Сәрсенбі, 16 қазан, 05:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Сыр сүлейін сұрасаң…

05.01.2021

2123 0

Жыл бастамасымен бас­пасөз бетінде жаңа айдарлар жарық көруде. Солардың бірі Сыр сүлей­лерінің шығармашы­лығына арналып отыр. Өйткені өзіміздің өңірі­міздің өнері дәріптеліп, насихаттала беруі керек. Уақыт көшімен қатар ұр­пақ жадында жаңарып, жанданып отыруы ләзім.

Жә, сонымен «сүлей» сөзі нені білдіреді? Ол қайдан шыққан атау? Алды­мен аз-кем осы жағына тоқталып өтейік. Бір де­ректерде «сүлей» сөзінің мағынасы тым тереңде жатқан ұлағатты сөз екені айтылады. Түркілерде «сү­лей» сөзі «соғыс құдайы» деген мағынаға ие болған. Яғни соғысты болжау ша­расының атауы болған де­ген жазбалар бар көрінеді. Бұл бертін келе түпкілікті мағынасын өзгертіп, өнер құдайы дегенді білдіреді.

Осы атауға ие болған талант иелері Тұран төрінде көптеп саналған. Қазіргі таңда шайырлар шоқтығы дәрпі алашқа жайылып, биігінен бәсеңдеген емес. Тисінше жыраулық дәстүр жалғастығы жанданып келеді. Бұл көңілге қуаныш ұялатады.

Ежелден Сырдария өңі­­рі – небір саңлақтарды ту­дырып, бесігіне бөлеп тер­­бетіп, қыранша қияға ұшыр­ған алтын ұя, қасиет­ті қоныс. Тәңірі топыра­ғына тектілік дарытып, та­мыры өлең болып соғып тұрған Сыр бойы күллі алаш баласына ортақ жер. Осы өнер қонған орда­лы мекеннің бір уыс то­пы­рағын түртіп қалсаң шағыл құмы да жыр болып төгіліп жатады. Ақмешітке алғаш қадам бассаң қобыз сарынымен күні бүгінге жалғасқан жыраулық өнер көшіне көңілің толады.

Тарихтан тін тарқатсақ, өнер көшіне ұлас­қан дәуір тынысы сол заманғы сү­лейлер шығармашылығы­на арқау болған. Ол бер­тін келе өміршеңдігін дә­­лелдеп ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ санасында серпін алып келеді. Міне, өмір сабақтастығы, өнер жалғастығы деген осы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен «Ру­хани жаңғырудың» не­гізгі тетігі осы дәстүрлі өнерімізде жатыр. Өйткені ол қанымызға сіңген, бойы­мызда біте қайнас­қан болмысымыз. Ал «Ұлт­­тық код» осы өнер тұтас­тығының адам сана­сында қайта жаңғыруы. Бұл тұр­ғыдан қарағанда Сыр бойы­ның дәстүрлі өнер жиын­тығы барлық талапқа жауап бере алатын бірегей туынды деуге әбден болады.

Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп ат қойып ай­дар тағуының да өзіндік себептері жоқ емес. Себебі бұл жер өнермен ғана аты шықпаған. Тарихында үш мәрте астана атанған өр­кениеттер тоғысы. Ел ау­зында «Сырға барсаң, жыршымын деме!» деген сөздің өзі бекер емес. Бұл жер жыраулықтың қазығын байлаған, өлеңнің қазаны қайнаған қайнар бұлағы іспетті. Киелі өнерді қастер тұтқан Тұран төрі атадан балаға мирас болған асыл өнеріміздің алтын тәжі.

Жыраулық өнер – хал­қымыздың бүгіні мен бола­шағын жалғастырған алтын арқау. Елді ынтымаққа ұйыстырады. Ерлік пен елдік, еңбек пен бірлік Сыр сүлейлері мұрасында көркем тілмен әдемі әс­петтелген. Қорқыт ата мұ­раларының ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізі­міне енгізілуі Сыр өнері үшін үлкен жетістік.

Сырдария бойын жайлай қоныстанған өнер өлкесінде Ешнияз сал бастаған шайыр­­лар шоқтығы көпші­лік көкейінде өлмес өнер даң­қының дәнін еккен бо­латын. Қадау-қадау жыр жүйріктерінің ішінде қадап айтарымыз Балқы Базар, Кете Жүсіп, Тұрмағанбет, Алдашбай ахун, Шораяқтың Омары, Жиенбай Дүзбен­бетұлы, Нұртуған Кен­жеғұл­ұлы. Осындай өнер тарландарының бүгінгі із­басарлары дәстүр сабақ­тас­тығын дәріпті жалғас­тырып келеді.

Нартай Бекежановтың ән мектебі де өзіндік қол­таңбасын қалыптас­тырып, Сыр бойындағы дәстүр сабақтастығын ілгері да­мытып отыр. Манап Кө­кеновтің шығармашылық шыңы шартарапқа мәлім. Міне, мұның барлы­ғы – Сыр өнерінің алдас­пан өткір өкіл­дері қалып­тастырған жар­қын жолдың көрінісі.

Дәуірлер көшінен күні бүгінге дейін жалғасқан төл өнеріміз төрге озып жатса тәуелсіздігіміздің же­місі деп тануымыз қажет. Көне дәуір күмбіріндей сақталған саф өнер көрер­мен көзайымы­на айналып жүргеніне куә болып келе­міз. Қойнауынан құт кетпеген, байлауынан ат кетпеген аймақ айбары мен ажары ақындық пен жыраулық дәстүр деп дә­ріптеуге әбден болады. Өйткені бұл жер – талай тарланбоз текті туған та­ланттар тұғыры.

Біз сөз етіп отырған сүлей­лер – үлкен шығарма­шылық иелері. Олардың әрбірі өзінше тарих. Олар­дың жазған жырларын оқи отырып, көз алдыңда көне дүние күмбірі көрініс табады. Жаныңа рух сый­­лап, жадыңа жаңа­ша ой туғызады. Демек жыраулық дәстүр ұрпақ тәрбиелеу жолында ай­тарлықтай маңызды рөл атқарады. Жетіасар мәде­ниетінен бері қарай те­рең тарих шежіресі мен аңызы шайыр­лар шы­ғармаларына арқау болды. Сыр сүлейлерінің шы­ғар­малары бір күннің немесе бір жылдың жазбасы емес, мәңгіліктің мінбері.

Газетіміздің алдағы сан­­­дарында сыр сүлейле­рі­не жеке дара тоқталып, шы­ғармашылық қырларын саралайтын боламыз.

       Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: