Сейсенбі, 26 мамыр, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Ветеринария – салғырттықты көтермейтін сала

26.05.2026

40 0

Қазақ үшін төрт түлік – дәулет қана емес, ата-баба аманаты. Сондықтан оларға қамқорлықпен қарады.

Әсіресе ауру малдың аяққа тұруы үшін түрлі ем-шараны ойлап тауып, бүгінге дейін емдік жолды қалыптастырды.

Қазіргі отандық ветеринарлар ата кәсіпті жалғап келе жатқан шаруаларға қолғабыс етіп, мал басының көбеюіне атсалысуда.  Солардың бірі – Нұрдәулет Мәжит. 

«Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау» демекші, кейіпкеріміз бала күнінен мал бағып, қыр-сырына қанығып өскен. Осы қызығушылық бала Нұрдәулетті агротехникалық колледжге жетелеп, кейін кәсіби еңбек жолына жетеледі. Алғашқы қадамды «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен бастап, білікті ветеринарлардың жанында жүріп үйренді.

Кейіпкеріміздің салада жүргеніне 10 жылға жуықтады. Мамандығына деген сүйіспеншілігі зор жас дәрігер қазір Қарауылтөбе ауылдық округінде жұмыс істейді. Ма­мандығына адал ол бастысы төрт түліктің түгеліне тыныс сыйлауға асық. Оны маманның әңгімесінен аңғардық.

– Шыны керек, қазір жастардың бұл салаға қызығу­шылығы аздау. Бірақ менің ұстанымым – өзім үйренгенді өзімнен кейінгі жастарға үйрету, осы кәсіптің қадірін ұғындыру. Бұл сала салғырттықты көтермейді. Қиыншы­лығы көп саланың қыр-сырын жетік білу маңызды, – дейді жас маман.

Мал дәрігерінің күнделікті жұмысы қауырт. Мал иесі­нің қорасына барып, дерттің диагнозын қойып, ем-домын жасау үлкен жауапкершілік әрі күнделікті қалыпты дағдыға айналған. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстың ең үлкен жемісі – мал иесінің ақ батасы мен ризашылығы.

– Қарауылтөбе ауылының тұрғындарына басымды иемін. Олар кез келген саланың маманын, әсіресе ветери­нар­ларды ерекше сыйлайды. Халықтың осы құрметі бізге күш береді, – дейді ол.

Реті келгенде маманмен бірге кезекті шақыртуға бар­дық. Біз малы ауырған Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Рысбек Асқарұлының қорасына кірдік. Мүйізді ірі қара, уақ мал, аздаған жылқымыз бар деген ауыл тұрғыны «мал дәрігерлерінің көмегінсіз шаруамыз жүрмейді» дейді. «Мал ауырса көбіне температура көтерілгенде, жем жемей қалса, ақсаса немесе төлдей алмай жатса ветеринар шақыртамыз. Олар уақытында келіп қажетті кеңесін береді. Атадан қалған, қанға сіңген кәсіпті серік еткен ол «қазір мал ұстаған адам аш қалмайды. Өзімізге де пайдаланамыз, артығын сатып табыс көзіне айналдырып сүт, ет, қымыз сияқты өнімдерді де өткіземіз», – дейді шаруа.

– Мал ауырып қалса, шаруаның белі қайысып қалатыны белгілі. Сондықтан біз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанамыз. Қазақстанда мал шаруашылығы көп отбасы үшін негізгі табыс көзі. Мал шығынға батпас үшін ең алдымен уақытылы вакцина салдыру керек. Қораны таза ұстап, жем-шөбін дұрыстап беріп, ауырған малды бірден бөлек ұстап ветеринар шақырған дұрыс. Малдың амандығы үшін ветеринарға жиі жүгінеміз. Әсіресе екпе салдыру, тексерту, төлдеу кезінде немесе мал ауырса міндетті түрде шақыртамыз. Аурудың алдын алған дұрыс қой, – дейді ауыл тұрғыны Рысбек Сансызбай.

Міне, Нұрдәулет Мәжит секілді мал дәрігерлерінің ерен еңбегі бүтін ауылдың мал басын сақтап, халықтың қамсыз тірлігіне көмек беруде.

Бүгінде мал сою жай ғана үйреншікті іс емес, ол үлкен жауапкершілік пен қатаң ветеринариялық бақылауды талап етеді. Елімізде мал сою ісі «Ауыл шаруашылығы министрлігінің» арнайы қағидаларымен реттелген. Саты­латын ет үшін малды өз ауласында немесе бейберекет орындарда союға қатаң тыйым салынады. Бұл – жай ғана талап емес, індеттің алдын алудың басты жолы. Әрбір жануар есептік нөмірі бар арнайы мал сою пункттерінде немесе ет өңдеу кәсіпорындарында ғана сойылуы тиіс. Тазалық пен санитария талаптарын сақтау мақсатында әр округте жануар өлекселерін зарарсыздандыруға арналған арнайы биотермиялық шұңқырлардың болуы – қоршаған ортаның амандығы үшін жасалған маңызды қадам.

Уақыт керуені алға озған сайын, ауыл шаруашылығы саласы да заман ағымына бейімделіп, цифрлық жүйеге көшуде. Енді ауылдағы ағайынның малын тіркеу немесе сату үшін мекеме табалдырығын тоздырып, құжат арқа­лап жүретін күні артта қалды. «Ауыл шаруашылығы министрлігінің» бұйрығына сәйкес, 2025 жылдың 21 сәуірінен бастап жануарларды бірдейлендіру жүйесі мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Енді малды тіркеу, сату немесе сатып алу сияқты маңызды функциялар тікелей мал иесінің құзырына берілді. Шаруа өз смартфоны арқылы шаруашылығын үйден шықпай-ақ басқара алады. «Төрт-Түлік» қосымшасы арқылы әрбір сатылған немесе жаңадан алынған мал дер кезінде цифрлық жүйеге енгізіледі.

Қызылорда облысының ветеринария басқармасына қарасты «Қызылорда қалалық ветеринариялық станциясы» – аймақтың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адам мен жануарға ортақ аса қауіпті дерттердің алдын алады. Бауыржан Жәдігеров басқаратын бұл мекеме бүгін­де қала орталығынан бастап, 2 кент пен 7 ауылдық округ­тегі ветеринариялық пункттерде мамандар түн демей, күн демей қызмет етуде. Мемлекет тарапынан бөлінген арнайы препараттардың арқасында аймақта жүйелі түрде вакцинация жұмыстары жүргізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген еді. Мемлекет бұл саланы жетілдіруге аса мән бергенінің арқасында серпінді жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе, халық арасында «аусыл» немесе «бруцеллез» деген атпен белгілі қауіпті аурулардың алдын алу – басты назарда. Ветеринарлар облыстық зертханаларға малдың қан сынамаларын жеткізеді, себебі бұл қауіпті дерттерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Қалаға қарасты әрбір ауылдық округтерде ветерина­риялық пункттер жұмыс істейді. Малы ауырған тұрғын ветеринар дәрігерге хабарласады. Дәрігердің өзімен бірге ішіне ең қажетті деген дәрі-дәрмек салынған термо­чемоданы жүреді. Дәрігер науқас малды көріп шығып, ауру анықталғаннан кейін емдеуге кіріседі. Ветеринарлардың жұмысы жануар дүниеге келген сәттен-ақ басталады. Жаңа туған төлдерді сырғалап, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне енгізеді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ақпараттық жүйеде 69,7 мың бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген екен. Ал биыл­ғы жылдың 1 сәуір­дегі мәліметі бойынша 68,5 мың бас мал саны есепте. Оның ішінде 23,5 мың ірі қара, 23,6 мың уақ мал және 18,4 мыңнан астам жылқы мен  2,6 мың бас түйе бар. Мал басының амандығы үшін республикалық бюджеттен ветеринариялық препарат бөлініп, аймақтағы індет ошақтарының алдын алу үшін 7 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы алдын ала егу жұмыстары 100 пайыз орындалған. Биылғы жылы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті 7 түрлі дертке қарсы препарат қарастырылған.

– Қазірдің өзінде үш айлық жоспар шеңберінде вакцина ауылдық округтер мен кенттерге жеткізілді. Көктемгі мал төлдету және жайылымға шығару кезеңіндегі қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған егу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде, – дейді Қызылорда қалалық ветеринариялық станция эпизоотолог дәрігері Нұрбол Нағымадинов.

Ветеринариялық станцияның әрбір есебінің артында жүздеген маманның еңбегі, таңсәріден күн батқанға дейінгі қажырлы қайраты жатыр.

Думан КЕҢШІЛІК

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: