Химия әлемі қызыққа толы. Біз күнделікті қолданатын көптеген заттардың артында ғалымдардың еңбегі, ұзақ ізденісі, кейде тіпті күтпеген кездейсоқ оқиғалар жатыр. Бір қарағанда жай ғана сәтсіз тәжірибе болып көрінген жағдайлар кейін үлкен жаңалыққа айналған. Ең маңыздысы – ғалымдар сол ерекше құбылысты байқап, зерттеп, адамзатқа пайдалы жаңалық жасай білді.
Күлгін бояу дәрі іздеп жүріп табылды
1856 жылы жас химик Уильям Перкин безгек ауруына қарсы дәрі жасағысы келді. Бірақ тәжірибе сәтсіз болып, ыдыста қара түсті қалдық қалды. Перкин оны лақтырып тастамай, қарап көрсе, одан әдемі күлгін түс шыққан. Осылай әлемдегі алғашқы жасанды бояулардың бірі – күлгін мовеин пайда болды. Кейін бұл түс киімдерді бояуға қолданылып, күлгін түс сәнге айналды. Перкиннің жаңалығы химия өнеркәсібінің дамуына жол ашты.
Йодты ашуға мысық
себеп болды
Француз химигі Бернар Куртуа теңіз балдырларымен тәжірибе жасаған. Бір аңыз бойынша, зертханада оның мысығы секіріп, екі ыдысты құлатып жібереді. Заттар араласып, күлгін бу пайда болады. Ғалым бұл ерекше құбылысты байқап, зерттей бастайды. Кейін бұл зат йод деп аталды. Бұл оқиға кейде ғылымда ең қызық жаңалық күтпеген жерден пайда болатынын көрсетеді.
Тәтті дәмнен табылған жаңалық
1879 жылы химик Константин Фальберг зертханада жұмыс істеп болған соң тамақ ішеді. Сол кезде ол қолында ерекше тәтті дәм бар екенін байқайды. Сөйтсе, зертханада жасаған бір заты өте тәтті болып шыққан. Осылай сахарин деген жасанды тәттілендіргіш ашылды. Ол қанттан тәтті, бірақ қанттың өзі емес. Бұл жаңалық та кездейсоқ байқалған. Кейін сахарин қантты аз қолдануы керек адамдарға, соның ішінде диабеті бар адамдарға арналған тағамдар мен сусындарда қолданыла бастады.
Неге тамақ табаға жабыспайды?
Кейде табадағы тамақ қатты отта тұрса да, ыдысқа жабыспай піседі. Неге екенін білесің бе? Мұның себебі – табаның бетіндегі ерекше тайғақ қабат. 1938 жылы химик Рой Планкетт жаңа газбен тәжірибе жасап жүрген. Бір күні ыдыстың ішіндегі газ шықпай қалады. Ғалымдар ыдысты ашып қараса, ішінде ақ, ұнтақ пайда болыпты. Кейін бұл зат тефлон деп аталды. Қазір ол жабыспайтын табаларда, техникада және түрлі материалдарда қолданылады. Яғни асүйдегі кейбір табалардың артында да химиялық жаңалық жатыр.
Резеңке ыстық пештен кейін мықты болды
Бұрын табиғи резеңке ыстықта жабысқақ, суықта қатты болып қалатын. Чарльз Гудьир оны жақсартудың жолын ұзақ іздеді. Бір күні резеңке мен күкірт қоспасы ыстық жерге түсіп кетеді. Сол кезде резеңке бұрынғыдан мықты әрі серпімді болып шыққан. Бұл жаңалық вулканизация деп аталды. Қазір мықты резеңке аяқ киімде, көлік дөңгелегінде, допта және басқа да заттарда қолданылады.
Ғылымдағы әр жаңалық адам баласының қызығушылығынан басталады. Кездейсоқ ашылған химиялық жаңалықтар, айналадағы құбылыстарға мұқият қарасаң, қарапайым нәрсенің өзінен үлкен сыр табуға болатынын дәлелдейді. Сондықтан сұрақ қоюдан, ізденуден және жаңа нәрсені білуге талпынудан қорықпа.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!