Жеткіншектердің білім нәрімен сусындауы, сапалы білім алуына қызмет ететін мектептің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №211 орта мектеп. Бұл білім ордасын тәмамдаған талай шәкірт қазіргі кезде түрлі салада абыроймен еңбек етіп жүр. Ал мұнда білім беретін мұғалімдер – жоғары білімді, өз қызметін жетік меңгерген жандар. Газетіміздің «Шырағдан» айдарындағы кезекті мақалада осы мектеп туралы жаздық.
ҰЛТ ҰСТАЗЫ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП
Мектептің іргетасы 1989 жылы желтоқсан айында қаланып, бүгінгі күнге дейін шаһар шәкірттерін білім нәрімен сусындатып келеді. Типтік үлгіде салынған мектеп 1176 орынға арналған. Бұл білім ордасын ең алғаш болып Расима Жавзмагина басқарған. 1991 жылы мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.
Қазіргі кезде бұл мектеп Қызылорда қаласының 900-ге жуық шәкірті білім алса, 78 ұстаз қызмет етеді. Оның ішінде 6 жоғары, 6 І санатты және 3 ІІ санатты мұғалім бар. Ал мектепті Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, білікті ұстаз Әлия Көшкінбаева басқарады.
– Бұл мектепке мектеп директоры болып 2016 жылы тағайындалдым. Сол уақыттан бері педагогикалық ұжымның ынтымақтастығы, жаңашылдық көзқарастары менің қызметімді абыроймен атқаруға мол серпін беруде. Одан бөлек маған зор жауапкершілік пен айқын мақсаттар жүктелген. Бүгінде осының бәрін өзімнің ұжымыммен бірге абыроймен атқарып келеміз. Мектебіміз заман талабына сай материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Орта және жоғарғы буындағы кей сыныптарға жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер үш тілде оқытылады. Оларға сабақты арнайы тәжірибеден өткен ұстаздар жүргізеді. Мектеп шәкірттерінің білім деңгейі айтарлықтай жоғары. Ұлттық бірыңғай тестте де, арнайы жарыстарда да мұны дәлелдеп жүр. Ал біз, ұстаздар қауымы, шәкірттеріміздің дарынды болуы үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – дейді мектеп директоры Әлия Сейдуалиқызы.
БІЛІКТІ ҰСТАЗДАР БІЛІМ БЕРЕДІ
№211 орта мектепте қызмет ететін ұстаздар қауымы өз қызметінің нағыз шебері. Олар өздерінің шәкірттерінің келешегі кемел, болашағы жарқын болуы үшін аянбай еңбек етуде. Сондай ұстаздар қатарында көш бастап тұрған жанның бірі Мейрамша Қойшыбаева.
Ол өзінің бала кездегі арманына жету үшін 1979 жылы Қызылорда қаласындағы сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түскен. 1984 жылы жоғары оқу орнын физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығымен тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын Қармақшы ауданы, Жаңақала қыстағында бастаған. 1989 жылы №211 мектеп ашылған кезде қызметін ауыстырған.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп ашылғаннан бүгінгі күнге дейін қызметін абыроймен атқарып келе жатқан ұстаз бұл мектепті басқарған барлық басшымен бірлесіп жұмыс істеуде. Сондай-ақ аяулы ұстаз 1995 жылдан бері мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
– Осы кезге дейін біздің мектептен талай дарынды шәкірт түлеп ұшты. Білім жүйесіне ең алғаш рет 2004 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу енген кезде 11 сынып оқушымыз Ғалымжан Қожаев «Алтын белгі» иегері атанды. Сол кезде барлығы «Қалай жай мектеп оқушысы «Алтын белгі» алды?» деп таңқалған еді. Өйткені ол уақытта мұндай жетістікке тек гимназия, лицей түлектері жете алатын. Қазіргі кезде де білім беру деңгейін жоғары дәрежеге жеткізіп, оқушыларға сапалы білім беру үшін аянбай қызмет етіп келеміз, – дейді Мейрамша Тәжмаханқызы.
Мектеп ашылған кезден бері қызмет атқарып жүрген тағы бір ұстаз – Бақыт Алушаева. 40 жыл ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған анасының ізін жалғап дәл осы салаға келген Бақыт Тамашқызы бүгінде қызметін абыроймен атқаруда. №211 мектептің ашылуынан бүгінгі күнге дейінгі ғұмырын өз көзімен көрген ұстаз білім ордасының қалай өзгергені туралы айтып берді.
– 30 жыл ішінде мектебімізде біраз өзгеріс болды. Соның ішінде материалдық-техникалық база, білім беру жүйесі, білім беруде қолданылатын методика мен мамандарға қойылатын талаптар заман ағымына сай оң өзгеріске ұшырады. Білім қашанда заман талабына сай, маңыздылығы жоғары деңгейде болуы керек. Осы мақсатта министрлік соңғы уақытта біздің қызметке тың серпін беретін, баланың қабілетін ашуға мол мүмкіндік сыйлайтын жаңашылдықтарды енгізуде. Мектеп ұжымы да осы өзгерістерден шет қалмай, кәсіби дағдысын жетілдіруден аянып қалған емес. Еткен еңбек өз жемісін беріп, шәкірттеріміз талай додада алдыңғы шептен көрініп жүр, – дейді Бақыт Тамашқызы.
Білікті ұстаз №211 мектепте өзінің сүйікті ісімен айналысатын және сол арқылы ұстаздардың абыройын еселейтін нағыз педагог мамандар қызмет ететінін жасырмады. Бақыт Алушаеваның өзі де бұл саланың жетістігі қатарын арттырып жүрген маман. Оған 2013 жылы шәкірті Салтанат Мырзабектің республикалық пәндік олимпиадада І орынды жеңіп алып, «Алтын медаль» иеленгені-ақ дәлел.
ТАЛАЙ ДАРЫН ТҮЛЕП ҰШҚАН
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепті тәмамдаған талай түлек бүгінде қоғам арасында өз орнын тауып, еселі еңбек етіп жүр. Оның ішінде мұғалімдер, мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлік салада жұмыс істейтіндер бар. Бүгінде үлкен өмірге қадам басып, жауапты қызметтерді атқарып жүрген мектеп түлектерінің бірсыпырасын директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары айтып берді.
– Осы кезге дейін көптеген шәкіртіміз «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегері атанды. Қазір олар өмірден өз орнын тауып, қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып жүр. Айгүл Сағымбай деген оқушымыз қазір облыс әкімінің кеңесшісі қызметінде. Асхат Нәметша деген оқушымыз ҚазҰУ-да кафедра меңгерушісі болып жұмыс істейді. Айнұр Сағымбай атты шәкіртіміз бүгінгі күні өзіміздің әріптесіміз болып, №2 орта мектептің мұғалімі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері. Облыстық білім басқармасының бас маманы Әсел Ахметова да біздің мектептен түлеп ұшқан. Элеонора Әжібекова да облыстық қаржы басқармасында бас маман қызметін атқарып жүр, – дейді Мейрамша Тәжмаханова.
Мектеп қабырғасындағы шәкірттер талай білім додасында топ жарып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мысалы, Хадиша Жұмағұлова халықаралық «Жәлел жұлдыздары» байқауының ІІ орын иегері. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен ІV республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасында 11 сынып оқушысы Еламан Ибрагим ІІ орынды жеңіп алып, грант иегері атанған. Аманбек Перизат пен Нұрай Шайхисламқызы республикалық ғылыми жобаның облыстық кезеңінде І орын иегері атанған. «Зерде» оқушылардың зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары республикалық конкурсының облыстық кезеңінде 6 “Ә” сынып оқушысы Мадина Сәкенқызы ІІІ орынды жеңіп алған.
Дарынды шәкірттер спорт саласынан да кенде емес. Ермек Көкетов грек-рим күресінен халықаралық жарыстың қола медаль иегері. Диас Молдабеков Словакия елінде өткен каратэ жарысында жүлделі ІІІ орынға лайық деп танылған. Мұхамед-Әли Мағанатұлы да каратэдан Орта Азия чемпионы атанған.
БІЛІМ БЕРУГЕ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ БАР
32 жылдық тарихы бар мектеп бүгінгі күні заман талабына сай жасақталып, сапалы білім беру мен оқушылардың уақытын қызықты өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Ақпараттық технологияларды игеру мақсатында арнайы информатика кабинеті жабдықталып, бүгінде оқушылар заманауи технологияларды игеруде, ІТ саланың бастапқы кезеңімен танысуға мол мүмкіндік алған.
Өткен жылы мектеп игілігіне берілген биология кабинеті де пән мұғалімдеріне сабақты жаңаша форматта, оқушыларға қызықты етіп өткізуіне көп септігін тигізуде. Бұл туралы биология пәнінің мұғалімі Жанар Қалмұратова айтып берді.
– Жаңадан жабдықталған кабинет өткен оқу жылында берілді. Дегенмен ол кезде оқушылар онлайн форматта оқығандықтан толық пайдалана алмадық. Ал биыл дәстүрлі білім беру форматына көшкен кезде оқушыларға мұндағы құрал-жабдықтарды көрсетіп, сабақты қызығырақ өткізуді бастап кеттік. Бізде қазір электронды микроскоптар, арнайы препараттар, зертханалық жұмысқа арналған құрал-жабдықтар бар. Бұлардың барлығы оқушының тақырыпқа деген қызығушылығын арттыруға, макеттер арқылы сабақты жақсырақ түсінуге өз септігін тигізуде. Интерактивті тақтаның көмегімен тақырыпқа қатысты видео мен фото материалды көрсете аламыз, – дейді биолог.
Білім және ғылым министрлігінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне үстемақы төлеуді мақұлдады. Бұл өз кезегінде пән мұғалімдерінің қосымша арнайы спорттық үйірмелерді ұйымдастыруына себепкер болды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте де оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қосымша спорттық үйірмелер қызмет етеді. Оның ішінде үстел теннисі, баскетбол, волейбол, футбол, шахмат, каратэ секілді үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ оқушылар мұнда ұлттық спорт асық ату, тоғызқұмалақ, бес асық ойындарын үйрене алады. Одан бөлек алғашқы әскери дайындық пәні жанынан «Айбын» әскери-патриоттық үйірмесі ашылған.
– Мен өзім оқушыларға қосымша үстел теннисін үйретемін. Қазіргі кезде үйірмеге 39 оқушы қатысады. Ал жалпы мектепішілік спорттық үйірмелерге 240 оқушы қатысады. Олардың арнайы сабақ кестесі жасалған, таңертең және түстен кейін келеді. Жалпы оқушылардың қызығушылығы жоғары. Жақында қалалық мектептер арасында спартакиадаға қатысып ІІ орын иеленді, – дейді Мұрат Ералиев.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі басты мақсат – оқушылардың денсаулығы екенін жасырмады. Одан бөлек, алдағы уақытта осы спорт түрлерінен республика, әлем чемпиондарын шығару үшін де жұмыс істеп жатқандығын айтты.
Мектептің тағы бір ерекшелігі, мұнда оқушылардың өзін-өзі басқаруға мүмкіндік берілген. Жоғары сынып оқушылары басқаратын мектеп парламенті арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, мектептің оң имиджін қалыптастыруға үлестерін қосып жүр. Мектеп парламентін 2021-2022 оқу жылдары арасында 179 дауыс жинаған 9 «Б» сынып оқушысы Нұрай Есмағамбетова басқарады.
– Қазіргі кезде мектепішілік іс-шараларды, оның ішінде өзін-өзі басқаруға мектеп парламенті көп көңіл бөлуде. Қазір менің жанымда әр саланың міндеті жүктелген 5 министр бар. Олар тәрбие, білім, спорт секілді бағыттарға жауап береді. Жалпы мұндай парламент мектеп оқушыларына өздерін қызықтыратын дүниелерді мұғалімдерге жеткізуге, өзара ынтымақтастық пен бірлікке баулуға таптырмас мүмкіндік. Мұғалімдер әрдайым біздің бастамаларға оң пікірін беріп, оны жүзеге асыруға көмектеседі. Қазір біз оқу үлгерімін жақсарту мақсатында әр тоқсан сайын үздік оқушыларды анықтау, пәндік сайыстар ұйымдастыруды қолға алдық, – дейді парламент депутаты.
Мектеп кітапханасы да оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін үздіксіз қызмет етіп, заман талабына сай арнайы жабдықталған. Мұнда 23190 дана кітап қоры болса, оның 11148-і көркем әдебиет кітаптары. Сонымен қатар 230 дана электронды кітап бар. Мектеп оқушылары 100 процент оқулықпен қамтасыз етіліп қана қоймай, олардың өзі сүйген кітаптарын оқуға да мол мүмкіндік бар.
– Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырып отырамыз. Одан бөлек «Отбасылық оқырман» конференциясын жиі өткіземіз. Бұл өз кезегінде оқырмандарымыздың ата-аналарымен бірге кітап оқып, зейінін ашуға көмектеседі. Сондай-ақ кітапхана жанынан ашылған «Coworking» орталығында да түрлі басқосу, әдеби-мәдени шаралар өтеді. Қазіргі таңда менің 835 тұрақты оқырманым бар. Олар күнделікті кітапханаға келіп, өздерінің сүйікті кітаптарын оқиды, – дейді кітапхана меңгерушісі Әсел Болатқызы.
САПАЛЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ БІЛІМ БЕРЕДІ
Мектепте қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық санитарлық талаптар сақталған.
– 2 «А» сыныпта қазіргі кезде 24 оқушы бар. Бүгінде олар дәстүрлі форматта, мектепте оқып жүр. Ал біз өз кезегімізде олардың қауіпсіздігі үшін бар жағдайды жасаймыз. Әр сабақ сайын санитарлық тазалау, кварц шамын қосу арқылы ауаны залалсыздандыру шаралары ұйымдастырылады. Одан бөлек бастауыш сынып оқушылары қауіпсіздік шараларын да жетік меңгерді. Бастысы оқушылардың мектепке келіп оқитыны қуантады. Өйткені бастауыш сынып оқушыларымен онлайн форматта білім беру өте қиын еді. Ал қазір көз алдымызда отырған оқушыға сабақ түсіндіру, тақырыпты жетік меңгеруін қадағалау оңай. Ендігі кезекте біз олардың сапалы әрі қауіпсіз білім алуы үшін бар жағдайды жасап отырмыз, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Роза Берекенова.
№211 мектептің жоғары сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Олар өздерінің таңдау пәндеріне байланысты сол пән мұғалімдерімен дайындық жұмыстарын жүргізіп, арнайы сынақ тапсырып отырады. «Оқушыларымыздың көбісі физика-математика, дүние жүзі тарихы мен ағылшын пәндерін таңдап отыр. Қазіргі кезде білім деңгейі, сынақ тестілерінің көрсеткіші жақсы деңгейде. Біз олардың дайындық жұмыстарын қадағалап, сынақ жұмыстарында жинаған баллды саралап отырамыз. Биылғы жылы мектебімізді 46 оқушы тәмамдамақ. Оның барлығы да ҰБТ тапсыруға ниетті. Оның ішінде 2 «Алтын белгіге» үміткер оқушымыз бар. Алдағы уақытта дайындық жұмыстарын одан да күшейтіп, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін барымызды саламыз, – дейді 11 сынып жетекшісі Роза Мизанбаева.
Соңғы уақытта әлемде орын алған оқиғаларға байланысты еліміздің мектептеріндегі қауіпсіздікті күшейту жұмыстары қатаң қолға алынды. Осы мақсаттағы шаралар №211 мектепте де жүзеге асқан. Мектеп өмірінің қауіпсіздігіне байланысты 18 бейнекамера орнатылған. Оның 7-і мектептің сыртқы периметрін бақылайды. Одан бөлек арнайы күзет агенттігімен келісім-шарт жасалған. Ол агенттіктің күзетшісі мектепке бөгде адамдардың кірмеуін, ата-аналардың тексерістен өтуін бақылайды.
Сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты балалардың дене қызуын өлшейтін арнайы термометр, фильтрлеу аппараттары, санитайзерлер мен дезинфекциялау құралдары орнатылған. Бөгде адамдар мектеп турникетінен әрі қарай өте алмайды. Сондай-ақ ұжымдық вакциналау 100 процентке жүзеге асырылған. Қысқасы, оқушылардың қауіпсіздігі үшін білім ордасында барлық жағдай жасалған.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
(суреттер автордыкі)
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!