Кеше еліміздің барлық мектептерінде түлектер үшін соңғы қоңыраудың сылдыры естілді.
Биыл оқу жылын еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11 сынып түлектері.
Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді.
Осыдан он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер он жеті-он сегіздегі бозбала мен бойжеткен жасқа жетті. Бүгінгі күні олар бір-бірімен, ұстаздарымен, мектебімен қимастықпен қоштасты. Осы жылдардың адам өміріндегі маңызы ерекше. Үлкен өмірге қадам басады. Сол сәтте өткен күндердің белгісі – мектеп қоңырауына сағыныш оянады. Сол сыңғырлаған қоңыраудың үні соншалықты тәтті, соншалықты қимас үн болатынын түлектер алдағы уақытта сезінеді.
Облыс орталығында биыл 4 436 жас түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Қала әкімі Нұржан Ахатов Б. Момынбаев атындағы № 278-ші IT мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, жас түлектерге жылы лебізін жеткізді.
– Биыл оқу жылын 1-11 сынып аралығындағы 80 621 оқушы аяқтаса, оның 4 436-ы мектеп түлектері. Ал, озат 409 оқушы «Алтын белгіге», 442 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Міне, біздің білімді ұрпақтың деңгейі жыл санап өсіп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты» деген болатын. Бұл бастама баршаға басты бағдар және кемел келешектің кілті – білімде екенін білдіреді. Бұл жолда ерен еңбегін сарп еткен ұстаздарға ризашылығым шексіз. Балалардың тәрбиесін тыңғылықты қадағалап, білімге дәріптеген ата-аналарға алғысымды білдіремін, – деді қала әкімі.
Айта кеткен жөн, қаламызда жастардың толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Білім беру сапасы жылдан-жылға артып келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде жасампаз жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде өскелең ұрпаққа арнап салынған әлеуметтік нысандар жетерлік.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!