Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 19:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қосымша білім беру: Жаңа бағыт, тынымсыз ізденіс, оң нәтиже

07.10.2023

1218 0

Қазіргі заманғы қосымша білім беру сапаға салмақ беріп қана қоймай,  бейресми білім беру тұжырымдамасын, қазіргі  жастар  өмірінде  оқытудың жетпіс пайызын құрайтын әлемдік тәжірибенің трендін іске асырады десек қате­леспейміз. Еліміздің мемлекеттік білім беру саясаты тұрғысынан бұл білім дағдысы  оқу­шылар  мен ерекше білім беру  қажеттілігі бар балалардың білім алуы мен әлеуметтік жетістігі үшін балама мүмкіндік ұсына отырып, білім берудің  пәрменді құралы екенін дәлелдеп келеді.

Бұл жүйе оқушының танымдық және шы­ғармашылық әлеуетін дамытуды мақсат етіп, мектептен тыс оқыту мен тәрбиелеуді, оқу­шылардың сабақтан тыс жұмысын жаңаша  бағытта мазмұнды ұйымдастырумен айналысады.

Қазіргі таңда Оқушылар сарайында 56 үйір­ме, 11 мектепалды даярлық топтары жұмыс жасайды. Биылғы оқу жылында 2110 оқушы қамтылуда. Орталықтағы үйірмелер  салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке тұлғаны өздігінен дамытуға, шығармашыл, дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуге және балалардың құқығын қорғауға бағытталған көп деңгейлі  білім жүйесін беруді көздейді. Оқушылар сарайы талантты балалардың бұлақ көзін ашады. Мұнда қолөнерге, суретшілікке, робототехникамен айналысуға мүмкіндік мол. Орталықтың материалдық базасы бай. Өз ісіне тиянақты өнерлі мұғалімдер сабақ өткізеді.

Оның үстіне қазіргі қоғам ұстаз қауымына жаңа талап қойып отырғаны белгілі. Мұғалім – рухани дамыған, шығармашыл тұлға, кәсіби дағды мен педагогикалық шеберлік иесі, жаңалыққа құштар, білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді әдісін іздестіруші маман. Орталықтың қосымша білім беру педагогтері  осындай талапқа сай білікті мамандар.

Педагог мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда бағыт-бағдар беретін, жол сілтейтін  әдістемелік қызмет болса, сапалы әдістемелік қызметті тиімді ұйымдастыру – әдіскер ұстаздардың біліктілігін шыңдайды. Осы  бағытта орталық педагогтері А.Төлегенова, Р.Сариев, М.Сүлейменова, Ж.Байдуллаева, Ф.Омарова, А.Махамбетова, С.Баймағамбетова, Б.Накишева, Ф.Құлмаханова, М.Серікбаев, М.Төлебаева, Б.Қадырбековтер авторлық бағ­дарлама, әдістемелік ұсыным дайындап, озық тәжірибені насихаттап, оны өзге білім ұйымдарына таратып келеді.

Облыстық білім басқармасы мен «Qyzylorda» телеарнасы арасында, «Сыр медиа» ЖШС мен облыстык  білім басқармасының және қалалық  білім бөлімінің Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы арасында меморандумға қол қойылды. «Бала-ОRDA» балалар бағдарламасы облыс­тық «QYZYLORDA» телеарнасы және Қосымша білім беру оқу-әдісте­мелік орталығы ұжымдарының мекеме­ара­лық байланысы нәтижесінде айына екі рет жарыққа шығып отыр. Бала­лар мен жасөспірімдерге арналған бағ­дар­ламаны орталық оқушылары Ақмаржан Амангелді мен Жанерке Жұманазар өздері қатысатын «VLOG KADR»  үйірмеcінің жетек­ші­лері Мақсат Серікбаевпен бірге жүргізіп келеді.

– Ұстаз бен шәкірттің шығармашылық бір­лестігі көрермендер тарапынан жоғары баға­лануда.Оқушылардың қабілетін ашып, да­мытуға жан-жақты жағдай жасағанда ғана мақсатқа қол жеткізуге болады. Ол үшін бірінші шығармашылыққа бет бұрған оқушының  от­басымен қосымша білім беру педагогінің тығыз байланысы, ынтымақтастығы бірінші орынға шығады. Өйткені шығармашыл тұлғаның қа­лыптасуына педагогпен қатар отбасының әсері жоғары. Егер  отбасы дарынды баланы толық қолдамаса, онда баланың шығармашылық қабі­леті шыңдалмайды. Баланың шығармашылық жетекшісі балаға жақсы білім бергенімен, от­басындағы қолдау шешуші рөл атқарады.  Сон­дықтан шығармашылық орталық (қосымша білім беру) дарынды оқушымен жақсы нәтижеге жетуі үшін оның отбасымен байланысын үзбеуі керек. Байланыстың дұрыс жолға қойылуы педагог пен ата-ананың ынтымағында. Сондықтан да орталықта ата-аналармен байланыс жүйелі, жос­парлы түрде жүргізіледі. Ата-аналарға ар­налған тренинг, дөңгелек үстел, ашық алаң мен шығармашылық кеш өткізіліп, педагогикалық, психологиялық кеңес беріледі. Мұндай маз­мұндағы жұмыстың барлығы ата аналармен бірлесе отырып, кәсіби бағдар беруге негізделе атқарылады, – дейді Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Меруерт Әбдіхалықова.

Орталық басшысының айтуынша 2022-2023 оқу жылынан бері  орталықта пәндік үйірмемен қатар ұлттық бірыңғай  тестілеуге, олимпиадаға дайындық жасауға бағытталған тарих, мате­матика, биология, химия, информатика, гео­графия, ағылшын тілі пәні бойынша топтар жұмыс жасайды. Білім беру бағдарламасы мектеп базасының тақырыптарымен жаңар­тылған бағытта дайындалады. Қазіргі уақытта бұл топтарда 330-дан аса шәкірт білім алуда. Қосымша білім беру саласында оқушыларға  кәсіби бағдар берумен қоса, ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына да  дайындаудың жолға қойылуы шәкірттерге олардың мамандық таңдаудағы мақсатына жетуіне оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар орталықта республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі шаралар жо­ғары деңгейде өткізіліп, оған оқушылар үз­дік­сіз қатыстырылып, тәрбиенің негізі болып табылатын жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықты адам өмірі мен денсаулығын, тұлғаның еркін дамуының басымдығын, патриотизм, еңбексүйгіштік, адам құқығы мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелейді.

Тәрбие концепциясын үздіксіз жүзеге асыру мақсатында Оқушылар Сарайы ұжымы жазғы демалыс уақытында да балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық және ыңғайлы ортада тиімді демалыс өткізуін, физикалық және рухани дамуын жетілдіру мақсатында «ZHAZGY TIME» танымдық мектебін жүргізіп келеді.

Өткен оқу жылында жаз айларында жүргі­зілген «Каникулда да біргеміз!» жобасы да ата-аналар мен балалар көңілінен шығып, оң бағасын алды.

Қазіргі таңда Қосымша білім беру оқу-әдіс­темелік орталығы техника мен ақпараттық технологияның дамуы үздіксіз зерттеу мен ізденісті қажет ететінін негізге ала отырып, цифрлық тұрғыдан сауатты және жан-жақты жас педагогтермен ұжымның педагогикалық қатарын толықтырып, заман талабына сай жұмыс жасауды қарқынды жүзеге асыруда.

Қосымша білім беру саласының  педагог­тары шығармашылық алаң  қалыптастырып, өз жұмыс тәжірибесін  алмасу үшін ғалымдар мен практик-педагогтер ортасында өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп келеді. «KazRobotics»  федерациясының Қызылорда облысы бойынша үйлестірушісі, республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының, облыстық оқу орталығының (Әдістемелік кабинет), «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығының жоспарына сәйкес педагогтардың біліктілігін арттыру курстарында А.Төлегенова, Р.Сариев, Б.Накишева, Б. Қадырбеков,  А.Бердеева, О.Абдуллаев, Б.Раушанбек спикер, модератор ретінде өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, Оқушылар сарайының республика бойынша әдістемелік деңгейінің жоғары болуына атсалысып келеді.

Қосымша білім беру орталығы оқушыларға таным көкжиегін кеңейте білім беріп, өнерге баулып, кәсіби бағдар берумен қатар,  бала жастан ел тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрін сыйлап-құрметтеуге тәрбиелеп, ұлттық құнды­лықты ұрпақ бойына сіңіру жолында еңбек етуде. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, еліміздің болашағы саналатын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде педагог еңбегінің үлес салмағы орасан. Ұстаздар еңбегінің нәтижесі болашақ ел мерейін үстем қылатын жас ұрпақ жетістігінен  айқындалады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: