Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 23:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Болашаққа бастар жол

19.07.2022

952 0

Аймағымызда білім саласына ерекше назар аударылған. Елдің болашағы білім саласымен тікелей байланысты болғандықтан, ол әрдайым қырағы қадағалауды, айрықша мән беруді талап етеді. Бұл бағытта жаңа әдістер, тың тәсілдер қолдану қажет-ақ.

Осы үдерістен шығу үшін Сыр өңірінде білім сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар жалғасын тауып келеді.

Өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші – білім Сондықтан да ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау – қашанда ең басты міндет. Аймақтың білім саласын сөз еткенде, алдымен ойға ұлттық бірыңғай тестілеу оралады. Биыл облыс оқушылары сынақтан сүрінбей өтті. Көрсеткішке көңіл толды. Бұл – әрбір ұстаздың жемісі. Облыс бойынша 7506 оқушы мектеп бітірсе, сынақ тапсыруға ниет білдірген түлектердің 6 452-і немесе 87% ҰБТ-ға қатысты. ҰБТ қорытындысы 815 оқушы 100-ден жоғары балды жинаса, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыс­тырғанда бір деңгейде қалып отыр. Ал 416 түлек 49 балдан төмен алып, шекті деңгейден өтпеген. Аймақ бойынша ең жоғары 137 балды қаламыздағы №101 мек­теп-лицейдің түлегі Дәулет Омаров иеленді. 

Одан бөлек өрендердің сапа көр­сеткіші олимпиадалық жетістігімен бағаланады. Өңірдің дарынды балалары бұл тұрғыда үнемі жақсы нәтижеге қол жеткізіп, аймақ абыройын арт­тырып келеді. Мәселен, биыл­ғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 101 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсында жүл­делі орындарға ие болған. Сыр дарындары аймақ қоржынына 16 алтын, 29 күміс, 56 қола әкелген.  Атап айтсақ, халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаларда 4 оқу­шы күміс, 9 оқушы қола медальді ие­ленді. Олар математикадан қашықтан өткен халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы, математи­кадан халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасы, Халықаралық Жәутіков, Түймаада олимпиадасы мен халықаралық «Ғылым әлеміне жол аша­мыз» және Ө.Жолдасбеков атындағы ма­тематикадан және механикадан зерттеу жұмыстары конкурсы сияқты беделді олимпиадаларда облыстың намысын қорғаған. Сондай-ақ жалпы білім бере­тін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғы­лыми жобаларда 88 дарынды оқушы оқ бойы оза шауып, 16 алтын, 25 күміс, 47 қола медальді иеленген. Сонымен қатар 2-4 сыныптан басталатын «Бастау» ма­те­матикалық турнирінде Сыр өңірі ко­мандалық есепте ІІІ орынға ие болған.

Еліміздің дамуына өзіндік үлес қосатын білімді дарындылар өсіп келе жатқанына қуануымыз қажет. Сондықтан да оларды мақтан ету – біздің парызымыз. Қазіргі уақыт – білімділердің заманы. Бәсекеде тек білімді жеңетіні анық. Сол үшін де балалардың жан-жақты дамуы, толықтай білім алуы үшін мем­лекет барлық жағдайды жа­сауда. Ал берілген мүм­кіндікті пайдалану жас­тарға берілген мін­­дет. Со­ның айғағы ретінде Мем­лекет бас­шы­сының тапсыр­ма­сы бойын­ша да­рын­ды бала­ларды қолдауға ерекше көңіл бөліне­тінін ай­­тып кеткен жөн. Мә­селен, алдағы уақыт­тан бастап халық­аралық зияткерлік олим­­пиадалардың жеңімпаз­да­ры қазақстандық ЖОО-да білім алу үшін ақшалай сый­лықтар мен грант­тарға ие болады. Оның ішінде алтын медаль ал­ған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медаль­ға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көле­мінде ақшалай сыйлық беріледі. Сонымен қатар оқушыларды байқауға дайындаған ұстаздарға да біржолғы сый­ақы төленеді. Сондықтан оқушы барлық зейінді білімге аударып, озық ойлы азамат атануға мүм­кіндік зор.

Өркениет биігіндегі мемлекеттер өмі­рін зерделесек, табысқа жетудің бірден-бір жолы – білім экономикасының дамуы. Яғни, сол елдер ғана көшбасшы бола алатыны дәлелденген. Бүгінде жастардың шет елдерде оқуына барынша жағдай жасалуда.

Жалпы білім саласындағы сапа мәсе­лесі жылдан-жылға жоғарылауда. Сапаны көтеру мақсатында бөлінген қаржы көлемі де артып келеді. Биыл жалпы бюджет 204,4 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 17% артқан. Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған арнайы «Жол картасы» іске асырылуда. Оған 4 млрд теңге қаржы қаралған. Биыл 28 инклюзивтік кабинет, 2 ресурстық ор­талық, 47 логопункт ашылады.

Робиндранат Тагор деген үнді ғұла­масы «Ұстаз шәкіртті өзінің білімі мен қабілетінің құрбаны етпеуі тиіс» деген екен. Яғни алдында жүрген балалардың білімі мен дағдысы олардың білгенінен әлдеқайда артық болуы тиіс. Ол үшін ұстаздар қауымы мен білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да арта береді. Яғни, өрендердің білім сапасы педагог мамандардың біліктілігіне де байланысты. Қазіргі таңда аймақтың барлық білім беру ұйымдарында 23 мыңнан аса мұғалім қызмет етеді. Олардың 21 851-і жоғары білімді.

Аймақта жастардың толыққанды бі­лім алуына жан-жақты жағдай жасал­ған. Өмірлік азық берер заманауи оқу ошақтары жыл сайын көбеюде. Әлі де көбейе берері сөзсіз. Экономикалық жағдайға қарамастан, қаламызда жаңа балабақша мен мектептердің көптеп ашылуын мемлекеттің білім мен бала тәрбиесіне деген ерекше көзқарасының, шынайы қамқорлығының айғағы ретінде бағалаймыз. 

Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 19568 оқушы келеді деп күтілуде. Оқу­шылар саны 2021-2020 жылмен са­лыс­тырғанда 6812-ге артады деп жос­парлануда.

Аймақтағы балалар санының өсу ди­намикасын ескере отырып, апатты және үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында 2025 жылға дейін 34 мем­лекеттік, 18 жеке  мектеп салы­натын болады.

Сапалы білімнің қолжетімділігін арт­тыруға жағдай жасау арқылы жүйенің серпінді дамуына ықпал етуге болады. Өйткені бәсекеге қабілетті білім бәрін жеңеді.

А.АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: