Жұма, 27 желтоқсан, 18:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Болашақтың» студенттері далада қалмайды

21.01.2023

1339 0

Қаладағы бұрынғы «Ақмешіт» институты мен «Болашақ» университеті бірікті. Енді аймақта «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа оқу орны құрылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте екі оқу орнының басшылары мәлімдеді.

Жақында аймақтағы белді оқу орны саналатын «Болашақ» университеті жабылады деген қауесет желдей ескен еді. Бес мыңға жуық студенті бар аталған оқу ордасы білім беру стандарттарына сәй­кес келмегендіктен лицензиясынан айырылған. Бұл жағдай өткен жылдың қараша айында болған. Деген­мен белгілі себептерге байланысты университет білім беруді тоқтатпаған. Оқу жылының аяқталуына бір­неше ай қалғанда жайсыз хабар естіген ата-аналар онда оқитын балалары үшін алаңдайтынын айтып, жанайқайын әлеуметтік желі арқылы жеткізген. Осы орайда «Болашақ» университетінің құрылтайшысы жур­налистерге арнайы брифинг берді.

– Соңғы кезде әлеуметтік желіде, халық арасында «Болашақ» университеті жабылыпты. Студенттер қайда барады? деген әңгіме айтылып жүр. Тіпті кейбірі менің атымнан басқаша ақпарат таратып жіберген екен. Мұның бәрі жалған ақпарат. Шын мәнінде, өткен жыл­дың аяғында оқу орнының лицензиясы тоқтатылды. Бұл жұмыстағы кемшіліктерге байланысты және жеке уни­верситеттерді біріктіру мақсатында жүргізілді. Мұндай өзгеріс өзге өңірлерде де болып жатыр.  Бұдан студентке де, мұғалімге де еш қиындық болмайды, – деді «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов.

Аталған білім ошағымен қатар «Ақмешіт» инсти­туты да талапқа сай болмағандықтан білім беру ли­цензиясынан айырылған еді. Осылайша сол кезеңде екі оқу орнын біріктіру арқылы ашық университет ашу жоспарланған. Бірақ аталған институт кеткен кемшіліктерді жойып Қызылорда технология және қызмет институты болып қайта құрылған.

Осы жағдайдан соң екі оқу орнының құрылтайшысы Бақберген Досманбетов пен Қылышбай Бисенов ашық университет құру туралы келісімге келгенін жеткізді. Бұл білім алушылардың игілігі үшін жасалмақ.

Өз кезегінде Қызылорда технология және қызмет институтының (бұрынғы «Ақмешіт») құрылтайшысы Қылышбай Бисенов ашық университет құру әлемдік тәжірибеде бар екенін тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы білім сапасына ерекше назар аударуда. Жеке оқу орындарын ірілендіру әлемдік тәжірибеде бар. Сол тәжірибені өз өңірімізде де қол­данудамыз, – деді ол.

Аймақтағы ірі оқу орны жабылады деген тұста көп студенттер Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне ауысуға өтінім берген. Аталған оқу орнының ректоры Бейбіткүл Сәрсемханққызы бүгінгі таңда 5 білім беру бағдарламасы бойынша 120 магистранттан, 32 білім беру бағдарламасымен 1200-ге жуық 1-4 курс студенттерінен өтініш түскенін айтады. Қазір ауысу процесі жүргізілуде.  Студенттер оқу орнының талабына сәйкес келген жағдайда қабылданады. Басымдық олардың білім деңгейіне берілмек. Десе де екі оқу орнының құрылуына байланысты студенттердің  өзге оқу орнына ауысуы өз еркінде. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: