Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Білімдінің күні жарық білгенге

30.08.2022

1358 0

Бүгінгі таңда елімізде білім беру саласы заманға сай болуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл бағытта Қызылорда қаласында тың ізденістер бар. Озық үлгілер кеңінен қолданылып келеді. Соның нәтижесінде жаңашыл жобалар жүзеге асып, білім саласында игілікті істер атқарылды.

Жақында қалалық білім бөлімінде жаңа басшы тағайындалды. Оған осы саланың тыныс-тіршілігін, аяқ алысын жақсы білетін білетін маман басшылыққа келді.   Қаланың жаңадан келген бас ұстазы – Ерлан Бодановпен біз де етене танысып, саланың жағдайы жөнінде сұқбаттасқан едік.

– Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сәттілік тілейміз. Бұл саланың жауапкершілігі жоғары, көтерер жүгі ауыр. Алдағы уақытта осы сала­ның тәжірибелі маманы ретінде қандай жоспар мен жұмысты жүзеге асырар ойыңыз бар?

– Санаулы күндерден кейін жаңа серпіліс, жаңа талаптары анықталған жаңа оқу жылы басталады. «Әр істің өз іргетасы бар» дегендей, әр жаңа  оқу жылының өз жоспар-жобасы болуы заңдылық. Жыл сайын дәстүрге айналған тамыз кеңесі бөлімге қарасты білім беру ұйым­дарында «Білім басты құндылықтары: терең, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақы­рыбында өткізілді. Жаңа оқу жылын қала бойынша 55 мектепте 76300-ге жуық оқушымен бастағалы отырмыз. Республикалық  деңгейде жүргізілуі ұсынылған «Тірек мектебі – магнитті мектептер» кешені», «Виртуалды мектеп», «Цифрлық мұғалім» пи­лоттық жобаларын енгізу жоспарлануда. Қала­дағы «Алтын Ұя» және «Сыр шуағы» бөбекжай бақшалары цифрлық білім беруге арналған «ІТ-балабақша» пилоттық жобасын бастады. Алдағы оқу жылында «ІТ-балабақша» бағытын балабақшаларға енгізу жоспарлануда. Бүгінде жаңартылған білім сапасына көп көңіл бөлінуде. Саладағы жоспарға сәйкес әрқайсысына жаңа­лықтар енгізуге тырысамыз.

– Әрбір ұстаз оқушы жетістігімен қуана­тыны анық. Өткен оқу жылын қала мектептері қалай қорытындылады? Оқушылар ұстаз үмітін ақтады ма?

– Қызылорда қаласы бойынша 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін 51 мектепті 2480 оқу­шы бітірді. 2480 мектеп бітірушінің 2389-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. ҰБТ қоры­тындысымен жалпы орташа балл – 76,6. Ең жоғарғы 137 балды №101 мектеп-лицей бітірушісі Дәулет Омаров жинады. Мемлекеттік грант кон­курсына 1959 түлек  талаптанып, оның ішінде 1259 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.

– Тағы бір оқу жылын бастағалы жатыр­мыз. Жаңа оқу жылына дайындық қалай? Қандай өзгеріс бар?

–  Бүгінгі күні барлық білім беру ұйымда­рында педагог қызметкерлер және кіші қыз­меткерлердің 100 пайызы жұмысқа қосылды. Мектеп ғима­ратының ішкі сырлау, әктеу, әрлеу жұмыстары толығымен аяқталды. Биылғы жылы оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне аздап тоқталып өтсек. Оқу жылының  ұзақтығы 1 сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптар­да – 36 оқу аптасын құрайды. Яғни оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Сонымен қатар қазақ тілді мектептерде «Әліппе» және «Ана тілі» пәндері оқытылады, орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныпта оқытылады. Орыс тілінде білім беретін мек­тептерде «Әліппе», «Сауаттылыққа оқыту» және «Қазақ тілі» оқытылады, ағылшын тілін балалар 3-сыныптан бастап оқиды. Биылғы оқу жылында 49 мектеп бес күндік оқу күніне ауысатын болса, үш аусымда оқитын 6 мектеп келесі жылы ауысады. Осылайша, бес күндік оқу күніне көшу мұғалімдердің де, оқушылардың да апталық жүктемесін азайтатын болады. Сонымен қатар спорт залдарының шамадан тыс жүктелуіне байланысты және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы оқу жылынан бастап дене шынықтыру сабақтарында сыныптарды топқа бөлу жүзеге асырылмайды. Өзін-өзі тану пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонент есібінен шығарылды және орыс тілі пәні топқа бөлінбей оқытылады. 

– Республикалық тамыз кеңесінде бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерек­ше назар аудару қажеттігі айтылды. Қала мектептерінде қандай шаралар қолданылады?

– Білім ордаларындағы балалар құқығын қорғау қалалық білім бөлімі тарапынан үнемі басты назарда.  Сондықтан қала мектептерінде осы бағытта 2022-2023 оқу жылына арналған нақты іс-шаралар жасалды. Ғимараттарда бала қауіпсіздігіне қатысты бейнекамералар, күзет қызметі, дабыл қаққыш түймелері қалалық ішкі істер бөліміне қосылған және мектеп ғимараты ішінде турникеттер орнатылған. Дәрет­ханалардың барлығы мектеп оқу ғимараты ішінде орналасқан. Жол патрульдік полициясымен мектеп маңайындағы жол қауіпсіздігіне қатысты кезекшілік ұйымдастырылған. Сонымен қатар қала мектептеріндегі ер жігіттерден азанғы, түскі, кешкі кезекшілік жұмыс істейді, балалардың жол қауіпсіздігіне қатысты қала мектептері әкімшілігі тарапынан түнгі рейдтік жұмыстары жұма, сенбі күндері ұйымдастырылған. «Жол сақшысы» атты оқушылар арасында әр оқу жылының қыркүйек, мамыр айларында байқау өтеді. Мақсаты – жол қауіпсіздігі ережесімен балалардың етене танысуы мен қызығушылығын көтеру.

– Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Қала мұғалімдерінің білім деңгейі қандай?

– Ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында қызмет атқаратын мұғалімнің дәрежесін көтеру – қай кезде де маңызды іс. Бүгінгі таңда мұғалім дәрежесін көтеру мақсатындағы жұмыстар үлкен маңызға ие болып отыр. Түп­теп келгенде, қоғам бұл мамандыққа ерекше жауапкершілік жүктейді. Олар баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады. Қала мектептерінде 7336 мұғалім дәріс береді. Олардың 6898-і жоғары білімді және 438-і арнаулы орта білімді мұғалімдер. Педагог-шебер – 16, педагог-зерт­теуші – 1721, педагог-сарапшы – 1829, жоғары санатты – 178, I  санатты – 321. Педагогтердің жалпы санынан бірінші және жоғары санаты бар педагогтердің үлесі – 54,4%.

– Оқулықпен қамтамасыз етуде қандай жұ­мыстар атқарылды? Әсіресе ауылдық округ балаларында кітап жетіспеушілігі болмай ма? 

– Жаңа 2022-2023 оқу жылында білім беру ұйымдарын оқулықпен толық қамтамасыз ету үшін қажетті 644 млн 566 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күні 11 баспамен келісімшарт жасалды. Жаңа оқу жылына дейін баспалардан оқулықтар толығымен жеткізіліп, білім беру ұйымдарына таратылатын болады. Бөлімге қарасты білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына оқулықпен толық 100 пайыз қамтылады.

– Өкінішке орай, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қатысты сынның көбі білім саласында қозғалатыны жасырын емес. Бұл мәселенің алдын-алуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, әлі де тамыры жойылған жоқ. Бұған шындық турасында қарау керек. Білім саласындағы бұл мәселеде көптеген олқылықтар кездеседі. Дегенмен оны жасырып, жаппай ашық түрде күресуді қолға аламыз деген сенімдемін. Сонда ғана оны жоюға болады. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты сынның алдын алу мақсатында біршама жұмыс жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйетегі Жолдауында «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», – деп атап көрсетті. Осыған сәйкес, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Нұржан Оспанов пен «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов мектеп басшыларымен арнайы кездесу өткізді. Ондағы мақсат сыбайлас жем­қорлықты болдырмау және алдын алу болып табылады.

– «Балалар жылында» балалардың жазғы демалысы қалай өтті?

– Қоғамның басты байлығы – балалар. Солар арқылы мемлекет дамиды. Бүлдіршіндерге жасал­ған қамқорлық негізінде өсіп өнеміз. Сол секілді қоғам болып, бүлдіршіндер тілегін орын­дау – басты парызымыз. Жазғы демалыс – оларға берілген мүмкіндік. Осы уақытта шат-ша­дыман күйге еніп, нағыз балалықтың тәтті дәмін келтіреді. Сондықтан да олар осы бақытты шақты сезіне білу үшін жазғы демалысын тиімді өткізуге көп көңіл бөлінеді. Осы орайда қалалық білім бөлімі тарапынан да бірқатар жұмыс жасалды. «Балалар жылы» аясында білім ордаларында мектепішілік лагерьде 24691 оқушы тынықты. Жалпыға міндетті оқу қоры есебінен 913 оқушы «Зерентай», «Сыр төресі», «Талдысу» тынығу лагерлерінде демалып қайтса, 1 маусым – Балалар күні аясында облыс әкімінің қолдауымен Көкшетау қаласында орналасқан «Балдаурен» Щучинск республикалық оқу-сауықтыру орта­лығында демалды. Сонымен қатар «Арай-Санрайз» тынығу лагерінде 60 оқушы демалды.

– Үш ауысымды мектептер бар ма? Бар болса мәселені қалай шешесіздер?

– Қаламызда жаңа мөлтек аудандардың, көпқабатты үйлердің бой көтеруімен, мөлтек аудандарда халық көптеп қоныстануда. Осы­ның есебінен «Абай» мектебі, №3, №101, №261, №264, №280  мектептерде жоспарлы қуат­тылығынан артық оқушы орындары бар. Бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқа­рылуда. Мәселен, «Абай мектебінің» ауласынан қосымша 550 орындық, №101 мектеп-лицей ауласынан қосымша 300 орындық,  №264 мек­теп-лицей ауласынан қосымша 600 орындық, №3 мектеп-лицей ауласынан қосымша 300 орындық оқу ғимаратын салу жоспарлануда. Сонымен бірге №261 мен Досан ауылындағы №280 орта мектептердегі орын тапшылығын шешу бойынша Қызылорда-Жезқазған тас жолы бойынан 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша мектеп 2022-2023 оқу жылы ішінде пайдалануға берілуі тиіс. «Бәйтерек» мөлтек ауданынан қатынайтын 300-ге жуық оқушыны №261, №280 мектептеріне орналастыру жоспарлануда. Жаңа оқу жылы қар­саңында Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицей күрделі жөндеуден өтті.

– Сұхбатыңызға рақмет. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Әңгімелескен

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: