Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің құрылғанына 30 жыл толуына орай республикалық деректі кино апталығы ұйымдастырылып, ел руханиятына серпін берген тағылымды шара өтті. Ауқымды мәдени іс-шараға еліміздің әр өңірінен қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен өнерсүйер қауым қатысты.
Елорда төріндегі маңызды мәдени шара барысында Президент Телерадиокешенінің шығармашылық ұжымы түсірген бірнеше мазмұнды деректі фильм көрермен назарына ұсынылды.
Әсіресе Арал тағдырына арналған деректі фильм көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды. Фильмде теңіз тағдыры тек экологиялық мәселе ретінде ғана емес, халықтың өмірімен, тағдырымен, үмітімен астасқан үлкен тақырып ретінде көрсетілген. Шығармашылық топ фильмнің негізгі кейіпкері ретінде Арал өңірінің тумасы, балықшы Күнтуған Тұрғынбаевты таңдап, қарапайым адамның өмірі арқылы тұтас бір өңірдің тағдырын шебер бейнелей алған.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – фильмнің басты кейіпкері Күнтуған Тұрғынбаевтың көрермендер арасында отыруы болды. Қаратерең ауылынан арнайы келген балықшы фильмді көпшілікпен бірге үлкен экраннан алғаш рет тамашалап, көрермендермен емен-жарқын әңгіме өрбітті.
– Менің бүкіл ғұмырым осы Аралдың жағасында өтті. Теңіз – біздің өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз. Президентіміздің Аралға деген жанашырлығы мен қамқорлығын халық ешқашан ұмытпайды. Бүгін осындай фильмнің түсіріліп, Аралдың ұмыт қалмағанын көру – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Күнтуған Тұрғынбаев.
Бүгінде Арал мәселесі тек бір өңірдің ғана емес, халықаралық деңгейдегі маңызды экологиялық тақырыптардың біріне айналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысы жанданып, аймақ елдері арасында бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде Солтүстік Аралға су келе бастады. Балық шаруашылығы қайта дамып, ауылдарда тіршілік жанданып келеді.
Кино апталығы барысында көрсетілген туындылар көрерменге тек ақпарат ұсынып қана қоймай, ел тарихын, халық тағдырын, ұлттық құндылықтарды терең сезіндіре алды. Деректі кино – қоғамның шынайы келбетін көрсететін рухани айна екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
