Сенбі, 21 желтоқсан, 22:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қадыргүл Шаймағамбетова, №176 орта мектептің директоры: «Оқушы алдыңғы қатардан көрінсе, менің жеңісім»

05.10.2021

2041 0

Оқушының алған білімі мен көрген тағылымды тәжірибесін бойына дарытуға, дүниетанымын қалыптастыруға алғашқы баспалдақ – мұғалім. Шәкіртінің әрбір жетістігі мен талабына мақтанышпен қарайтын ұстаз көңілі қашанда балаға деген ақ тілекпен астасып жатады. Сондықтан ұстаз бен оқушының болмысын тану, өзара байланысын дәріптеу – мұғалімнің өмір жолын бағамдау арқылы ғана қол жететін нәтиже. Осы орайда Тасбөгет кентіндегі №176 орта мектептің директоры, білікті ұстаз Қадыргүл Шаймағамбетованың өмір жолы да өнеге мен тағылымға толы. Мұғалімдер күні тәжірибелі басшы, білікті маманның ұстаздық қырына терең үңіліп, көңілдегі ойтаразысын саралауды жөн көрдік.

1985 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін аяқтаған ұстаз өмірін шәкірт шамшырағын жағуға арнайтынын жете түсінген. Оқу бітірісімен сол кездегі облыстық білім басқармасының бастығы Әли Мүсілімовтың пәрменімен ауылға жолдама алған бір топ жастың қатарында Қадыргүл Бердібекқызы да бар еді. Осылайша өзінің өсіп-өніп, білім алған Жалағаш ауданының Аққыр совхозындағы №188 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасқан. Білім беру саласындағы алғашқы қадамын туған ауылында бастап, 2-3 жыл қызмет атқаруға мүмкіндік алады. Кейін отбасы жағдайына байланысты Тасбөгет кентіне қызмет ауыстырады.

1987-1988 жылдары аралығында қазақ тілінің мәртебесіне ерекше мән беріліп, жаңа заң қабылданып жатқан уақытта ұлағатты ұстаздың да жаңа тынысы ашылады. Жас болса да мойнына үлкен жүк алып, жауапты қызмет атқарады. Қадыргүл Шаймағамбетованың өзі өмірінің осы белесін былайша еске алады.

– Қызмет іздеп, аудандық білім бөліміне бардым. Ол кезде Мәді Маханов республикада алғаш сайлау тәртібімен тағайындалған басшының бірі екен. Ол кісі менің дипломым мен еңбек жолыма қарап, аудандық әдістемелік кабинетте қазақ тілі мен әдебиетінің әдіскері болуды ұсынды. Небәрі 2-3 жылдық жұмыс өтілім болса да мұндай жауапты істі тапсыруы маған үлкен сенім сыйлады. Алайда жауапкершікті сезіп, басшыға «мен қалай мұндай жауапты қызмет атқарамын?» деп сұрақ қойдым. Сонда М.Маханов «Қызым-ау, жұрт мұндай білім бөлімінде жұмыс істеуді армандап жүр. Сенің дипломыңа қарап, осы жерге лайықты екеніңе сеніп отырмын. Қалай істеймін дегенің не?» деп бір күліп алды. Осылайша ол кісінің командасында мен 10 жылдай қызмет атқардым. Бұл 10 жыл мен үшін тәжірибем толысқан және өсуге, дамуға құлшындырған кезең болды деп айта алам.

Қадыргүл Шаймағамбетова, №176 орта мектептің директоры: «Оқушы алдыңғы қатардан көрінсе, менің жеңісім»

Әлі есімде, сол уақыт қазақтың бес арысы қайта оралып, қазақ әдебиетінің тағы бір тынысы ашылғандай болды. Мәселен, біз ол зиялылардың еңбектерін жоғары оқу орнында оқыған емеспіз. Тіпті мектептің оқу бағдарламасына мүлдем енбеген тұсы. Енді осы бес арыстың, қазақ зиялыларының шығармаларын оқыту, оларды таныту үлкен жұмысқа айналды. Оған қоса зиялыларды оқушыға емес, бірінші ұстазға таныту керек болды. Өйткені ұстаздардың өзі бес арыстың шығармаларымен таныс емес еді. Ол кезде Сырдария ауданында барлығы 32 мектеп бар-тұғын. 95 қазақ тілімен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Біз осы жұмыстарды ілгерілету мақсатында екі «атаулы мектеп», екі «озат тәжірибе» мектептерін аштық. Біріншісінде еңбек өтілі көп, тәжірибелі ұстаздар дәріс алса, екіншісінде жас мамандар білімін жетілдірді, – деді Қадыргүл Шаймағамбетова.

Алтын ұяның жаңа белесі

Тәуелсіздік жылдары – қоғамдық өмір ғана емес, саяси құрылымның өзгерген шағы. Сыр өңіріндегі осындай өзгерістің бірі 1997 жылы Сырдария ауданының тарауымен тығыз байланысты. Түрлі мекемелер ыдырап, халық абыржып қалған еді. Осындай қиын кезең Қадыргүл Бердібекқызын да маңызды таңдау жасауға итермеледі. Әуелі №176 орта мектепте директордың орынбасары қызметін атқарса, кейін сол мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орнықты. Арада бірнеше жыл өткесін №176 орта мектеп директорының әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған. Нәтижесінде 10 жыл аудандық білім бөлімінде, 10 жыл мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарған Ал 2007 жылдан мектептің тізгінін ұстап, директор қызметіне кірісті.

Алайда басшылық жасаған білім ұясының материалдық-техникалық базасы, ғимараттың жай-күйі ұстазды алаңдатпай қоймады. Директор қызметіне кіріскеннен көптеген бағдарламалар мен жобаларға қатысып, мектептің заман талабына сай болуы үшін аянбаған. Білім ошағының егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындығы мен даму жолын білікті басшының өзі тебіреніспен еске алады:

– Мектеп ғимараты 1990 жылы салынып, бір жылдан соң пайдалануға берілген. Ол кезең Кеңес үкіметі тарап, әр елдің тәуелсіздікке ұмтылған әбігер шағы. Сол уақытта мектеп ахуалы да нашар еді. Төбесі шатырланбаған, жылу жүйесі нашар болатын. Мектеп іші салқын, балалар қалың киініп отыратын күндер де өтті. Мен осының бәрін көзбен көргесін директор болған уақыттан бастап, материалдық базаны жақсартуды қолға алдым. Осы орайда жергілікті мәслихат депуттаттары мен қала әкімдігімен байланыс орнаттым. Сол уақытта 15 млн теңгеге мектепті шатырмен жаптырдық. Оған қоса мектеп жанында тұрған бос ғимаратқа тағы 15 млн теңгеге жөндеу жұмысы жүргізілді. Міне, мәселені дер кезінде көтеріп, лауазымды азаматтардың мұрындық болуымен жағдай оңалған еді. Ауыз толтырып айтатын жаңалықтың бірі – әлеуметтік сала бойынша Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қайтарымсыз несиесін алуымыз. «Шөп тамырлары» атты жобаға қатысып, 16 млн теңге жеңіп алдық. Бұл қаржыға мектептің барлық терезесін ауыстыруға жұмсадық. Бұдан өзге де көптеген мемлекеттік бағдарлама мен әлеуметтік жобалар шеңберінде білім ошағына құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Жалпы менің жетістігім мектеппен тығыз байланысты. Оқушы алдыңғы қатардан көрінсе, менің жеңісім. Қандай биікті бағындырсақ та бәрі ұжымның арқасы. Алайда мен жеке-дара көш бастадым демеймін. Мұның барлығы командамдағы білімді қыз-жігіттердің жұмысының нәтижесі. Көп жылдан бері олармен иық тіресе қызмет атқарып, нағыз табандылық пен өз ісіне шын берілген маманның қандай болатынына көз жеткіздім, – деді ұлағатты ұстаз.

Қадыргүл Бердібекқызының тағы бір қыры – жаңашылдығы, өзі ісіне құштарлығы. Мәселен, білікті маман қаладағы 12 мектеп директорымен бірлесіп «Серіктестік директорлар лигасын» құрған. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да лига TEDx алаңын өткізіп, мектеп оқушыларының өзін-өзі басқаратын мектеп парламентін құрып, тіпті «жасыл мектеп» жобасын іске асырып үлгерген. Лигаға мүше №176 мектеп болса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асырған. Бұл жоба білім беру ісін жандандыру бағытында тиімді нәтиже көрсетуде. Лиганың жұмысы жолға қойылып, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызының өзі оң бағасын берген еді. Мұның барлығына Қадыргүл Шаймағамбетованың қосқан үлесі зор.

Қадыргүл Шаймағамбетова, №176 орта мектептің директоры: «Оқушы алдыңғы қатардан көрінсе, менің жеңісім»

«Сіз арқылы әдебиетті жақсы көрдім»

Алайда мұғалімнің ең басты міндеті, өмірлік мақсаты – оқушыға сапалы білім беру. Бүгінде тәжірибелі маман әрбір шәкіртінің атын ұмытпай, әрбірінің мінезқұлқына дейін есінде екенін байқатты. Шәкірттері туралы естелікпен бөліскен сәтте ұстаздың жанарынан оларға деген сағынышты, мейірімді аңғармау мүмкін емес еді.

– Мен еңбек жолымды Аққыр ауылында бастадым. Сол кезде қызықты оқиға басымнан өтті. Мектепте өте жақсы оқитын көп балалы отбасының қыздары бар еді. Соларды қызыл куәлікке ұсындым. Ол кезеңде қызыл куәлік ұғымының енді қалыптасып жатқан уақыты емес пе. Әлі талап пен ереже орныға қоймағандықтан директор ол қыздарды ауданға ұсынбауымды талап етті. Ойынша, ертең қызыл куәлікті қорғай алмай қалса, ұят болады екен. Алайда мен алған бетімнен қайтпай талабы зор қос қызды ақыры аудандық іріктеуге апардым. Нәтижесінде үмітті ақтап, әлгі қыздар қызыл куәлік алды. Ол сол ауылдағы алғашқы қызыл куәлік алған оқушылар-тұғын. Сондықтан әрбір шәкіртке сенім артып, бағдар беруді үнемі назарда ұстадым. Қазақ тілі мен әдебиетіне баланың ынтасын аударуды да ерекше мақсат етіп алдым. Содан болар, осы күнге дейін көп оқушым «Мен сіз арқылы әдебиетті жақсы көріп кеттім» деп алғыс айтып жүреді, – деді ұстаз.

Мұғалім – шәкірт шамшырағын жағатын киелі мамандық иесі. Өмірі мен шығармашылығын баланың дамуына, ойөрісінің кеңеюіне арнайтын ұстаздар қандай құрметке болсын лайық. Ұзақ жыл білім беру ісінде қызмет етіп, зейнетке шығуға қадам басқан Қадыргүл Бердібекқызы да әрбір шәкірттің жүрегінде сақталған ұлағатты ұстаз екені даусыз. Мерекеңіз құтты болсын, мерейлі жан!

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: