Бейсенбі, 25 сәуiр, 16:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Білім гранты: қарыз бен парыз

24.07.2021

2902 0

Мектеп бітірген түлектің ең үлкен арманы – өзі қалаған мамандығы бойынша грант жеңіп алу. Он бір жыл алған білімнің сыналар сәті де осы. Ата-ананың, ұстаздың үмітін ақтап, білім грантын жеңіп алса, дәл қазір одан бақытты адам жоқ. Білім қуған талапты баланың грантқа түсуге мүмкіндігі мол. Бұл – мемлекеттің білімге ұмтылғандарға қамқорлығы. Алайда «судың да сұрауы бар». Грантты жеңіп алған түлекке қойылар талап бар. Бүгінгі күнге дейін тек педагогика, медицина, ауылшаруашылық, ветеринария мамандығымен грант негізінде және «ауыл квотасымен» оқығандар кемінде үш жыл мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуге міндеттелсе, биылдан бастап бұл талап барлығына бірдей болды. Бір сөзбен айтқанда, грантпен оқығандардың барлығы оның қайтарымын кемінде үш жыл еңбекпен өтеуге тиіс.
Дегенмен жақсы жаңалық бар. Заң талабы жеңілдеді. Бұл туралы кейінірек…

Жақында ауыл түлегінің бірі сот пен жұмыс ортасында шапқылап, әбігерге түсті де қалды. Бақсақ, «ауыл квотасының» әжептәуір сұрауы бар екен.  Мұны жеңілдікті пайдаланып, оқуға түскен жастардың бәрі білгені жөн. Анығын айтар болсақ, «ауыл квотасымен» оқуға тегін түскендер диплом алған соң кез келген қалада қала алмайды. Өзі түлеп ұшқан туған жерге тағзым етіп, кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс. Алайда мұны ескермей, ауылға келгісі келмейтін талай дипломды маман қазір сотқа барып жүр. Мұндай көріністі көзбен көрдік.

Айару – ауыл түлегі. Ол да арман қуып, әсем Алматыда өзі қалаған мамандығы бойынша  оқуға түседі. Әрине, «ауыл квотасымен». Диплом алған соң ауылға қайтуды ойламайды. Әсем қаланың тұрғыны болуды қалаған оған жұмыс та табыла қояды. Университетті үздік бітірген жас маман, шет тілін жетік меңгерген. Мұндай маман жұмыссыз қалсын ба?! Үлкен қалада бір емес, бірнеше жұмысты қатар алуға да мүмкіндік жетіп артылады. Әр секундты бағалай білетін қала тұрғынына айналған ол ауылдағы үйіне қайта-қайта хат келіп жатқанына да мән бермейді. Бір күні құзырлы мекемеден қоңырау шалып, «сіз мынша миллион ақшаны мемлекетке қайтаруыңыз керек» дегенде талып құлай жаздайды. Амал жоқ, Алатаудан да биік арманын кішкентай шабаданына сыйғызып, елге қайтады. Қазір ауылда жұмыс істеп жүр. Ағылшын тілін жетік білетін маманның келгеніне бүкіл ауыл мәз. «Ауыл квотасының» негізгі мақсаты да осы болса керек.

Бұл бір мысал ғана. Бүгінде Айарудың «тағдыр­ластары» аз емес. Тіпті ауылға бармай, облыс орталығынан жұмыс таба алмай жүргендер қан­шама?! «Ауыл квотасының» қайтарымын түсінбей, сот табалдырығын тоздырып жүргендер де бар.

Тағы бір кейіпкер– Гүләйім (кейіпкердің есімі өзгертілді). Ол да сот алдына дейін барған дипломды маманның бірі. Бір айырмашылығы, Гүләйім білім грантымен оқу бітірген. Жас маман еңбек жолын оқу орны ұсынған жолдама көрсетілген алыс ауылға барып, мұғалім болуды қаламайды. Оның түсінуінше, ауыл мектебінде «ауыл квотасымен» оқығандар ғана жұмыс істеуі тиіс. Дипломды жас маманның арманы асқақ. Үлкен қаланың өміріне үйренген ол алақандай ауылға барып еңбек етуді қомсынды да. Қаладан жұмыс табыламын дегенше күткенім жөн деп шешім қабылдаған ол жұмысқа тұруға асықпады. Бір күні соттан хат келгенде асып-сасып қалды. Өзінің айтуынша, дәл мұндай талап қойылып, сұрау салады деп ойламапты.

– Университетті бітіретін жылы біздің мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуіміз талап етілетіні қайта-қайта ескертілді. Тіпті өзіміздің облыстан сұраныс бар екенін дәлелдейтін анықтама да сұралды. Әйтпесе, кадр жетіспей жатқан өзге аймаққа жолдама берілетінін білгеннен кейін таныс арқылы бір мектептен анықтама алып өткізе салдым. Дайын жұмыс қайдан болсын?! Бір жыл бойы түрлі салада жұмыс атқарып жүрдім. Тағы бір жыл өтті. Үшінші жыл дегенде мектепке жұмысқа орналастым. Бір күні қоңырау шалып, екі жылды босқа өткізген және құзырлы мекеменің сотқа шағымданған шығыны бар, бәрін қосқанда қомақты қаржы жалақымнан ұсталатыны туралы хабарлады. Жайбарақат өмірден маза қашты. Адвокат жалдау, сотқа бару басталды. Негізі мемлекеттік грантпен оқуға түскен соң бұған жауапкершілікпен қарау керек екен. Мен ауыл квотасын пайдаланғандарға ғана осындай талап қойылады деп түсініппін, – дейді ол.

Айыбын төлегендер бар

Грант негізінде білім алып, диплом алған соң талапты орындамағандардың бүгінгі жайын білу үшін «Қаржы орталығы» АҚ-на хат жолдаған едік. «Қаржы орталығынан» келген хатта мынадай деректер көрсетілген: «Өздеріне жүктелген міндеттерді орындаудан бас тартқан жас мамандарды оқытуға жұмсалған бюджет шығыстарын өтеу ретінде 504 991 762,3 теңгені және 17 098 049,70 теңге сот өндіріп алған заңды тұрақсыздық айыбын республикалық бюджетке қайтарды. 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі барлық кезеңде бюджетке 1 323 961 152,12 теңге оқу шығындары және 39 146 820,70 теңге заңды тұрақсыздық айыбы қайтарылды».

Көп көкейіндегі сұрақ

Мақала дайындау барысында «Қаржы орта­лығының» сайтындағы ақпараттармен де таныстық. Мұнда «Жиі қойылатын сұраққа жауап» бөлімінде көп көкейіндегі сұрақтарға нақты жауап та бар. Мәселен…

 – Ауыл квотасы бойынша оқу бітірген түлектің қаладағы мемлекеттік білім беру ұйымында немесе мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымында жұмысын өтеуіне құқы бар ма?

– Жоқ, егер жас маман заңның 47-бабының 17-тармағына сәйкес педагогикалық және меди­циналық мамандықтар бойынша ауылдық квота бойынша оқу бітірген болса, ол ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру/денсаулық сақ­тау ұйымдарында жұмысты өтеуге міндетті.

– Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқыған жас маман ЖОО-ны бітіргеннен кейін өз мамандығынан басқа мамандық бойынша мем­лекеттік ұйымға (әкімдік, салық комитеті, ХҚКО, банк және т.б.) өз бетінше жұмысқа тұрған бол­са, бұл жұмысты өтеу ретінде есепке алына ма?

– Жоқ, аталған ұйымдарда жұмыс істеу жұмысты өтеу есебіне саналмайды. Өйткені заңның 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл сәй­кесінше мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндетті. Заңда оқу бітірушілерді мемлекеттік ұйымдарға жұмысқа орналастыру үшін негіздер қарастырылмағандықтан, жоғарыда аталған ұйымдағы жұмысты өтеу мерзіміне есепке алу мүмкін емес. Жас маман мемлекеттік білім беру ұйымына (мектеп, балабақша, бөбекжай-бақша, кол­ледж, университет) және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына (ауруханалар, емханалар) жұмысқа орналасуы тиіс.

Оқу бітірген соң мемлекеттік білім беру ұйы­мында жұмыс істеп, міндетін ішінара орындаған жас маман тұрмыс құруына байланысты жұмысынан шығып кеткен жағдайда оның жұмыспен өтеу міндеті тоқтай ма?

– Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу міндетін тиісінше орындау үшін жас маман жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымында жұмыс істеуге не тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуге міндетті. Жұмысты өтеу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда, жас маман оны оқытуға бюджет қаражаты есебінен кеткен шығындарды республикалық бюджетке қайтаруға міндетті.

Заңгер не дейді?

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің персоналмен жұмыс және құқықтық мәселелер басқармасының басшысы Самал Ильясова осы мақалада көтерілген мәселе бойынша бірқатар сот процестеріне қатысқан. Ол мемекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған  жас мамандардың жауапкер ретінде сот процесіне тартылуын оқуға түскен кезде «Білім беру қызметін көрсету туралы шарт» талаптарына мән бермеуінің салдары деп түсіндіреді.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатын кез келген білім алушы және олардың ата-аналары жоғары оқу орындарында білім алу белгілі шығыстарды қажет ететіндігін түсінген жөн. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушыларға жұмсалатын шығыстар профессор-оқытушы құрамының еңбекақысын, білім беру қызметін көрсету үшін жоғары оқу орындары үшін қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуді және т.б. қамтиды.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған жас мамандардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі 27 шілде 2007 жылғы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңының 47-бабының 17-тармағымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту және «Білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №390 қаулысында қаралған.

Соның негізінде жоғары оқу орындары білім беру қызметін көрсету туралы шартқа білім алушы­лардың мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша мемлекет алдындағы міндеттерін көрсетеді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универси­тетінің 2021-2022 оқу жылына арналған білім беру қызметін көрсету туралы шартының 3-ші тарауы да мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алатындарға арналған. Онда білім алушылардың төмендегідей міндеттері көрсетілген:

1) ҚР «Білім туралы» Заңының 26-бабы 8-тар­мағының 3) тармақшасында белгіленген және Қазақстан Республикасының ауыл жастары қата­ры­нан шыққан азаматтарына берілетін квота ше­гінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын педагогтік, ауыл шаруашылығы ма­мандықтары бойынша оқуға түскен Қазақстан Рес­публикасының азаматтары жоғары университетті бітіргеннен кейін кемінде үш жыл тиісінше білім беру ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан ауылдық жерде орналасқан аграрлық бейіндегі ұйымдарда;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқын­даған өңірлерге қоныс аударатын және ҚР «Білім туралы» заңының  26-бабы 8-тармағының 6) тармақ­шасында белгіленген квота шегінде педаго­гикалық, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары университетті бітіргеннен кейін оқыған жеріндегі өңірде кемінде үш жыл;

3) Мемлекеттік білім беру тапсырысы не­гізінде педагогикалық мамандықтарға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында университетті бітіргеннен кейін кемінде үш жыл;

4) Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары университетті бі­тіргеннен кейін кемінде үш жыл меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтейтіндігі.

Сонымен қатар шартта мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша университетті аяқтағаннан кейін өздері іс жүзінде оқыған уақытқа мөлшерлес мынадай:

1) ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан;

2) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан ақылы негіздегі оқуға ауысқан;

3) ағымдағы немесе келесі оқу жылы ішінде кейіннен қайта қабылдау шартымен ЖЖБҰ-дан оқудан шығарылған жағдайларда осы тармақта көзделген мерзім шегінде жұмыспен өтейтіндігі айтылып, жұмыспен өтеу мерзімінің формуласы  және мемлекеттік тапсырыс бойынша шығыстарды өтеу міндеті білім алушылармен дербес орын­далатындығы нақты көрсетілген.

– Жыл сайын барлық жоғары оқу орындарында жас мамандардың жұмысқа орналасуы бойынша бөлуге қатысты комиссия құрылады. Ал медицина­лық мамандықтар бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан комиссия құрылады. Комиссия  грант негізінде білім алған студенттердің жұмысқа орналасуын қадағалайтын уәкілетті орган «Қаржы орталығы»  АҚ-на тиісті мәліметті жіберіп отырады.

Бұл ретте жоғары оқу орны қадағалаушы орган ретінде емес, жас мамандарды жұмысқа бөлу про­цесін орындаушы орган ретінде қатысады.  Жыл сайын арнайы комиссия құрылып, жас мамандарға жұмысқа орналасуға жолдама беріледі. Жолдама алған жас маман 1 қыркүйекке дейін  жұмысқа бару­ға міндетті. Егер жас маманды бөлу кезінде бос ваканттық орын болмаған жағдайда арнайы комис­сия жас маманның қолына жұмыссыз ретінде тіркелуге жолдама береді. Жас маман жұ­мыспен қамту орталығына барып жұмыс іздеуші адам ретінде тіркелуге міндетті. Жұмыс іздеуші адам ретінде тіркеуде тұрған уақыт мемлекет шығыстарын өтеу уақытына жатқызылатындығын ескерген жөн.

Заңда көрсетілгендей,  4 жағдайда ғана жас маман міндеттемеден босатылады:

Біріншіден, мемлекет жұмыс тауып бере алмаған жағдайда;

Екіншіден, І,ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі болса;

Үшіншіден, жас маман жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін болса;

Төртіншіден, аяғы ауыр әйелдер және 3 жасқа дейін бала тәрбиелеп отырған аналар босатылады.

 «Қаржы орталығы» АҚ-мен мониторинг жүргізу нәтижесінде міндеттемесін орындамаған жас мамандарды мемлекет алдындағы берешегін өтеуге қатысты талап арызбен сотқа жүгінеді. Сол кезде жас маман қай оқу орнында білім алса, сол жоғары оқу орны үшінші тұлға ретінде сот процестеріне қатысады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситеті үшінші тұлға ретінде осындай жағдайда сотқа қатысып жүр. Жас маман грант иегері атанғаннан кейін жоғары оқу орнымен келісім-шартқа отырып, онда мемлекет алдында үш жыл міндеттемелерін өтеуі тиіс деген норма қаралады. Студент оқу бітіргеннен кейін комиссия жұмыс жасайды. Комиссия берген жолдамамен жұмысқа орналасып, үш жыл міндеттемені орындауы тиіс, – дейді заңгер Самал Мырзамұратқызы.

Грант иегерлері үшін жақсы жаңалық

Мақала басында айтып өткеніміздей, биылдан бастап грантты жұмыспен өтеуге қатысты заң талаптары жеңіл­детілді. Заңгер түсіндірмесін қарапайым тілмен жет­кізер болсақ, грант қайтарымын жұмыспен өтеу тек белгілі бір мамандықтарға ғана емес, енді барлығына да қа­тысты. Заң өзгерісіндегі ең қуанышты жаңалық –  грант иегерлері диплом алған соң тек мемлекеттік ме­кемеде ғана емес,  мамандығына сай жекеменшік ме­кемелерде де өтеуге болады. Сонымен қатар сту­денттердің грантта оқыған жылдарын ғана өтеуге де жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. Олар грант арқылы 3 курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-інші курста ақылы бөлімге ауысатын бол­ған. Грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шы­ғындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді. Мә­селен, студент грантта екі жыл оқып, кейін ақылы бө­лімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады. Дәл осы норма ақылы бө­лімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты» деп жазды.

P.S. Грант негізінде оқудың да сұрауы бар. Грантта оқып, дипломды алып, кейін өтеуін төлеп жүрмес үшін грант негізінде оқудың талабын білген жөн. Түлектердің мамандық бойынша жұмыс істеуге міндеттеу еңбек нарығын зерттеуге септігін тигізетін болар. Бұл алдағы уақытта сұраныстағы мамандықты таңдауға бағдар бермек. Әйтпесе, дипломды сандыққа салып тастағандар қаншама?..

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: