Сейсенбі, 26 мамыр, 01:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Арен Теңізбаев, Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11сынып оқушысы: Тәртіп пен еңбекқорлықты отбасымнан сіңірдім

26.05.2026

35 0

Дарынды оқушы – ел болашағының айқын көрінісі. Білім мен ғылымға құштар, ізденістен жалықпайтын, мақсатына табандылықпен ұмтылатын жас буынның жетістігі қашанда қоғам үшін үлкен қуаныш. Әсіресе, халықаралық деңгейдегі білім додаларында ел намысын қорғап, көк байрағымызды биіктен көрсеткен өрендердің жеңісі – тұтас ұлттың мерейі. Мәскеу төрінде жалауы желбіреген LX халықаралық Менделеев олимпиадасында қызылордалық өрен жеңіс тұғырынан көрінді. Қызылорда облыстық Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Арен Теңізбаев олимпиаданың алтын медалін иеленіп, ел мерейін асқақтатты. Әлемнің үздік оқушылары бақ сынайтын бұл байқауда жеңіс тұғырынан көріну үлкен дайындықтың, ғылымға деген шынайы сүйіспеншіліктің нәтижесі. Осы орайда халықаралық деңгейде ел мерейін үстем етіп жүрген жас дарын Арен Теңізбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Химияны тереңдетіп оқуға не ынталан­дырды?

– Мен ұстаздар отбасында дүниеге келіп, білімді жоғары бағалайтын ортада тәрбиелендім. Сондықтан бала кезімнен оқуға, жаңа нәрсені танып білуге ерекше қызығушылық таныттым. Әсіресе, бұл бағытта әкемнің ықпалы зор болды. Сол білімге деген қызығушылық уақыт өте келе мені химия пәнін тереңдетіп оқуға жетеледі.

– Алғашқы олимпиада есіңізде ме?

–  Алғашқы олимпиада 7 сыныпта өткен еді. Сол кезде пән мұғалімім Қуаныш Махмудинов мені 11-ші сынып оқушылары қатысатын облыстық олимпиадаға жіберуді жөн көрді, алайда, теориялық турда аз балл жинап, жүлделі орынға іліге алмадым. Дегенмен мен үшін ең бастысы, сол сайыстан алған тәжірибе болды. Сол бір сәтсіздік мені тоқтатпай, керісінше, алға ұмтылуға деген құлшынысымды арттырды.

– Халықаралық Менделеев химия олимпиадасында жеңіс тұғырынан көріндіңіз. Бұл жетістікке жету жолында қандай дайындықтан өттіңіз?

– Сабақ шамамен сағат 15:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін 18:00-ге дейін олимпиадалық дайындықпен айналысамын. Кешкі астан соң тағы бір-екі сағат есеп шығарамын немесе теория қайталаймын. Демалыс күндері сынақ турларын жазуға тырысамын. Сонымен қатар түрлі оқу-жаттығу жиындарына, жазғы және қысқы лагерьлерге қатысып тұрамын. Онда таңнан кешке дейін тек олимпиадалық дайындық жүреді.

– Халықаралық олимпиада мен ұлттық олимпиадалардың айырмашылығын қалай сипаттар едіңіз?

– Есептердің күрделілігі, әрине, халықаралық олимпиаданың деңгейіне сай жоғары болады. Дегенмен мен үшін басты айырмашылық тапсырмалардың қиындығында ғана емес, артылған жауапкершіліктің салмағында. Республикалық олимпиадада аймақ абыройын қорғау маңызды болса, халықаралық додада тұтас елдің намысын қорғайсың. Бұл сөзбен айтып жеткізу оңай емес ерекше сезім.

– Қиын тақырыптарды меңгеруде қандай әдістерді қолданасыз?

– Сұрау, іздеу және есеп шығару – менің басты қағидам. Білмегенімді іздеймін, түсінбесем сұраймын, содан кейін алған білімімді есеп шығару арқылы бекітуге тырысамын. Ең бастысы – сәтсіздікке бола мұңайып, тоқтап қалмау. Әрине, бұл әрқашан қолымнан келе бермейді. Бірақ басты мақсатым – әрі қарай дами беру.

– Бірнеше жыл қатарынан республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болудасыз. Тұрақты нәтиже көрсетуіңіздің басты сыры неде?

– Мен үшін тұрақты нәтиженің басты сыры – мықты ортадан үнемі үйрену. Қабілетті, білімге құштар оқушылармен бірге дайындалу, олармен бәсекелесу мені әрдайым алға жетелейді. Өзімді мықты ортамен қоршаған сайын солардың деңгейіне жетуге, тіпті олардан асып түсуге ұмтыламын. Мұндай орта адамды шыңдайды әрі тәкаппарлыққа жол бермейді. Бұл жолда маған бағыт-бағдар берген ұстаздарымның еңбегі ерекше. Қуаныш Махмудинов, Жанболат Жолгелдиев есімді мұғалімдерім, сондай-ақ бастауыш сыныпта оқығанда мектебіміздің жоғары сынып оқушылары менің олимпиадалық дайындықтарыма көп көмектесті. Олардың барлығына алғысым шексіз. Дегенмен жетістіктерімнің негізінде ата-анамның қолдауы айрықша орын алады деп ойлаймын. Мен ұстаздар отбасында тәрбиеленіп, бала кезімнен білімді қадірлейтін ортада өстім. Әкем әр бастамама қолдау көрсетіп, маңызды оқу-жаттығу лагерьлерінен қалмауыма жағдай жасады, ақыл-кеңесімен бағыт беріп отырды. Сонымен қатар ағаларымның оқуға деген ынтасы да маған үлкен мотивация болды. Тәртіп, еңбекқорлық және білімге ұмтылыс – отбасымнан бойыма сіңген құндылықтар. Менің нәтижелерімнің негізі де осында.

– Олимпиада жолына енді қадам басып, биік белестерді бағындырғысы келетін оқушыларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Егер сайысқа «мен бәрін білемін, нәтижеге кепілдік беремін» деген асқан сеніммен кірсеңіз, сәтсіздікке ұшырайсыз. Ең бастысы – тәкаппарлықтан бойды аулақ ұстау қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: