Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 18:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балаларға балл қойған дұрыс па?

02.04.2022

2816 0

Қазақстандағы білім беру жүйесі соңғы 5 жылда елеулі өзгерістерге ұшырады. Ұстаздардың мәртебесі артып, білім беру жүйесі де біраз өзгерді. Соның ішінде алғашқы кезеңде көп резонанс тудырған оқушыларды «балдық» жүйемен бағалау тәсілі де бар. Бүгінде балаңыздан «Қай сабақтан неше алдың?» деп сұраудың өзі қисынсыз естіледі. Себебі бұрынғыдай төрт пен бес секілді баға жоқ. Міне, осы өзгеріс бүгінде қандай нәтиже беруде, балдың бағадан ерекшелігі қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн көрдік.

Еліміздегі жалпы орта мектептердегі білім беру форматын жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асып келді. Осы орайда білім мазмұнымен қатар оқушы білімін бағалау «критериалды» деп ата­латын жаңа жүйеге ауысты. Бұл жүйе арқылы оқушылар формативті, бөлімдік жиынтық және тоқсандық жиынтық атты үш түрлі бағалаудан өтеді. Бес балдық бағалаудан критериалды бағалауға ауысудың себебін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2017 жылы былайша түсіндірген еді:

«Бұл жүйені мамандар алты жыл бойы дайындап, бірқатар мектептерде қанатқақты жоба ретінде сынап көрді. Ал бүгін балаларға үлкен өмірге қадам басуды үйрететін осы «бағалаудың» пайдасын қарапайым мысалмен түсіндіргіміз келеді.

Сауалнамалар нәтижесі бойынша, жас маманды қызмет­ке қабылдар кезде жұмыс берушілер оның алған бағаларына мән бермейді. Онда бағаның не керегі бар?

Мұғалімдердің пікірінше, баға – баланың оқу барысындағы ба­ғытын айқындау үшін қажет. Алайда дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесі бұл талаптың үдесінен шыға алмайды. Сон­дықтан да мектепте білім беру жүйесіне критерий бойынша бағалау әдісі енгізілуде.

2014 жылы «Астана» коман­дасының мүшесі Тур де Франс жарысында жеңімпаз болды. Мектеп қабырғасындағы білім де осы велотурнирге ұқсас. Бұл әдісте де екі кезеңді алға тартуға болады. Оқу барысын веложарыс кезеңі десек, жетістіктерді санамалау – барлық кезеңнің жалпы уақытын есептеу. Әр баланың қабілеті әртүрлі, қызығушылықтары да әр алуан. Осыған қарамастан оқу­шының барлығы жаңа дүниені білуге ұмтылады. Соңында оған қол жеткізеді де. Ал жетістікке қандай жолмен жеткені маңызды ма?

Винченцо Нибали турнирдің екінші кезеңінде қарқынын бәсең­детті. Бірақ жалпы есепте жеңімпаз болуына бұл кедергі келтірген жоқ. Оқыту барысында баға қойып отыру – жеңімпазды жарты жолда анықтау секілді қисынсыз әрекет. Қазіргі оқу бағдарламасы бойынша әдеттегі баға қоюдың орнына қалыптастырушы бағалау енгізілген. Мұғалім баланың орын­­даған тапсырмаларына пікір жазу арқылы негізгі ұстанған білім бағытына қарай жол сіл­тейді. Осылайша оқушыны баға үшін емес, білім үшін оқуға итермелейді.

Берілген оқу материалының соңында оқушының алған білімі анықталады. Көп жылдардан бері баланың білімін журналға қойылған баға көрсетіп келген еді. Мұғалімдердің бағалауға деген ортақ талаптары болмауына орай, әрі оның бағамын «бестіктің» пайдасына жығып берудің арқа­сында соңғы жылдары бағаның да құны түсе бастады. Яғни, оқу күрделене бастаған сайын үздік оқушылар саны арта түсті. Оқушылардың жетістіктерін нақ­ты талаптар бойынша бағалап, әрі біржақты пікір тумауы үшін мектепте жиынтық бағалау енгі­зілді. Балалар біркелкі стан­дартты сынақ тапсырып, оның қорытындысы автоматты түрде негізгі бағаға айналады. Әрі бұл жариялы, ашық түрде жасалады. Әдетте велошабандоздың да әр кезеңдегі уақыты қосылып, уақы­тына қарай жеңімпаз анықталады.

Мектептің міндеті – балаларды үлкен өмірге дайындап, оларға қоғамда қажет болатын білім мен дағдыға баулу. Орта білім беру саласында критерий бойынша бағалау әдеттегі бес балдық жүйе­ге қарағанда балаларды баға үшін емес, білім үшін оқуға итер­мелейді. Себебі ер жеткенде журналға қойылған бестіктер емес, мектепте алған білімі көмектесетіні дәлелдеуді қа­жет етпейді», – деп жазды Білім және ғылым министрлігі «Одноклассники» парақшасында.

Алайда бүгінгі күннің өзінде бұл бағалау жүйесінің көңілден шықпайтынын айтып, бұрынғы 4 пен 5 деген баға дұрыс деп жүр­гендер бар. Мәселен, есімін жасырын қалдыруды сұраған ата-ана бұл жүйе бойынша баланың оқуға деген ынтасы төмендеп кеткенін алға тартты.

– Балам мектепте оқиды. Бұрын 5 алдым десе мақтау сөздерді жиі айтып тұратын едік. Қазір БЖБ мен ТЖБ кезінде ғана баға алатын болды. Оның өзінде баға емес балл қойылады екен. Басқа күндері «жарайсың», «сабаққа белсенді қатыстың» деген жалаң сөздер ғана еститін болуы ке­рек. Оқушы қанша дегенмен кішкентай бала ғой. Жақсы баға алса шамалы шабыттанып, оқуға деген құлшынысы артар еді. Ал қазір бақылау жұмысы болады десе әбден қиналып, дайындықтан бас алмайды. Менің ойымша, мұндай бақылаулар ба­ланың жүйке жүйесіне ауыр тиеді, уайымдатады. Одан бө­лек, мұғалімдер қағазбастылықтан арыл­­ды дейді. Әйтсе де, жаңа жүйе бойынша олардың жұмысы екі есе көбейген. Олар әр сабаққа формативті бағалау жүйесі үшін түрлі тапсырма дайындап, са­бақты жоспарлап, кітаптан бө­лек мағлұмат іздеуі керек. Оның үстіне БЖБ мен ТЖБ дегені тағы бар. Міне, сол үшін бұрынғы бағалау тәсілі оқушыға да, балаға да тиімді деп есептеймін, – дейді ата-ана.

Балаларға балл қойған дұрыс па?

Бұрынғы бес балдық бағалау жүйесі туралы ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова түсіндірген еді. «Бұрын фактологиялық білімге басымдық берілді. Ондайда оқу­шы­ларға өңделген және дайын материалдар ұсынылатын. Яғни ақпараттық білім беру басым бо­латын. Ал критериалды баға­лау жүйесі баланың ойлау дағ­дылары мен алған білімін қан­шалықты қолдануға қабілетті екенін анықтауға мүмкіндік бе­реді. Бұрынғы және жаңа жүйе­нің жүктемесі бірдей, бірақ критериалды бағалаудың артық­шылығы көп. Оқушылар «4» пен «5» алу үшін оқымайды, ұпай жинау арқылы оқу бағдарламасын меңгеруге тырысады. Осының арқасында білімнің сапасы да артады. Ескі жүйе кезінде бас­тауыш сынып мұғалімдері күн сайын дәптер тексеретін. Қа­зақ, орыс тілдері, математика, физика, химия мен биология пәні мұғалімдері үшін де солай болды. Себебі орта және жоғары сыныптарда жазбаша, зертханалық және практикалық жұмыстар көп. Бүгін осы мұғалімдер жиынтық тексерулер кезінде қиындық кө­ріп жатқан жоқ. Әрине, бұрын жазбаша жұмыстары болмаған және оқушылардың ауызша жауап­тарын ғана бағалауға үйренген пән мұғалімдер қиналып жатыр», – деді вице-министр.

Балаларға балл қойған дұрыс па?

Қалалық білім бөлімінің бас­шысы Динара Баймұрзаеваның айтуынша, мектепте балл қою арқылы оқушының тұлғалық ба­ғытын белсенді позицияға ба­ғыттап, жауапкершілік пен нәти­жеге жеткізу мүмкіндігі ұлғайған.

– Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мектептеріндегі балл бойынша бағалау мұғалімнің білім деңгейін бағалауға икемді болуына көмектеседі, ал оқушыларды бұл әдіс оқу-танымдық әрекеттерге ын­таландырады.

Қалыптастырушы бағалаудың жаңа жүйесі оқушылардың білімін бағалауға неғұрлым икемді көз­қарасты көздейді, себебі баға­лардың кеңейтілген ауқымы оқу­шылардың білімі мен дағдысын нақты бағалауға мүмкіндік бере­ді. 10 балдық бағалау жүйесі оқу­шыларға өз бетінше жұмыс істеу үшін тапсырмаларды қиындық деңгейіне сәйкес дербес таңдауға мүмкіндік береді және осы арқылы оқушылардың оқу мен танымдық іс-әрекетін ынталандырады.

Қалыптастырушы бағалау, әр бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық бағалау арқылы қорытынды баға қойылады. Одан бөлек сабақ барысындағы оқу­шының белсенділігі мен тапсырма орындау кезінде де электронды күнделікке балл қойылады, – дейді шаһардың бас ұстазы Динара Қонақбайқызы.

Сондай-ақ білім бөлімінің бас­шысы критериалды бағалаудың бірқатар жағымды тұстары да бар екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай бағалау жүйесі білім беру процесінің барлық қатысушылары арасында, оның ішінде оқушылардың ата-ана­лары арасында гуманистік және этикалық қарым-қатынас орна­туға мүмкіндік береді. Одан бөлек мектепте оқыту сапасын жақсартуға, мектеп біті­рушілердің білімін халық­аралық стандарттарға сәйкес­тендіруге жағдай жасайды. «Кри­териалды бағалау – бүгінгі білім жүйесіндегі жаңа талап. Оқушы сын тұрғысынан ойлау арқылы алдына мақсат қоя біледі. Әрі нәтижеге жетуге үлкен талпыныс болатынын уақыт байқатып отыр. Бүгінгі заман талабы – жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Критериалды бағалау осы та­лаптың орындалуына мүмкіндік береді», –дейді ол.

Балаларға балл қойған дұрыс па?

Бағалау жүйесінің жаңа тәсілін оқушылар қалай қабылдағаны туралы да білуіміз міндет деп түсіндік. Білімі балмен бағаланып жүрген оқушылардың да пікірін тыңдап көрдік. 9 сы­ныпта оқитын Мунира Амантаева мұндай жүйенің тиімді екенін айтты.

– Қазіргі бағалаудың негізгі пай­дасы – оқушылар бағаның соңына түспей, оқу мақсатына қол жеткізуге, білім алуға, жаңа тақырыпты игеруге ұмтылады. Критериалды бағалау оқу про­цесін де қызықты ете түседі. Мұн­дайда оқушылардың сөйлеу қабілеті, зейін мен тыңдай білу секілді қасиеттері артып, жаңа тақырыпты ұзақ уақыт жадында сақтауға машықтанады. Сонымен қатар тарау біткен кезде “екі балл” алған балалар жақсы баға алудан үмітін үзбей, тоқсан соңына дейін үлгерімін жақсартуға, келесіде жоғары балл алуға мүмкіндігі бар. Яғни “Екі балл” деген бұрынғы екілік бағаға қарағанда аса жаман емес. Білімге ынтасы болса, одан да жоғары балл ала алады, – дейді 9-сынып оқушысы.

Балаларға балл қойған дұрыс па?

Мектеп психологтары да кри­териалды бағалау жүйесі оқу­шыларға оң әсер ететінін алға тартуда. Мысалы, Ж.Махамбетов атындағы №43 орта мектеп­тің педагог-психологы Жанерке Исмайлова мұндай бағалау жүйесі оқу­шының әрекеттері мен мінез-құлықтарын ынталандыратынын, сондай-ақ тұлғаны толық дамытуға әсер ететінін айтты.

– Оқу жетістіктерін балл қою арқылы бағалау – оқушы­лар үшін оқу үдерісінің құнды­лығына қол жеткізетіндей, яғни, оқу баға алу үшін емес, білім мен дағдыны меңгеруге бағыттауға жағдай жасайды. На­­шар бағалардың «салмағы» жойылады. Яғни, оқушылардың бұ­рынғы нәтижелеріне қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткізуіне мүм­кіндік беріледі. Сонымен қа­тар тиімді бағалау оқушыларда еңбексүйгіштік, әділдік, адалдық, жауапкершілік, өзін-өзі реттеу се­кілді оң қасиеттерді дамытады.

Бағалау жүйесіне оқушылар­дың сенімі болған жағдайда ғана баға оң әсер ете алады. Кез келген баға, ол жақсы не төмен баға болсын, оқушылардың мо­тиві­не әсер етеді, олардың әре­кеттері мен мінез-құлықтарын ынталандырады, сондай-ақ тұлға­ның толық дамуына әсер етеді. Сондықтан объективті баға негі­зінде өз мінезін реттейтін оқушы келешекте жақсы нәтижеге жету артықшылығына ие болады, – дейді педагог-психолог Жанерке Берікқызы.

Осы орайда білім беру жүйе­сінің шетелдегі ахуалын да саралап көрдік. Мы­салы, АҚШ-тағы білім беру жүйесі біздің жүйемен мүлде сәйкес келмейді. Америкалық оқушылар мектепте 12 жыл білім алады және «elementary», «middle» мен «high school» атты бастауыш, орта және жоғары сыныптарға бөлінеді. Сонымен қатар әр мек­теп деңгейіне қарай бөлінеді, яғни жоғары сыныптардың мек­тебінде бастауыш немесе орта сынып оқушылары оқымайды. 5-6 жасынан бастап бастауышқа барғандар оқу-жазуды үйренсе, 11-12 жасынан бастап орта мек­тепте математика, ағылшын, тарих пен ғылыми пәндерді оқиды. Ал жоғары мектепте оқитын оқушылар 14-тен 16 жасына дейін өздерінің болашақ мамандықтары бойынша оқитын пәндерін жасақ­тап, сол сабақтарды ғана оқи­ды. Сонымен қатар жоғары мектептің соңғы екі сыныбында SAT атты қорытынды тестілеуге дайындалады.

Ал америкалық оқушыларды бағалау жүйесі A, B, C, D, F секілді әріптермен бағаланады және оның жанында әрқашан плюс немесе минус болады. Яғни, елдің білім саласында қолданылған бес баллдық бағалау жүйесі секілді. Мектептегі баға­ларының жиынтығымен GPA (grade point average) атты орташа балл қойылады. Бұл ЖОО-ға түсу кезінде едәуір рөл атқарады. Мұндағы оқушы үлгерімін бағалауда тестілеу ерекше орын алады. Тестілеу жүйесімен оқу­шылар бастауыш мектепте-ақ танысып, әр оқу жылының аяғында тапсырады. Осылайша орташа балын алып, орта мектепте GPA-сы неғұрлым жоғары оқушының сапалы білім беретін жоғары мектепке қабылдану мүмкіндігі артады.

Ал Қытайдағы білім беру жүйе­сі едәуір қиынырақ. Мұндағы оқушылар 6 жыл бастауыш мек­тепте оқыса, 3 жылдан орта және жоғары мектепте білім алады. Алғашқы алты жылда оқушылар қытай тілі, математика, тарих, география, музыка мен жаратылыстану пәндерін оқиды. Одан бөлек кейде мораль және этика бойынша қосымша са­бақтар өтеді. Сонымен қа­тар оқушылар практикалық бі­лім алып, түрлі шеберхана мен фермаларда еңбек ете алады.

Орта мектепте оқушыларға математика, шет тілі мен ғылыми пәндерді тереңірек оқи бастайды. Саясаттануға да ерекше көңіл бөлініп, ақпараттық технологияны игереді.

Қытайдағы білім беру жүйесі­нің жүктемесі ауыр болып есеп­телетіндіктен әр күн екіге бөлінеді. Күннің алғашқы жартысында оқушылар негізгі пәндерді оқы­са, түстен кейін қосымша пән­дерді игереді. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде де көп тапсырманың нәтижесінде оқу­шылар біраз уақытын білім алумен өткізеді.

Мектеп тәртібі өте қатал. Се­бепсіз он екі рет сабақтан қалған оқушы оқудан шығарылады. Бар­лық емтихандар тест түрінде өтеді, ал білім деңгейі 100 бал­дық жүйемен бағаланады. Орта мектепті бітіргеннен кейін қо­сымша жоғары білім алу міндетті емес. Егер баланың қалауы болса және ата-анасының қаржылық әлеуеті жетсе, жоғары мектепте оқуына болады.

Жоғары мектепте оқымас бұрын оқушы өз бағытын анық­тауы тиіс. Мәселен, ғылымды үйреніп, ЖОО-ға түсуді көз­десе академиялық бағытта, ал өндірісте жұмыс істеуді жос­парласа техни­калық мектепте білім алуы қажет.

P.S. Елдегі білім беру жүйесі уақыт пен заман талабына сай өзгеруде. Қоғамда бұл өзгерістерді қолдайтын да, бұрынғы жүйені қайтаруды қалайтындар да бар. Дегенмен көш жүре түзелетіні анық. Министрлік бұл өзгерісті білім беру саласы үшін оңтайлы санап, енгізгеніне сенім мол. Ал бұл өзгеріске тосырқай қараған ата-аналар мен оқушылар әлі-ақ жаңа жүйемен тіл табысып кетер. Десе де «Қазақтың тағдыры да, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі», – деген Мағжан Жұмабаевтың сөзін қаперден шығармау керек.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: