Жексенбі, 24 қараша, 09:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Оқушылар арасында әлеуметтік алшақтық болмауы керек

11.09.2021

1156 0

«Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында.

Білім саласына сапалы кадрлар тарту – маңызды мәселе. Президенттің ерекше көңіл бөлуі саладағы сапалы қызметті арттыруға септігін тигізеді. Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Президент бұл мәселеге ерекше назар аударды. «225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн» деп нақты шешілу жолын айтты.

Сонымен қатар балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу мәселесіне де айрықша көңіл бөлу керектігін жеткізді. «Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді» деп жастардың кәсіби білім алуын құптады. Мұнан бөлек оқушылар арасында әлеуметтік алшақтық болмауын да назарға алды. «Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн» деді Президент Жолдауда. Мемлекет басшысының бұл сөздері халықтың көптен күткен қолдауы еді.

«Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу – өрлеу де болмас еді» деді жиырмасыншы ғасырда Әлкей Марғұлан. Қайраткердің бұл сөздері бүгінгі күні де маңызға ие. Білім саласы да жаңа ғасырдың жаңашылдығына бейімделе отырып дами түсуі керек. Уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білуіміз қажет. Жолдау соңында Президент «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз – берекелі бірлікте! Ендеше, бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!» деді. Жауапты қызметімізде бізге артылған сенім мен жауапкершілік жүгін сезінеміз. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін еңбек етеміз.

Гауһар МОЛДАБАЕВА,

Байзақ Ермекбаев атындағы №271 орта мектептің директоры

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: