Дүйсенбі, 25 қараша, 11:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Діни білімді шетелде алған дұрыс па?

18.04.2023

1308 0

Бүгінде әлемнің белді оқу орындарында көптеген қазақ баласы оқып жүр. Бұл процесс сапалы білім алып, жақсы жұмыс тауып, жайлы өмір сүру үшін туындаған қажеттілік. Жастар таңдауының көш басында Еуропа елдері, АҚШ және Оңтүстік Корея тұр.

Талапкер білім алумен қатар, сол елдің мәдениетімен етене танысып, өз туған жерімен салыстыра қарайды. Өзге елдің даму үрдісін байқайды, тәжірибе жинақтайды. Дегенмен шетелде білім алудың пайдасымен қатар, қауіпті тұстары да қатар жүретіні сөзсіз.

Қазіргі жастардың шетелде білім алып, болашағына сеніммен қарап, елге қажет маман боламын деген ұмтылысы құптарлық іс. Алайда соңғы жылдары Таяу Шығыс елдерінде әртүрлі діни ағымдар белсенділігінің артуы мен дінаралық қақтығыстардың белең алуы, террористік ұйымдардың ашық әрекет етуі себебінен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрделеніп кетті. Бұған қоса қазіргі күнде түрлі жалған және деструктивті ағымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар өз қатарын толықтыруды көздеуде. Сондықтан ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің тарихы, мәдениетімен қатарқоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, біліп алғаны жөн.

Осы кезекте кез келген ата-ананың ойында «діни білім алудағы қауіптің алдын алу мақсатында жас түлек нені білгені дұрыс, кімдермен ақылдасқаны жөн?» деген сұрақ тұрады. Аталған сұрақтар бойынша біз Түркия мемлекетінің «Хасеки» академиясында білім алып жатқан Сыр елінің тумасы Бектас Нұртөре Еркінбайұлымен елдегі білім беру саласының өзіндік ерекшеліктері жөнінде сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Алғашқы діни білім алуға деген қы­зығушылық қай уақыттан басталды?

– Қалада «Болашақ» университетінде оқып жүрген кезде қысқы демалыста Астана қаласында «Әс-сәләм» мешітіндегі 14 күндік діни сауат ашу курсынан өттім. Сол жерде алғашқы діни сауатымызды аштық, Құран оқуды үйрендік. Намазды қалай оқу керек, оразаны қалай ұстау керек деген сияқты негізгі діни мағлұматты алдық. Осы курс аяқталуға жақын уақытта Астана медресесінде оқитын сыныптасым бар еді, сол жылы медреседегі соңғы жылы екен. Мені өзінің курстастарымен бірге болатын отырысқа шақырды. Ол орта менің діни білім алуға деген қызығушылығымды арттырды. Сөйтіп, университетті бітір­геннен кейін діни білім аламын деп шештім.

Оқуды аяқтағаннан кейін бірден Астана қаласындағы Астана медресесіне оқуға түстім. Алғашқы діни білім алған оқу орным Астана медресе-колледжі. Медресеміз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайды, исламтану мамандығы бойынша білім береді. Бітірген түлектер мемлекеттік колледж дипломын алады. Сондай-ақ дін істері басқармасында теолог болып, мешіттерде, медреселерде имам-ұстаз болып қызмет ете алады. Оған қоса ҚМДБ-мен келісімшарт жасасқан шетелдегі жоғары діни оқу орындарында діни білімін арттырып, тереңдетіп оқуға мүмкіндік бар.

Медресеміздің ерекшеліктерінің бірі мұндағы ұстаздардың басым көпшілігі діни білімді шетелдегі белді, сенімді оқу орындарында жетілдірген. Атап айтқанда, Түркиядағы «Хасеки» академиясында, Мысырдағы «Әл-әзһар» университетінде, еліміздегі Алматы қаласындағы «Нұр­мүбәрак» университетінде, Өзбекстандағы «Имам Әл-бұхари» ислам институтында, Малайзия еліндегі «Сұлтан Зейнул-абидин» университетінде және Катар мемлекетіндегі «Хаммад бин Халифа» университетінде оқып келген докторлар мен магистранттар сабақ берді.

– Бүгінгі күні білім алып жатқан академия сізді қандай ерекшелігімен қызықтырды?

– Осы кезде Түркия еліндегі «Хасеки» академиясында білім алып жатырмын. Бұл жерде 200-ге жуық шәкірт білім алуда. Соның ішінде 25 шәкірт Қазақстан азаматы. Жалпы Түркияда 12 «Хасеки» академиясы бар. Бұл оқу орындарында Түркия азаматтарынан бөлек, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моң­ғолия, Индонезия, Бангладеш, Әзір­байжан және Буркино-Фасо сынды мемлекеттерден келген студенттер білім алуда. Оқу мерзімі –30 ай. Алғашқы он айында араб тілі грамматикасы және түрік тілі оқытылады. Қалған екі жылында фиқһ, кәләм, тәпсір, хадис, мантық, Құран аудару секілді негізгі діни пәндер тереңдетіп үйретіледі.

Менің бұл оқу орнын таңдауымның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ҚМДБ мен осы оқу орнының арасында келісімшарт бар. Екінші, Түркия елінің діни ұстанымдары, салт-дәстүрлері, мәдениеті бізге жақын, яғни Ханафи мәзһәбін және Матуриди ақидасын ұстанады. Үшіншіден, Араб және түрік тілін жетік меңгеруге мүмкіндік бар. Оған қоса шәкірт білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.

– Соңғы жылдары шетелде діни білім алып жатқан қазақ жастарының саны артып келеді. Сіздің пікіріңізше, отандық теологиялық білім беретін оқу орындарының әлеуеті қандай?

– Марқұм Әбдіғаппар ұстазымыз бір уағызында айтпақшы, тәуелсіз Қазақстанымыз 30 жастағы жігіт сияқты. Отыз жастағы жігіттің үлкен қариядан алар ойы, түйер пайымы көп екені белгілі. Сол сияқты діни білім беруде жылдар бойы тәжірибесі бар елдерде шәкірттердің білім алуы еліміздің діни оқу орындарының әлеуетінің төмендігін білдірмейді. Кері­сінше, ол елдердің тәжірибесіне сүйеніп, өзімізді дамыту болып табылады. ХХ ғасырдың ортасында діни тұрғыдан әлсіреген Түркия араб елдерінен діни білім алған. Жылдар өткен соң Түркияның өз ғалымдары өзіне жететін дәрежеге келді. Сол сияқты еліміздің шетелдегі шәкірттері де біраз жылдан соң Қазақстан үшін жеткілікті болады. Елімізге танымал ұстаздардың да көбі шетелде білімдерін жетілдіргендер.

– Сіз шетелде оқуды жоспарлап жүрген жастар мен олардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз? Бірінші кезекте қандай дайындық сатыларынан өткені жөн?

– Шетелде діни білім алуды қалаған шәкірт ең алдымен ҚМДБ-ға қарайтын 9 медресе-колледждің бірінде немесе «Нұр-мүбәрак» университетінде оқып, негізгі діни қағидаларды үйренуі керек. Ешқандай діни білім алмастан шетелге барып оқуды сол жақта бастаудың қазіргі таңда қажеттілігі жоқ. Өйткені елімізде негізгі діни білімді үйрететін оқу орындары жетерлік. Елімізде білім алып болған соң шетелге шығып, діни білімді тереңдетіп, өз ісінің майталманы болу– құптарлық іс.

Ал шетелде діни білімнен басқа бағытта оқығысы келген талапкерлер үшін шетелге кетпей тұрып, мешіт ұстаздарынан, діни мамандардан кеңес алып, негізгі дін қағидаларын үйренуі қажет. Себебі жат елде түрлі теріс пиғылды діни ағымдар жетерлік.

– Әлі оң-солын танымаған жастарға шетелдік жат идеология мен күмәнді діни топтардың қауіптілігі қандай? Бүгінде күмәнді діни білім беру ошақтарында білімін жетілдіріп жатқан азаматтар да жоқ емес. Бұл туралы не айтасыз?

– Шариғатта әдет-ғұрыптың өзіндік орны бар. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, шетелде де діни білім алудың өзіндік жолы бар. Жолын білмегеннің адасуы да таңғалатын дүние емес. Қорқатын дүнием, өзі ғана адаспай, өзгені де адастыру қаупі жоғары. Сол себепті басында айтқанымдай, діни білім алмастан және ҚМДБ-ның ұсынысы болмастан шетелде діни білім алу дұрыс емес. Сұрақтың өзі айтып тұрғандай, жат идеология мен күмәнді топтардың дұрыс емес екені анық. Ең үлкен қауіп елдің ауызбіршілігін бұзу деп білемін. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ҚМДБ жанынан діни білім алу мақсатында көптеген шәкірттер баратын негізгі елдерде «Талаба» қауымдастығы құрылды. Құрылғанына аз уақыт болса да көптеген маңызды шаралар атқаруда.

– Оқу орнын бітіргеннен кейінгі жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– «Хасеки» академиясын бітіргеннен кейін мешітте имам, медреседе ұстаз немесе мемлекеттік орындарда теолог болып қызмет етемін бе деген жоспар бар. Бірақ әлі нақты шешпедім. Қай бағытта болсам да алған білімімді халықпен бөлісіп, ағартуға үлес қосуға тырысамын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбат соңында…

Кейіпкерімізден байқағанымыздай, шетелде оқу – ерік-жігерді, еңбекті, сонымен қатар көп ізденісті, өз бетінше үйренуді талап етеді. Жалпы қазір білектің күшіне емес, білімге арқа сүйейтін заман. Талабы таудай жастар мұны ескеріп, жат жерде жүріп оқудың қиындығы мен ауыртпалығына қарамастан, қарым-қабілеті мен білім-біліктілігін тереңдетіп жүр. Өйткені олар кез келген білім болашаққа салынған инвестиция деп біледі.

Әңгімелескен Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: