Сенбі, 21 желтоқсан, 16:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мектептер қысқа дайын ба?

07.10.2023

480 0

Қыстың қамын жаз ойлау – ежелден қа­лыптасқан әдет. Бұл – алдағы суық күндерде тоңып, жаурап отырмаудың алдын алу шарасы. Әсіресе әлеуметтік нысандардың, оның ішінде білім ошақтарының қысқы мезгілге сақадай сай болуы маңызды.

Облыс орталығында қалалық білім бөліміне қарасты 56 жалпы білім беретін мектеп пен 28 мемлекеттік балабақша, 3 қосымша білім беру орталығы мен кешкі мектеп жұмыс істейді. Оның 51 нысаны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.

Білім бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, 31 білім беру ұйымы «Қызылорда жылу электр орталығы», 18 нысан  «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» МҚК арқылы жылытылады екен. Соны­мен қатар Белкөл кентіндегі «Қызылорда жылу электр орталығы» МҚК-ның шағын бу қазандығы кенттегі 2 білім ошағын жылумен қамтамасыз етеді.

Биыл қысқа маусымға дайындық барысымен жөндеуді қажет ететін жылу құбырлары қайта жаңғыртудан өткізілді. Сала мамандары қаланың жылу жүйесі дайын екендігін айтуда. Ал өңірдегі қыстың қара суығын жұртшылық жақсы біледі. Сондықтан балалардың жылы да жайлы жерде білім алуына, мұғалімдердің де еркін сабақ беруіне жағдай жаслау керек-ақ.

Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосыл­ған білім беру нысандарынан бөлек 28 білім мекемесі жекелеген бу қазандықтары және кіші пешпен жылытылады. Оның ішінде жанар-жағар май отынымен 26 нысан, қатты отынмен жылытылатын 2 мектеп бар. Сондай-ақ 3 білім ордасы мен 5 балабақшаға газ жүргізілген. 

Қалалық білім бөлімі 2023-2024 жылғы жылу беру маусымына дайындыққа ертерек қамданып, қыркүйек айына дейін барлық 87 білім беру нысанының жылу батареяларын жуу-шаю жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде оларға дайындық паспорты берілген. Сонымен қатар отын қорын қажет ететін мектептер мен балабақшаларға келісім шарт негізінде тиісті жұмыстар жүргізілген.

Қазіргі таңда 532,7 тонна дизель отынының қоры жасақталған. Ал қатты отын қоры 209 тоннаны құрайды. Мамандар қордағы отын көлемінің тиісті білім ошақтарының қыстан қысылмай шығуына жететіндігін айтады. Қазірдің өзінде дизель отынымен жылытылатын  15 оқу ордасында 80 тонна дизель отыны бар.

Сұйық отынмен жылытылатын мектептерден бөлек тағы 9 балабақша бар. Оларда 45 тонна дизель отыны жасақталған.  Ал жыл соңына дейін 315, тонна сұйық отын қарастырылған.

Ал қатты отынды қажет ететін №128 және №218 білім ордасы жыл аяғына дейін келісім-шартқа отырған. Қазір аталған білім ошақтарына 166 тонна қатты отын жеткізілген. Бұл жыл аяғына дейін мектептерді жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті болмақ.

Бүгінде алдағы жылу маусымына орай барлық білім ошақтары дайындық паспортын алып, толық отын қорын жасақтаған.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: