Биыл Қазақстанда шамамен 60 мың педагог цифрлық сауат пен жасанды интеллектіге қатысты бағдарламалар бойынша оқудан өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Ведомствоның хабарлауынша, биыл мемлекеттік тапсырыс аясында мұғалімдердің жасанды интеллект саласындағы құзыретін дамытуға бағытталған 4 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр.
– Атап айтқанда, «Білім берудегі жасанды интеллект модельдері», «Жекелеген оқытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану» курстары, сондай-ақ бастауыш сынып мұғалімдері мен шағын жинақты мектеп педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары, – деп хабарлады министрлік.
Сонымен бірге, цифрлық сауат пен ЖИ негіздері тақырыптары «Өрлеу» орталығының барлық білім беру бағдарламаларына енгізілген.
– Биыл «Өрлеу» орталығы жүргізіп жатқан 38 білім беру бағдарламасының барлығына педагогтердің цифрлық сауаты мен ЖИ негіздеріне қатысты тақырыптар кіріктірілді, – делінген ведомство ақпаратында.
Министрлік мәліметінше, аталған бағдарламалар аясында ел бойынша шамамен 60 мың педагогты қамту жоспарланып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
