Тасбөгет кентіндегі №176 орта мектепте ардагер ұстаз, білім ошағын абыроймен басқарған азамат Аманжол Байманұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Ұстаз жолы – парасат» апталығы ұйымдастырылды. «ҚР білім беру ісінің үздігі» Аманжол Байманұлының 80 жасқа толу мерейтойына арнап мектеп қабырғасында бірнеше шара ұйымдастырылды.
Мерейтой иесінің құрметіне орай қалалық білім бөлімі әдіскерлерінің ұйымдастыруымен 7-8 сыныптар арасында химия, биология пәндерінен аймақтық олимпиада, үстел теннисінен мұғалімдер арасында сайыс ұйымдастырылды. Олимпиада мен сайысқа 14 мектептен барлығы 53 оқушы мен ұстаздар қатысты. Білім мен спорт сынға түскен сайыстарда жеңіске жеткендерді ардагер ұстаз Аманжол Байманов өзі марапаттады.
Апталықтың қорытынды күнінде ұлағатты ұстаздың «Өртеңде өскен өркенбіз» кітабын «Оқуға құштар мектеп» жобасының мүшелері талдады. Сондай-ақ мерейтой қонақтары мектеп музейінен ашылған «Ұстаздық – ұлы қызмет» экспозициясының ашылуын тамашалады.
«Үлкеннің жолы – ұлылық, ұрпақтар жүрер ұғынып» тақырыбындағы қорытынды кешке облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық кәсіподақ комитеті төрайымының орынбасары, облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, қала әкімінің кеңесшісі, Тасбөгет кентінің әкімі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы, ардагер ұстаздар мен шәкірттері қатысты.
Кент әкімі Семсер Сыздықов ардагер-ұстаз, «ҚР білім беру ісінің үздігі» Аманжол Байманұлының 80 жасқа толу мерейтойына арналған шарада өзінің ізгі лебізін білдіріп, мерейтой иесіне сый-сыяпат табыстады. Одан бөлек ардагердің өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен №176 орта мектептің ұйымдастыруымен өткізілген шара барысында қатысушыларға мектептің тарихы, мерейтой иесінің еңбек жолы, оның білім ордасына сіңірген еңбегі баяндалып, жас ұрпаққа өнеге боларлық жақсы әңгімелер айтылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!