Жұма, 29 наурыз, 12:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ертегі мен шындық

01.12.2021

937 0

Балалық шақта ертегінің әсері мен қызығына тоймай өскен баланың біріміз. Сондықтан бүгін осы жайында сөз қозғағым келіп отыр. 

«Қандай адам болса да оның жүре­гіндегі бала күнгі естеліктің бейнесі шешім қабылдар шақта жолбасшы болады» дейді бұрынғылар. Немесе, ұстазымның сөзімен айтқанда «Әрбір адам – бала, тек жыл өткен сайын кейбірі сол ішіндегі «баланы» жоғалтып алады». Мәселе де осында. Сондықтан баланың жүрегінде мәңгілік адал көңіл мен ақ пейіл сезімдердің сарқыншағы қалуы үшін ертеден ізгілікке шақыратын қиял ғажайып оқиғаларды насихаттау маңызды. Мұны ғылым да қолдайды. Осы орайда әлемде көп айтылатын әрі үздік саналатын Жапон елінің тәжірибесі мен дүниетанымын тілге тиек еткім келеді. Онда атақты «Гибли студиясы»(Studio Ghibli) аталатын ани­мациялық орталық жұмыс істейді. Өз кезегінде түрлі ертегі-аңыздар желісінде анимациялық фильм түсіру арқылы аты әлемге танылған студия адамдарды тек жақсылық үстемдік құрған қиял ғажайып әлеміне жетелей алды. Бұл ертегі әлемінің танымалдығын арттырудың тың жолы еді.

Соңғы жылдары жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау (суицид) оқиғалары кездесіп жатады. Біздіңше, оған себеп – бала күндегі ертегі мен аңыз әңгімелерді оқымаудың, бойға сіңірмеудің салдары. Ата-әженің тақпақтары, мақал-мәтелдері мен тәрбиелік мәні зор өлең-жырларын тыңдамағанның әсері. Өйткені ешқан­дай ертегіде қиындыққа жолыққан батыр­дың берілгені, қиындыққа тап бол­ған адамның қиындықтан жеңілгені баяндалмайды. Керісінше мыстан кемпір­дің тісі тұлпарды өлтірсе де жолынан қайтпаған батыр, қиындыққа тап болса да сапарының соңына аман-есен жеткен жолаушы оқиғалары алға ұмтылуға, қиын шақта жол табуға үн­дейді. Осындай шығарма оқып өскен жан қиындыққа барынша төзіммен қарайды. Өмірдің түрлі қиындықтарына оңай берілмейді.

Кез келген ертегінің сюжеті қан­шалықты шиеленісті болғанмен, соңында барлығы мақсат-мұра­ты­на жеткен жақсылықпен қоры­тындыланып отырған. Оған мысал, «Күлше қыз­дың тағдыры», «Ер Төстіктің ер­ліктері», «Қадірдің жүрген жолы», «Ақшақардың хи­каясы». Әңгіменің соңында трагедия­лық мұңды дүниенің болмауы ал­дымен жастардың мораль­дық соққы алмауы мен көңіл-күйінің көтерінкі болуын ойлаудан туған.

Ертегінің бала болмысының, та­нымының, ойлау қабілетінің дамуына қосар үлесі мұнымен шектелмейді. Сонымен бірге кітап оқуға деген құштарлық пен шығармашылық қа­білеттің дамуына сеп болады. Талай ақын-жазушыны «кітаптар еліне», әдебиетке әкелген де осы ертегі. Тіпті ертегі тұрмысы ауыр болған, соғыстың небір зұлмат жылдарына куә жандардың адамдық қасиетін сақтауына да бірден-бір себепші болды. Сондықтан қазіргі уақытта балалардың мейірім жолынан тай­қымас үшін ізгілікке, жақсылыққа құрылған мултьфильмнің рөлі зор дер едім.

Бұрын бұл міндетті әжелер ат­қаратын. Хакім Абайдың әжесі Зеренің немересін ертегі-жырмен, аңыз-шежі­ремен өсіргенінің өзі қазірге дейін елге үлкен ғибрат болған жоқ па.

Сөз соңы. Бүгінде жастар кітап оқымайды, шығармашылық даму тұралап қалды деген сөздерді ел ішінде жиі естиміз. Алайда осылай даурыққандар арасынан мәселенің шешілу жолдарын ұсынғандарды көре бермейміз. Сол себепті біздің мақсат ақыл айту емес, жұртшылықты (жастар ғана емес) кітап оқуға баулу, ізденіске шақыру еді. Бар айтқымыз келгені – осы.

К.Ақтан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: