Сенбі, 07 желтоқсан, 20:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Алдымен ана тілі…

21.06.2022

754 0

Мектеп оқушыларына үш тілде білім беру мәселесі қоғамда аз талқыланған жоқ.  Қарапайым халық қанша қарсы болғанмен, министрлік бұл шешімді қабылдады. Үштілділік мәселесін қызды-қыздымен балабақшаға дейін енгізіп жібердік. Елімізде ондаған жылдар бойы үш тұғырлы тіл саясаты жүргізілді. Үш тілді білім беру ата-анаға да, оқушыға да салмақ салды. Оған өзіміздің көзіміз жетті. Әріп тани бастаған бүлдіршіндерге қазақ және ағылшын әріптерін қатар жаттатып, миларын ашыттық.

Биыл мектеп табалдырығын ат­тайтын бірінші сынып оқушысы тек қана қазақ тілін меңгереді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кеңінен айтып өтті. Ал орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.

– Ағылшын тілін білу қажеттілігіне күмәнданбау керек. Ғылыми мақала­лардың 90 проценттен астамы ағылшын тілінде жарияланады, интернеттегі контенттің 60% ағылшын тілінде. Бастауыш сыныпқа келер болсақ, осы тақырып бойынша зерттеу мен талдау жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысы үшін бірден 3 тілді меңгеру қиынға соғатынына көз жеткіздік, бұл тиімсіз. Мәселе – дидактика мен физиологияда. Біз бұл мәселе бойынша шешім қабылдадық және бірінші сыныпта қазақ тілінде оқытатын мектептерде бала бір ғана тілді – қазақ тілін меңгеруі, яғни алдымен өз ана тілінде оқу мен жазуды меңгеруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқытатын мектепке келсек, 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тіл, 3-сыныптан бас­тап ағылшын тілі болады, – деп айтып өтті министр.

Асхат Аймағамбетов әдістеме тұр­ғы­сынан алып қарағанда бұл дұрыс бағыт екенін де атап өтті. Мұндай зерттеулер мен ұсыныстар бұрын да болған, сол себепті оны енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

«Бұл – дұрыс саясат» дейді ма­мандар. Рас, тіл үйрену үшін қажеттілік емес, қызығушылық болу керек. Ал мектеп табалдырығын енді аттаған балаға үш тілді бірдей меңгерту қиын болатыны белгілі. Сондықтан да 10-12 жасқа келгеннен бастап өзге тілге қызығып үйрене бастаса, тез меңгеріп алатыны анық.

– Ғалымдар адамның ойлау тілі және сөй­леу тілі болады дейді. Баланың ойлау тілі бас­тауыш сыныптарда қалыптасады. Толық қалыптасып болғаннан кейін ғана екінші тілді үйренуі керек. Сонда бала дүбәра болмайды. Тіл үйрену – қоғамдық құбылыс. Оны кез келген жаста меңгеріп алады. Биыл мектепке баратын оқушылардың тек қана қазақ тілін меңгеруі әсіресе, ата-аналарды қуантатыны анық. Қазақта «сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» деген мақал бар. Демек біз мектеп табалдырығын аттаған балаға қазақ тілін қасиетті сүттей сіңіру үшін ана тіліне деген патриоттық сезімдерін ояту үшін жұмыс жүргізуге міндеттіміз, – дейді қаламыздағы Т.Рысқұлов  атындағы №222 орта мектептің директоры Мақсұт Мүкеев.

«Ана тілі» газетінде жарық көрген Берік Бейсенұлының «Тілін білмеген, түбін білмейді» мақаласына көз жүгіртсек, «Швейцарияның атақты философы Жан Вильям Фринц Пиаже­нің зерттеуінше, бала 6-7 жасында өзінің қай ұлт­қа жататынын сезіне бастайды. 8-9 жасында ана тілін, туған жерін, елін біледі, 10-11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде се­­зінеді. Ал ұлт­тық сана-се­­зім мен бел­гілі бір ұлттың өкілі екендігін 10-11 жасында толық ұғады және сол ұлттың өкілі болып қалыптасады екен. Сонымен қатар Жапонияда бесінші сыныпқа дейін балалар тек қана жапон тілінде оқиды. Одан кейін ғана, ағылшын немесе өзге тілді оқыту жүзеге аса бастайды. Демек бесінші сыныпқа дейін өзінің ана тілінде оқыған бала өмір бойы өз тілін ұмытпайды. Бізге де жапондық осы дәстүрді енгізсе, еш артығы жоқ» деген деректер келтірілген.

Қуантатыны, қазіргі уақытта қазақ тіліне ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, еліміздегі 1-сыныпқа баратын балалардың 70 проценттен астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Екі айдың ішінде ата-аналардан 250 мыңнан астам өтініш түскен. Биыл 1-сыныпқа 420 мың бүлдіршін барады деп күтілуде. 

Балаға қандай тәрбие берсең, сол арқылы өсіп-өнетіні белгілі. Олай болса енді өсіп келе жатқан ұрпағымызды тек ана тілінде оқытуға шешім қабылдау құптарлық іс. Ұрпақ тәрбиесі қай кезеңде де маңызды. Балаларымызға қазақ тілін құрметтеуге, түсініп дәрежесін көтеру бағытында жұмыс істеу, бағдар беру – аға буынның міндеті. Тәрбие басы – тілден екенін ұмытпайық.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: