаусыз қалды ма? Мәселенің мәнісін қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Сүндетәлі Жанайдархан тарқатып айтып берді.                                       

– Азаматтардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету – біздің басты бағыттарымыздың бірі болып табылады. Қазір күнделікті қадағалау жұмыстары қатаң түрде жүргі­­зілуде. Бір айта кетерлігі, суға кеткен балалар мектеп оқушылары екені анықталып отыр. Суда қаза болу жағдай­ларын саралағанда аталған 4 оқиға да «Сталин» каналының белгіленбеген аймақ­та­рында және адам жүруге арнал­маған көпірден өту кезінде орын алған. Жаздың аптап ыстығында жасөспі­рім­дердің суға кету жағдайының  алдын алу мақсатында тыйым салынған жерлерге күн сайын рейд жүргізілуде. Сонымен қатар құзырлы органдармен бірлесіп арнайы тақтайшалар дайындалып, қауіпті аймақтарға орнатылуда. Суға түсу мау­сымы басталғалы бері үгіт-насихат жұ­мыстары үзіксіз жүргізіліп келеді. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейд барысында белгіленбеген аймақта суға шомылған 3 адамға әкімшілік хаттама тол­тырылып, ескерту жасалды. Олардың бірі су айдындардағы қауіпсіздік қағидаларын бұзса, бірі тыйым салынған орындарда суға шомылғаны анықталды. Суға түсуге барған адам қарапайым қағидаларды ескеруі керек. Бұл әрбір адамға өзінің бас амандығы үшін қажет. Демалыс орындарындағы су айдынына барғанда мас күйде суға түсуге, қайықтардан, катерлерден суға секіруге, жүзу шегін білдіретін белгілерден асуға болмайды. Ең бастысы балаларды қараусыз қалдыр­мау қажет. Балалардың суға кету оқиға­ларының жиілеуі суға ересектермен бірге бармауынан болып отыр. Баласының болашағын ойлаған әр ата-ана осыны есте ұстағаны жөн. Тө­тенше жағдайлар қызметкерлері де суға шомылу маусымы басталғалы тынымсыз жұмыс режиміне көшті. Қала іргесіндегі су айдындарының көбі шомылуға арналмаған. Тек қана Н.Назарбаев даңғылының бойын­дағы «Арай» жағажайы мен Белкөл кентіндегі орналасқан жағажайда ғана суға шомылуға рұқсат етілген. Бұл екі жерде де барлық заңдылықтар қатаң түрде сақталған. Және қадағалау жұмыстары үзіксіз жүргізілуде. Соған қарамастан балалар да, ересектер де өзге жерлерге барып суға шомылатындары жасырын емес. Сондықтан жаз уақытында балалардың қай жерде немен айналысып жүргенін назарда ұстау керек. Оларды су жағасына жалғыз жіберуге болмайды, – дейді ол.

«Апталықтың» ақпараты

Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қор­ғаныс және әскери бөлімдер комитетінің мәліметінше, биыл 5 айда еліміздің су айдындарында 34 бала қайтыс болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 67 процентке артық. «Қайғылы оқиғаның басты себебі – ата-аналардың баласын қараусыз қалдыруы, балалардың тыйым салынған жерлерде шомылуы», – дейді комитет төрағасы Бауыржан Сыздықов.

Облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің мәліметі бойынша 2 маусым күнгі ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері құт­қарушылар судан 17 адамның денесін алып шықты. Соның 11-і балалар екені анықталып отыр.

Көзбен көріп, көңілге тоқыдық

Иә, бүгінде суға шомылушылар қатары көбеймесе азаймай отыр. Біз мақала жазу барысында «Мерей» шағын ауданы тұсындағы су алаңына мамандармен бірге бардық.

Өрт сөндіру және авариялық құт­қару жұмыстары қызметінің мамандары Нұрлан Маханбетов пен Бейімбет Айтпанов балаларды дария жағасына суға жібер­меу үшін күзетіп тұрғанын жеткізді. Олар­дың айтуынша, мекеме қызметкерлері қала аумағын­дағы төрт су айдындарына бөлініп бекітілген. Адам амандығы үшін ұйықтамай жұмыс істеуді міндеттері санайды. Дегенмен олардың да айтар өз бұйымтайлары бар. Тыңдадық…

Балаларға жағдай жасалса

– Қазіргі таңда осындай рейд жұмыстары күнделікті екі топпен жүргізілуде. Әр адам өзін де, балаларын да қайғы­лы оқиғалардан, қауіп-қатерлерден сақтандыруы тиіс. Олар айтылған ескертулерге құлақ аспастан, жайбарақат барып суға түседі. Рейд барысында жағалаулар зерттеліп, нұсқау берілуде. Жаз мезгілі болғандықтан балалардың суға шомылуға асығатынын түсінеміз. Алайда суға түсудің соңы қайғылы жағдайға душар ететінін қаперден шығармау керек. Соңғы уақытта орын алған жағдайлар жаға ұстатарлық. Бұл – жақсы көрсеткіш емес. Дегенмен тиімді және уақытылы қабылданған шаралардың ар­қасында апатты жағдайлардың алдын алып отырмыз. Балаларға суға түсу ережесін жиі түсіндіру керек. Су айдындарында адамдардың қаза болуының себептері әртүрлі. Көпшілігі суға түсу қауіпсіздік қағидалары туралы білетіндігін айтып, рұқсат етуін талап етеді. Жоғарыдағы ережелердің барлығы тектен-текке айтыла салған жай сөз емес. Оның бәрі де төтенше жағдайлар комитеті арқылы бекітілген. Осындай міндет жүктелгелі құзырлы орын­дардың қызметкерлері табанынан тозып, түрлі тиімді шараларды жүзеге асырып жатыр. Бізбен бірге ерікті топ мүшелері де жұмысқа тартылып, арнайы жедел-құтқару жасақтарында оқудан өтті. Балаларға арнап тегін суға шомылу алаңдарын көптеп салып берсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің мамандары.

Алғашқы көмек қандай болуы керек?

Суға кеткен адамды құтқарғаннан кейін алғашқы көмек қандай болу керек? Мұны біреу білсе, біреу біле бермейтіні белгілі. Осы сауал бойынша облыстық «Жедел-жәрдем» стансасының оперативті бөлімінің аға дәрігері Ләззат Медетовадан сұраған болатынбыз.                           

– Әрине, мұндай жағдайға ешкім де душар бол­масын. Алайда мұндай келеңсіздік кездескен кезде алдымен жәбірленушіні құрғақ жерге алып шыққан жөн. Егер суға шашалып, есінен танып қалса, ондай жағдайда оны ішімен өз тізесіне жатқызу керек. Бұл судың өкпе мен асқазаннан ағып кетуіне септігін тигізеді. Ал егер адам бірден есін жимаса, оған «ауыздан-ауызға» жасанды дем берген жөн. Бұдан кейін де тамыр соғысы байқалмаса, жүрекке жасанды массаж жасау қажет. Ол үшін екі қолмен яғни бір қолды екінші қолдың үстіне жүрек тұсындағы кеудеге жеткілікті түрде қатты және екпінмен басу керек. Массажды жасанды дем берумен кезектестіріп отырған жөн. Зардап шеккен адам ес-түссіз жатқанда, «жедел жәрдем» көмегі келгенше үздіксіз қайталап отыру қажет. Тіпті адам есін жинап демалысы мен тамыр соғысы қалыпқа келгеннің өзінде оған медициналық көмек қажет болуы әбден мүмкін. Кей кездері асқынулар туындап жатады. Сол себептен оны дәрігер қарауына берген жөн, – дейді облыстық «Жедел-жәрдем» стансасының оперативті бөлімінің аға дәрігері Ләззат Медетова.

Мұнда суға түсуге болмайды!

Жаз айының басталғаны кеше ғана. Ендеше шомылу маусымы әлі де жалғасатыны жасырын емес. Сол се­бептен қауіпсіз шомылу ең алдымен әрбір адамның жауапкершілігіне байланысты. Дегенмен қала аймағында суға түсуге тыйым салынған жерлерді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қауіпті аймақтар қатарында: «ПМК – 29» сая­жайы тұсындағы Сырдария өзенінің жағалауы. Жаңадария каналының тұсы. «Сабалақ» саяжайындағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолындағы көпір тұсы. Шіркейлі көпірінің тұсы. «Эделвейс» сая­жайының тұсы. «Ягодка» саяжайындағы Сырдария өзенінің жағалауы. Облыстық өкпе аурулар ауруханасы тұсындағы Сырдария өзенінің жағалауы. «Мерей» мөлтек ауданы тұсындағы Сырдария өзенінің жағалауы. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Сырдария өзенінің жағалауы. «Сыр ана» монументінен Жасақ базасына дейінгі арақашықтық. Тасбөгет кенті тұсындағы Сырдария өзенінің жағалауы. «Сталин» каналының бойы, Тасбөгет кентінің кіреберіс тұсы. «Саяхат» шағын ауданы «Тұран» газ тұсы. Белкөл кентіндегі көпір тұсы. «Р-1» каналы шлюздерінің маңы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: