Сейсенбі, 26 мамыр, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

26.05.2026

37 0

Кәсіпкерлік –  қоғамның экономикалық дамуының қозғаушы күші. Кәсіпкерлерде керемет идеялар ғана емес, оларды жүзеге асыруға деген ұмтылыс бар. Олардың инновациялық тәсілі мен еңбекқорлығы экономикалық және әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге ықпал етеді.

Нарықта жаңа өнімдердің пайда болуы, қосымша жұмыс орындарын құру, адамдардың әл-ауқатын арттыруға белсенді үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қатары артып келеді. Президент кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына ерекше көңіл бөліп келеді. Кәсіпкерлік ұлттық экономиканың тұрақты өсуінің негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады.

Бүгінде Қызылорда қаласында тіркелген кәсіпкерлердің саны 33753 болса,  кәсіппен айналысып жатқандар  үлесі – 95,8%.  Кәсіпкерлік саланың игілігімен 63911адам жұмыспен қамтылып, өндірілген өнім көлемі 868,2 млрд болғаны үлкен жетістік. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламаның  қолдауы жемісін беруде.

Мәселен, биыл­ғы өзінде  «Өр­леу», «Іскер» бағ­­дар­лама­лары шең­берінде екін­ші дең­­гейдегі банк­тер ар­қы­лы 950,3 млн  теңге­нің 8 жобасына несие беріл­ген. «Ауыл ама­наты» бағ­дарламасы­мен 76,6 млн теңгеге 10 жоба қаржыландырылған.

Бұдан бөлек, комиссия шешімімен қосымша 366,5 млн теңгені құрайтын 35 жобаға келісім берілсе,  Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС арқылы өндіріс және өңдеу өнеркәсібі аясында  220,5 млн теңгеге 6 жоба мақұл­данып,  орталық арқылы қосымша 15 жоба комиссия қарауына ұсынылған.

– Мемлекеттік бағдарламамен кәсіп істеймін деген азаматтарға кәсіпкерлік бөлімі тарапынан қолдау тұрақты көр­сетіледі. Кәсіпкерлік бөлімінің маман­дары тоқсан сайын әлеуметтік желі  арқылы және кент пен ауылдық округтерде көшпелі түсіндірме қызметін көрсетуде. Үздіксіз насихат жұмы­сының арқасында ауылдық округ пен кенттерде кәсіпкерлік саласы кең қанат жаюда. Бүгінде бөлшек сауданың нақты көлемі 100,5% құраса, көтерме сауда 106,5%  көрсетті. Бөлшек сауда – 105,9 млрд теңгеге жетіп, 102,3% құраса, көтерме сауда – 55,4 млрд теңгеге жетіп 106,7% құрады. Қалада 2597 сауда орны, 14 базар жұмыс істесе, оның 6-ы әмбебап, 8 мамандандырылған сауда базары. «Сұлтан 2», «Сыбаға», «Асбол», «Талғат» базарлары жол картасына сәйкес жаңғыртуға жатқызылған. «Асбол», «Талғат» базарында құры­лыс монтаждау жұмысы  жүргізілуде. Сондай-ақ  «Сыбаға» базарында сауда қатарлары бұзылып, құры­лыс алаңын қазу жұмысы басталды. «Сұлтан-2» база­рының құрылысы толығымен аяқталып, наурызда іске қосылды.  Сауда базарларын жаңғырту жұмысы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мұхтар Жетілгенов.

Бөлім басшысының айтуынша, негізгі капиталға инвестиция тарту жоспары 22,6%-ға орындалған. Биыл 44,4 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, «Алтын Ғимарат» ЖШС-нің 150 номерлі 5 жұлдызды қонақ үйі, «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігінің 800 бас ірі қара малға арналған тауарлы-сүт фермасын құру, «Марал нұр» ЖШС серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеу және қызмет көрсету депосы, «Қаракоз Плаза» ЖШС «Пана Қаракөз» қонақ үйі, «Али» жеке кәсіпкерлігінің дене шынықтыру және сауықтыру кешені, «Алаш Метан» ЖШС метан газ құю бекеті кешені, «Рем-Пласт Инвест» серіктестігінің гофрлеу және картонның тегіс қабаты үшін қағаз өндірісі, «Дезинфекция» серіктестігінің шикізатты дайын өнімге қайта өңдеу, «Талғат», «Сыбаға» және «Асбол» сауда базарларын жаңғырту жобасы іске асырылуда.

Сонымен қатар биыл «With You E&C Kyzylorda» серік­тестігінің тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының, «Seven Rivers Technologies» серіктестігінің шыны ыдысын өндіру және испандық «Рока Қазақстан» компаниясының жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауытының құрылысы бас­талады.

Осылайша, қаладағы кәсіпкерлік саласы іргелі жобаларды жүзеге асырып, жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлік қанат жайған шаһарда әлеуметтің әлеуеті артып, қаланың экономикалық жағдайы көтеріліп, өнеркәсібі өркендей түсуде.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: