Дүйсенбі, 25 мамыр, 21:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38 (2250)
23.05.2026
PDF мұрағаты

Qyzylorda legends cup: Қорқыт ата университетінде республикалық дебат турнирі ұйымдастырылды

25.05.2026

59 0

Фото: «AMANAT» партиясы

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Qyzylorda legends cup» атты республикалық дебат турнирі өтті. Екі күнге созылған интеллектуалды додаға еліміздің әр өңірінен келген 20 фракция қатысып, 40-қа жуық жас пікірсайысшы бақ сынады.

Турнирдің негізгі мақсаты – жастар арасында пікірсайыс мәдениетін дамыту, еркін ойлау қабілетін қалыптастыру, шешендік өнерді насихаттау және интеллектуалды орта құру.
Турнирдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жастардың қоғамдық маңызы бар мәселелерге бейжай қарамай, өз пікірін ашық әрі дәлелді түрде жеткізе білуі – елдің тұрақты дамуы мен болашағы үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Ол дебат қозғалысының жас буынның аналитикалық ойлауын, көшбасшылық қабілетін және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға елеулі үлес қосатынын жеткізді.

«Бүгінгі дебат алаңына жиналған жастардың ой ұшқырлығы мен пікір еркіндігі қуантады. Мұндай интеллектуалды орта сіздердің тек білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, болашақта ел дамуына елеулі үлес қосатын азамат болып қалыптасуларыңызға жол ашады. Ең бастысы – кез келген мәселеге сын тұрғысынан қарап, нақты дәлелге сүйеніп сөйлей білу мәдениетін жоғалтпау», – деді Жандос Базартай.

Іс-шараға университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Уалихан Ибраев, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары басқармасының басшысы Жанар Сағынбаева, сондай-ақ Халықаралық пікірсайыс оқыту қауымдастығының Қазақстан бойынша үйлестірушісі Уәлихан Тұрарбекұлы қатысты.

Проректор Уалихан Ибраев қатысушыларға алғыс білдіріп, Қорқыт ата университетінің «Ақиқат» дебат ұйымы 2004 жылдан бері жастар арасында пікірсайыс мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ұйымның бүгінде республика көлемінде танылған беделді интеллектуалды ортаға айналғанын жеткізді.

Турнир қорытындысы бойынша І орынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің командасы иеленді. ІІ орын Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен University of International Business командаларына бұйырды. Ал ІІІ орынды Тұран университеті мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің командалары өзара бөлісті.

Сонымен қатар, «Ең үздік спикер» номинациясымен Нұрай Нұрахмет марапатталса, «Үздік спикер» аталымы Рауан Қалдыбайға табысталды. Жеңімпаздар мен үздік спикерлер арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: