Бейсенбі, 03 шiлде, 05:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48,2161
01.07.2025
PDF мұрағаты

Оқу-ағарту министрі білім саласындағы жемқорлықпен күресуді бастайды

02.07.2025

119 0

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қыркүйектен бастап жеке мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда жемқорлықпен күресуді бастайды. Бұл туралы министр Парламент кулуарында айтты, деп хабарлайды kz.kursiv.media.

«Қазір мемлекет жеке мектептерге қолдау көрсетіп, қомақты қаражат бөліп жатыр. Біз бұл ақшаның қайда жұмсалып жатқанын бақылауымыз керек. Түсінем, жекелеген мектептерге бұл ұнамауы мүмкін. Әрине, тегін келіп жатқан ақшаны тексергенді ешкім жақтырмайды. Ол үшін мені жақсы көрмесе де болады. Бірақ ештеңеге қарамастан, біз тоқтамаймыз. Жұмысты жалғастырамыз. Біз мемлекеттің әр тиыны балаларымызға толығымен жетуін қадағалаймыз», – деді министр.

Министрдің айтуынша, жеке мектептерге қатысты шағым көп. Солайша министрлік жекелеген балабақшалар мен мектептерге де тексеріс жүргізуді жөн деп тапқан.

Сондай-ақ журналистер мектеп бухгалтерлері арасындағы жемқорлық артқанын айтып, ұрлықпен қалай күресетінін сұрады.

«2023 жылдан бер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірге барлық білім беру ұйымдарына тексеріс бастадық. Бұл жұмыстар барысында соңғы 5-6 жыл ішінде 18 млрд теңгенің ұрланғанын анықтадық. Бұдан бөлек мектептерде ақша жинау, пара алу сынды заң бұзушылықтар да жойылмай отыр. Біз оған да қарсы күресіп жатырмыз. Біз мемлекеттік ұйымдарды ғана емес, барлық жеке ұйымдардағы жемқорлық мәселесін шешуді қолға алып жатырмыз. Жұмысты осы оқу жылынан, қыркүйек айынан бастаймыз», – деді министр.

Айтуынша, бірыңғай кезек базасы енгізілгеннен кейін, мектепке дейінгі ұйымдарда 20 мыңнан астам «өлі жандар» анықталған. Бұл жүйе негізінде екі өңірден 20 млрд теңге үнемделген.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: