Сейсенбі, 26 мамыр, 01:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39 (2251)
26.05.2026
PDF мұрағаты

Қайырбек Отызбаев, қалалық «Мүсірәлі ата» мешітінің бас имамы: Құрбан айт – бірлік пен татулықтың бастауы

26.05.2026

37 0

Исі мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айтты халқымыз «мейірім мерекесі» деп те атайды. Құрбан айт мерекесінің бірінші күні биыл 27 мамырға сәйкес келіп тұр. Жүректерге нұр, қарым-қатынастарға мейірім мен махаббат сыйлайтын айт мерекесінде Алла разылығы үшін мал шалып, құдайға құлшылық жасап, ел-жұрттың амандығын тілейді. Қасиетті Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Әрине, әрбір иманжанды азамат бұл мереке жайлы танымын арттырып, сол күндері орындалар амалдарды білгені жөн. Сондықтанда құрбан айт мерекесі қарсаңында қалалық «Мүсірәлі ата» мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаевпен сұхбаттас­қанды жөн көрдік.

– Құрбан айт – мұсылмандардың асыға күтетін мерекелерінің бірі екені белгілі. Бұл мерекенің мұсылман үшін маңызы қандай? 

– Айт өзі – арабшадан аударғанда, «мейрам» «мереке» деген мағынаны білдіреді. Дініміздегі мейрамдарымыз құлшылықтан басталады. Мешіттерде ораза және құрбан айт намаздары оқылып, сонан кейін мейрамға ұласады. Құрбан мейрамы – исі мұсылманның ынтымағын арттырып, мейірім мен жанашырлық, татулық пен бірлікті насихаттайтын мейрам. Бұл мерекенің мұсылман қауымы үшін маңызы әрқашан жоғары. Айт күндері халқымыз бір-бірін құттықтап, ізгі істер жасап, құрбан шалу арқылы мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді.

Дінімізде құрбан айт мейрамының алар орны айрықша. Құрбан айт – мұсылман жұртының арасында достық, бауырмашылдық, сүйіспеншілік, жанашырлық сезімдерді нығайтып, сауапты істер жасауға жол ашады. Бұл күні мұсылман баласы ерте тұрып айт намазына дайындық жасайды. Жаңа киімдерін киіп, айт намазына жұпар иіс себініп шығуы ізгі істерге жатады. Айт намазын оқып, бақилық жақын-жұрағаттарына Құран бағыштап, бірін-бірі мерекемен құттықтасады.

– «Құрбан» сөзінің мағынасына кеңінен тоқталып өтсеңіз..

– Тілімізге еніп кеткен «құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасына келсек, Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы болған – Ибраһим пайғамбардан (ғ.с.) бізге жеткен сүннет амал. Сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті», – деді. «Одан бізге қандай сауап бар?»  деп сахабалар сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылы үшін сауап аласыңдар», – деп жауап береді. Шын ықыласымен шалған құрбандығы арқылы мол сауаптарға кенеліп, Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік етеді. Мейірімді Алла пенденің ықыласты амалына қарай күнәларын кешіреді.

– Құрбан шалу кімдерге парыз немесе міндет саналады?

– Жағдайы болған, шамасы жеткен адамға құрбан шалу – міндет. Алла тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Намаз оқы және құрбан шал», – деп,  құрбан шалудың жағдайы бар адамға, мүмкіншілігі болып тұрған кісіге уәжіп, яғни міндетті амал екенін білдірген. («Кәусар» сүресі, 2-аят). Құрбандық шалу белгілі бір адамға міндетті болу үшін мынадай шарттар керек: Мұсылман болу; құрбан айт кезінде жолаушы болмау немесе жауапты өкілге тапсыру; негізгі тұрмыстық қажеттеріне жетерлік мал дүниесі мен қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес; азат болу (еркіндік).

Құрбандық шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Белгілі себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбандығын шала беруіне болады. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде арнайы ниет ету керек. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйені шалуға болады. Қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс.

– Құрбандықтың үштен бір бөлігін тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Көмекке мұқтаж жандардың тізімін қайдан алуға болады?  

– Дінімізде бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етінен ауыз тиіп, жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап амал. Яғни, сауапты іс. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ іс, яғни, ұнамсыз іс болып табылады. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. Ескерте кететін тағы бір жәйт, құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Көмекке мұқтаж жандардың тізіміне келсек, жергілікті «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығынан алуға болады. Қазіргі күні құрбан шалушыларға осы мекеме қызметіне жүгіне отырып, тізімдер алынып беріледі. Сол бойынша мұқтаж жандар үшін құрбан етімен көмек жасалады. Бұл бірнеше жылдан бері үрдіске айналды. Өйткені, бұл мекеме өтініш иесінің тұрмыстық жағдайын зерттеп-зерделеп барып, соған қарай тізімін жасап береді.

– Құрбан айт күндері қандай амалдарға ерекше көңіл бөлу керек? 

– Құрбан айт – бірлік пен татулықтың бастауы. Араздасқан ағайын бір-бірін кешірісіп, татуласады. Бір-біріне сыйлық беріп, көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Құрбандық малдарын шалып, жақсы амалмен Алланың разылығына жетуге ниет етеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені», – деп айтқан.  Ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-көлемнің үйлеріне барып айт мерекемен құттықтау, сырқат кісілердің көңілдерін сұрау, отбасыға, балаларға сый-сияпат  жасау, жоқ-жітікке садақа беру де құрбан айтқа тән көрініс екенін ұмытпағанамыз абзал.

– Қазіргі таңда құрбандықты онлайн шалуға көзқарасыңыз қандай?  

– Әр заманның өз талабы болады. Сол секілді қоғамның қажеттіліктері де артады. Халық үшін ыңғайлы жағдай жасап, қызметтерін оңтайластырып отыруымыз керек. Онлайн құрбан шалу да қазіргі күні нағыз қажеттіліктің біріне айналды. Қала тұрғындары қазір бұрынғыдай үйде құрбан шала бермейді. Санитарлық талаптарға да келе қоймайды. Кей кісілердің базар аралап, мал алып жүруіне де уақыты жете бермейді. Үлкен шаһарлардағы жағдай осындай. Осыны ескеріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да «QURBAN 2026» сайтын ерте бастан іске қосты. Қазіргі күні сайт ел игілігі үшін жұмысын бастады. Ол жерде құрбан шалуға қатысты барлық сұрақ-жауаптар қамтылған. Құрбан шалуға уақыты бола бермейтін кісілерге онлайн қызмет көрсетеді. Құрбан шалуға онлайн тапсырыс бергендер үшін шариғат талаптарын негізге ала отырып, құрбан иесіне толықтай қызмет көрсетеді. Сондай-ақ осы сайт арқылы да әлеуметтік жағдайын растап, құжатын жүктей отырып, мұқтаж жандар да құрбан етіне өтінім бере алады. Бұл жұмыстарды атқаруға әрбір өңірдің жауапты мамандары бар. Олардың да байланыс номерлері аталған сайтта көрсетілген. Қазіргі күні құрбан шалу қызметінің біршама жеңілдегенін байқауға болады. Мұның барлығы қазіргі қажеттіліктерге қарай іске асуда.

– Құрбан айт мерекесінде мұқтаж жандарға көмек көрсетудің сауабы туралы не айтасыз?

– Құрбан айт күндері мұқтаж жандарға көмектесу – сауабы мол іс. Құрбан етін беріп немесе садақа үлестіріп, қайырымдылық жасау – Алла Тағалаға сүйікті әрі ең сауапты амал болып табылады. Құрбан айт күндері жасалған әрбір жақсылықтың сауабы еселеніп жазылады. Мұқтаж жандарды қуантып, алғысына бөленіп, батасын алған жан – екі дүниеде үлкен сауапқа кенеледі.

– Сауап жинауға бәріміз ниеттіміз. Алайда құрбандық шалуға шамасы жетпейтіндер, тұрмысы төмен отбасылар айт мерекесінде қандай әрекет жасағаны дұрыс?  

– Шамасы келген адамға құрбан шалу міндет. Шамасы жетпеген кісі құрбан айт күндері өзге де сауап істер жасай алады. Мәселен, ағайын туысты аралап айтпен құттықтау, үлкендерге сәлем беру, отбасына аз да болса, сыйлық ұсыну секілді.

– Рамазан айт пен құрбан айттың айырмашылықтарына тоқталып өтсеңіз? Қандай міндеттері бар?  

– Асыл дінімізде екі айт мейрамы бар. Бірі рамазан айынан кейін келетін – Ораза айт мейрамы, екіншісі – қасиетті Құрбан айт мерекесі. Ардақты сахаба Әнәс (р.ғ.) былай деп жеткізеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Сонда олар: «Жәһилдік (исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты», – деп айтты.  Екеуі де қасиетті ұлық мейрамдарымыз. Екеуі де айт намазын оқумен басталады. Құрбан мейрамында құрбан шалу ғибадаты орындалады.

– «Көбісі құрбан айт кезінде емес, ораза айт кезінде айтшылап қонаққа барады» – дейді. Негізі қайсысы дұрыс?

– Екі мейрам да қуанып шаттанатын, айттап тойлауға болады. Екі айт күндері де қуанышқа бөленіп, көтеріңкі көңіл күйде жүруіміз керек. Екі айтта да ағайын бір-бірін айтшылап, қонақ етеді. Бұл қазақтың қанына ғасырлар бойы сіңген үрдіс. Сондықтан айт мейрамдарымыз татулыққа, ауызбірлікке, сыйластыққа үндейтінін естен шығармаған жөн

– Құрбан айтқа мерекелік тілегіңіз…

– Еліміз аман, халқымыз ынтымақта болсын! Құрбан айт мейрамы құтты болсын! Алланың разылығы үшін деп шалғалы жатқан құрбандық қабыл болып, мол сауаптарын нәсіп етсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: