Бейсенбі, 25 сәуiр, 07:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кибербуллинг – қоғамды алаңдатқан мәселе

01.12.2022

842 0

Қызылорда қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейінде 29 қараша күні 6-7 сынып оқушыларымен «Жасөспірімдер арасында буллинг, кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында сала мамандарымен кездесу ұйымдастырылды.

Оқушылармен кездесуге облыстық жастар денсаулығы орталығының  психолог маманы Жансая Насрадинқызы Бижанова қатысты.

Кездесуде мектеп оқушыларына соңғы уақытта ғаламторда балаларға жасалатын кибербуллинг туралы түсіндірілді. Буллинг пен кибербуллинг баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізеді. Бүгінде жат ағымның жетегінде кеткен жастардың басым көпшілігін де осы кибершабуылдың құрбаны деп қарауға болады. Қазіргі таңда статистикалық мәліметтерге сәйкес, еліміздегі жасөспірімдердің 12 пайызға жуығы осы кибербуллингтен зардап шегеді екен. Осы мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек» деп баса айтқан болатын.

Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасалады әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Қоғамда «буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады» деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, барлық жерде буллингке ұшырауы мүмкін. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді. Кибербуллинг – интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін.

Осы күні ғаламторда баланың өз-өзіне, жақындарына, туыстарына қол жұмсауына итермелейтін ойындар да аз емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын кибербуллингтің бастамасы саналатын «Көк кит», «Тыныш үй», «Мені сағат 04:20-да оят», «Қызыл жапалақ», «Киттер мұхиты», «Құс жолы», «NaN», «F57» сынды ойындар дүние жүзін дүрліктіргені әлі есте. Енді осындай қауіпті ойындардың қазақ тілінде де пайда бола бастағаны жұртшылықты алаңдатуда.

Міне, оқушылармен кездесуде осы ақпараттар айтылып, оның қауіптілігі мен алдын алудың маңыздылығы түсіндірілді. Мұстафа Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейінің оқушылары да тақырыптың өзектілігін түсініп, өздерін толғандырған сұрақтарды емін-еркін ортаға салып, маманның кеңесін алды. Жалпы мұндай алдын алу, түсіндірме шараларын жүргізу қауіптің алдын алатыны сөзсіз.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: