Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Білім ғимараттары талапқа сай ма?

28.05.2022

1264 0

Көктем аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Алдағы уақытта білім ошақтарын жөндеп, жаңа оқу жылына дайындық жүргізу қажет. Қалалық мәслихат депутаттары осыны назарға алып, «Мемлекеттік бағдарламалар аясында Қызылорда қаласында білім беруді дамыту туралы» мәселені сессияның күн тәртібіне қойған болатын.

Бүгінгі таңда балалардың сапалы білім алуы бірінші орында. Сондықтан да олар жайлы ғимаратпен қамтылуы қажет. Қалалық мәслихат депутаттары күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша рейд жүргізді. Алдымен «Бегім ана» бөбекжай-бақшасына барды. Балабақша меңгерушісі Жанат Мұханбетқалиқызы бөбекжай жұмыстарымен таныстырды.

–  280 орынға арналған балабақшада қазіргі уақытта 270 бөбек тәрбиеленуде. Бөбекжай мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын, үлгілік оқу бағдарламасын басшылыққа алып, жұмыс істейді. Қазіргі білім беру талабына сәйкес ойын арқылы баланы оқыту және тәрбиелеу қолға алынған. Мұндағы негізгі мәселе жеке кәріз құбырын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу және ғимараттың жылу орталығын сұйық отыннан «көгілдір отынға» ауыстыру, – дейді Жанат Мұханбетқалиқызы.

Сонымен қатар депутаттар «Абай» атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектепке барды. Мұнда үш тілде білім беруде ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. 

– Оқушылардың халықаралық IELTS, FLEX бағдар­ламаларына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне, оқушылардың білім-ғылым, шығармашылық бағытта ізденуіне толық жағдай жасалған. Балаларға сапалы білім беруде ұстаздар аянбай еңбек етуде. Біздің мектепте айтарлықтай мәселе жоқ. Тек ғимарат алдындағы автотұрақты асфальттау ұсынысы шешімін тапса, – деді мектеп директоры Жанат Сәдуақасова.

Қаламызда күрделі жөндеу көрмеген мектептер де жоқ емес. Бүгінгі таңда білім сапасына қойылар талап көп. Сондықтан да балалардың таза, жылы, заман талабына сай жабдықпен қамтылған ғимаратта оқуы маңызды. Сондай мектептердің бірі – С.Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мек­теп-лицейі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимарат 1964 жылы салынған.  Білім ошағы «оқуға құштар мектеп», «мектеп парламенті», «мектеп театры», «дебат клубы» бағыттарында жұмыс істейді.

– Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Көзге көрініп тұр. Сонымен қатар мектеп ауласына спорттық алаң салу жұмыстарын қолға алу қажет. Оның жобалық сметалық құжат­тары 298 млн теңгеге жасалып, дайын тұр, – деді мектеп директоры Алмат Рахметов.

Комиссия жұмысы қалалық мәслихатта жалғасты. Қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова депутаттардың білім саласына қатысты сұрақтарына жауап берді. Халық қалаулылары балабақшаларды газдандыру, балалардың жаз­ғы демалысын ұйымдастыру, үш ауысымдық мектептерді болдырмау мақсатында жұмыс істеу керектігін атап өтті.  Облыс бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін 20 мектеп болса, оның 11-і қалада екен.  Сондықтан оларды жөндеуден өткізу мәселеріне қатысты жоспарларды жүзеге асыру қажет.

– «Арай», «Саяхат», «Астана» шағын аудандары бойынша мектеп жетіспеушілігі өзекті мәселе. Сондай-ақ жеке бала­бақшалардың алдағы уақытта лицензиялау жұмыстары болған жағдайда, жеке балабақшаларға баратын 18 мыңнан астам балаларды қайда орналастырамыз? Осы мәселерге қатысты орынды шешім қабылдануы тиіс, – деді облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова.

Депутаттар жиынын қалалық мәслихат хатшысы И.Құттықожаев жүргізді.  Бүгінгі көтерілген ұсыныстар қаулыға енгізіліп, сессия қарауына шығарылып, тиісті шешімдер қабылданбақ.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: