Сейсенбі, 26 мамыр, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Жас сарбаз – жігерлі жастардың жарқын жолы

26.05.2026

36 0

Бүгінгі таңда ел ертеңі мен ұлттық қауіпсіздіктің берік негізі жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиет пен азаматтық жауапкершіліктің тереңдігімен өлшенеді. Қазақстанның әр аймағында ерлік пен өрліктің рухын ту еткен, бойында жігері, санасында ілімі бар жас буынды тәрбиелеу ісі мемлекеттік маңызы бар стратегиялық бағытқа айналды. Осы бағытта еліміздегі ең ірі әрі мазмұнды ұйымдардың бірі ретінде республикалық «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының атқарып жатқан рөлі ерекше. Бұл қозғалыс тек әскери дайындық мектебі ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды меңгерген, тәртіп пен білімді ұштастырған жастарды қалыптастырып келеді.

– «Жас сарбаз» қозғалысының басты мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, олардың бойында азаматтық жауапкершілік, тәртіп, ерік-жігер және елге қызмет ету құндылықтарын қалыптастыру. Сонымен қатар жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру да маңызды міндеттердің бірі. Әскери-патриоттық тәрбие тек әскери мамандыққа бағытталмайды. Ол ең алдымен жастардың азаматтық ұстанымын, қоғам алдындағы жауапкершілігін, заңға құрметін және белсенді өмірлік позициясын қалыптастырады, – дейді республикалық «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-пат­риоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев.

Қозғалыс қатарынан шыққан жастардың ара­сында бүгінде әскери оқу орындарында білім алып жүргендер де, әскери қызмет жолын таңдағандар да аз емес. Бұл «Жас сарбаз» жұмысының нақты нәтижесін көрсетеді.

Жас сарбаз – жігерлі жастардың жарқын жолы

– Қуантатын жайт, біздің тәрбие­ленушілердің басым бөлігі өз болашағын әскери қызметпен байланыстыруға ерекше ықылас танытып келеді. Олар әскерді саналы түрде таңдап, Отан қорғау жолын азаматтық парыз әрі абы­ройлы міндет деп біледі. 2025 жылғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқаны барысында «Жас сарбаз» қозғалысының 5 799-дан астам тәрбиеленушісі ерікті түрде мерзімді әскери қызметке аттанды. Бұл жас буынның ел қауіпсіздігіне, әскери тәртіп пен патриоттық құндылықтарға деген жауапты көзқарасының айқын көрінісі. Сондай-ақ әскери оқу орындарына түсіп жатқан жас сарбаздардың саны да жыл сайын артып келеді, – дейді Мейірбек Меңдіғалиев.

Қозғалыс төрағасының айтуынша, мұндағы тәрбиеле­нушілерінің жетістіктері көп. Мәселен, 2022 жылғы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының жеңімпазы, Жетісу өңірінің үздік жас сарбазы Сұлтан Серікұлы бүгінде Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының 4-курс курсанты атанып отыр. Ал Батыс Қазақстан облысындағы «Жас сарбаз» қозғалысы филиалының төрағасы болған Шафхат Жұмалиев Десанттық-шабуылдау әскерлерінде мерзімді әскери қызметін өтеп, кейін Құрлық әскерлерінің әскери институтын тәмамдаған. Ел қорғаны болуды мақсат еткен қыздардың да қатары көбейіп келеді.

– Мұндай мысалдар аз емес. Бұл «Жас сарбаз» қоз­ғалысының жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі, әскери қызметке қызығушылығын арттырудағы және ел қорғаны болуға баулудағы жұмысының нақты нәтижесін көрсетеді, – дейді қозғалыс төрағасы.

Жас сарбаз – жігерлі жастардың жарқын жолы

Қозғалыстың маңызды бағыттарының бірі – жастардың техникалық және зияткерлік қабілетін дамыту. Бұл ретте «Смарт сарбаз» үйірмелерінің орны ерекше. Аталған бағыт арқылы жас сарбаздар робототехника, дрон басқару, инновациялық жобалар және заманауи технологиялар саласында білімін жетілдіріп келеді.

– Жоғарғы Бас қолбасшының бастамасымен жүзеге асы­рылып жатқан «Смарт Сарбаз» бағыты қарқынды дамып келеді. Берілген тапсырмалар мен нақты міндеттердің нәтижесінде бұл бағыт жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Индонезия мемлекетінде өткен халықаралық «Nusantara Championship» робототехника чемпионатында «Смарт Сарбаз» командасы жүлделі III орынды иеленіп, ел мерейін асқақтатты. Ал биыл «Смарт Сарбаз» жас сарбаздары алғаш рет «Әлем Tech Fest» аясында арнайы топ болып, дрондар лигасына қатысып, өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. Соның бірі – осы өңірдің тумасы, Нұрасыл Шарипов «Үздік жас сарбаз – 2025»  атанды. Бұл жетістіктер жас буынның технология мен инновацияға деген қызығушылығының артып, еліміздің қорғаныс саласына заманауи серпін беріп келе жатқандығының айқын дәлелі, – дейді ол.

Еліміздегі ең ауқымды әскери-патриоттық іс-шаралардың бірі – «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны. Бұл жиын жыл сайын жас сарбаздардың білімін, төзімділігін, әскери дайындығын және командалық рухын шыңдайтын үлкен алаңға айналған.

– Қазіргі таңда «Айбын» – еліміздегі ең ауқымды әскери-патриоттық іс-шара деп толықтай айта аламын. Оның форматы басқа елдер үшін үлгіге айналуда. Ресейде «Айбын» жиынының баламасы ретінде «Жеңіс мұрагерлері» атты жиын өткізілсе, Өзбекстанда биыл алғаш рет «Ватан парварлар» ойыны ұйымдастырылады. Оған Қазақстан құрамасының атынан ел намысын қорғау үшін өткен жылғы «Айбын» жиынының жеңімпаздары – Абай облысының жас сарбаздары қатысатын болады. Жиын өткізілген 11 жыл ішінде финалдық кезеңге 10 мыңнан астам қатысушы қатысқан. Кеше ғана жас сарбаз болған жастар бүгінде еліміздің әр өңіріндегі әскери жоғары оқу орындарында білім алуда, ал кейбірі офицер атанып, Қарулы Күштер қатарында және басқа да күштік құрылымдарда қызмет етуде. Бұл – «Айбын» жиынының басты нәтижесі, – дейді Мейірбек Меңдіғалиев.

Биылғы жиын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналып, Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж базасында өтпек.

– «Айбын» жиынының басты мақсаты – өз еліне қызмет етуге дайын, оның мүддесін қорғай алатын және тәуелсіз Қазақстанның болашағын нық сеніммен қалыптастыратын жас патриоттар буынын тәрбиелеу. Биылғы жиынның да мәні ерекше. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналмақ. Оған 54 команда, 1000-ға жуық жас сарбаз қатысады. Сонымен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінен қатысушылар келеді, – дейді қозғалыс төрағасы.

Бүгінде «Жас сарбаз» қозғалысы жастарды тек әскери салаға бағыттап қана қоймай, оларды жауапты, тәртіпті, білімді әрі отаншыл азамат етіп тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Қозғалыс жұмысының нәтижесі әскери оқу орындарына түскен, ел қорғаны болуды мақсат еткен және қоғамда белсенділік танытып жүрген жас буынның жетістігінен анық кө­рінеді.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: