Облыс орталығында көгалдандыру, жол құрылысы және су шаруашылығы нысандарын жаңғырту бағытындағы жобалар қарқынды жүзеге асуда. Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
«Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» жобасы шаһардың жасыл қорын көбейтіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Өткен жылы қала аумағында 46 100 түп ағаш көшеті отырғызылып, «KazStroyCapital» ЖШС тарапынан Қорқыт ата әуежайы аумағына, орталық көшелер мен саябақтарға 779 мың біржылдық және 33,8 мың көпжылдық гүл көшеті егілген. Бұдан бөлек, 73,5 мың шаршы метр аумаққа көгал төселді.
Қаланы жүйелі көгалдандыру мақсатында «Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі орнатылып, 45 шақырымнан астам құбыр тартылды. Биыл тағы 51900 көшет отырғызу және суару жүйесін кеңейту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қаладағы 27 субұрқақ іске қосылған. Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Н.Назарбаев даңғылы, А.Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш.Есенов көшелерінде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жоба аясында 5,5 шақырым жол қайта жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолы салынады, лотоктар мен жарықшамдар орнатылады. Сонымен бірге Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейінгі аралық қайта жаңғыртылуда. Ұзындығы 2,1 шақырымнан асатын көше бойында жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жүйелері қарастырылған. Облыс әкімі «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтау және «Бәйтерек» шағын ауданындағы Оңтүстік магистралды каналы арқылы өтетін көпір құрылысының барысын да көрді. Бұл аумақтарда да инфрақұрылымды жаңғырту, жаяу жүргіншілер көпірлерін салу және жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстары қолға алынған.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!