Жұма, 27 желтоқсан, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қосымша білімге сұраныс неге көп?

19.11.2022

1467 0

Бүгінде қала көшелерінен «Балаңыздың ағылшын тілін жетік меңгергенін қаласаңыз хабарласыңыз. Бағасы келісімді. Үйге де бара аламын» деген хабарландырулар көзге түседі. Арнайы орталықтар әртүрлі пәндер бойынша жеке-жеке оқытады. Түрлі үйірмелері тағы бар. Қысқаша айтқанда, жан-жақты білім алуға мүмкіндік мол. Тек мәселе қаржыға келіп тіреледі. Яғни қалтаңыз көтерсе қосымша оқу орталықтарын таңдап жүріп, баланы оқытуға болады.

Қазіргі таңда мұндай қызметтер үлкен сұранысқа ие. Әсіресе оны оқушылар мен жұмысқа орналасқысы келгендер мен тіл меңгеруді қолға алған азаматтар тұрақты пайдаланады. Бұл орайда репетитор қызметіне жүгіну себебі әртүрлі. Мәселен, мұғалімдер сыныпта оқушылардың көптігінен десе, ата-аналар «уақыттың жоқтығынан» дейді. Осылайша жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен әрбір екінші оқушы мектептен тыс уақытында қосымша сабаққа барады.

  Немісше «Repetitor», французша «répétiteur», «répéter» – қайталау, зерделі болуға ұмтылыс деген ұғымды білдіреді. Бірақ мектептен алған білімді үйде қайталау емес, баланы ақылы оқыту түсінікке дәл келеді. Бұл қызмет кеше-бүгін пайда болған жоқ. Оның тарихы ертеден басталған. ХVІІІ ғасыр гувернанттық қызметтің нағыз өркендеген дәуірі еді. Сол уақытта  еуропалық бай-манаптар балаларына гувернанттар жалдап, оқуға бейімдеген. Осыдан-ақ бұл қызметтің маңызды рөл атқаратынын ұғынуға болады. Дегенмен соңғы кезде жаңаша түрленді. Соның негізінде сұраныс көбейіп, қосымша орталықтардың  қажеттілігін сезіне бастады.

Мәселен «Ziyatker» оқу орталығы 2013 жылдан бері қызмет жасап келеді. Сол кездерде оқу орталықтары болмаған еді. Балалардың ҰБТ-ға дайындық жасауы үшін осындай орталықтар қажеттігі сезілді. Сондықтан да балаларға дұрыс бағдар беру мақсатында ашылды. Мұнда ағылшын, математика пәндерінен қосымша оқыту бар.  Әсем Түкенова аталған оқу орталықта  9 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің жиған-терген білімін жас өрендерге үйретуден жалыққан емес. Ең алғаш дайындаған оқушылары ҰБТ-да жоғары көрсеткіштерге жете бастады. Соның нәтижесінде оқушыларды ҰБТ-да дайындауға және қосымша сабақ өтуге орталық ашу қажеттігін түсінеді.

 – Оқу орталығында барлық пәннен қосымша сабақ өтіледі. Балалар әсіресе математика, ағылшын тілі пәнінен көп жүгінеді. Бұл – үлкен мәселе. Себебі, кішкентай балаларға бағдарламаны бірден алып кету өте қиын. Сондықтан бастауыштан бастап, олардың бейімділігін аңғару қажет. Репетитор жұмысы өте жауапты. Кез келген ата-ана баласының сабақ үлгерімін қадағалап отырады. Біз де атымызға сын келгенін қаламаймыз. Мойындауға тиістіміз, қазіргі уақытта қоғамға репетитор қызметі аса қажет болып тұр, – дейді Ziyatker» оқу орталығының жетекшісі Әсем Түкенова.

Осыдан 10-15 жыл бұрын ағылшын тілі курстары саусақпен санарлықтай еді. Қазір олардың курстарының көптігі соншалық, бізге таңсық болудан қалған.

– Расымен, ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды. Көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бүгінде жас өрендердің ағылшын тілін меңгеруге деген ынтасы өте жоғары. Ата-аналары да қолдап үнемі уақытылы қадағалап жіберіп отырады. Репетитор жалдап оқыған оқушыда білімі жағынан ілгерілеушілік байқалады. Мұны жылдағы тәжірибе аңғартады. Оқушыларды деңгей-деңгей бойынша оқытамыз. Қосымша орталыққа нәтиже маңызды. Аптасына екі күн бір сағаттан сабақ  өтіледі, – дейді Әсем Түкенова.

Қосымшаға құмар бала қандай?

Қазіргі таңда бұл қызметті ұсынатын орталықтар саны аз емес. Соңғы жылдары ағылшын тілін үйрену алдыңғы кезекке шықты. Осылайша орталықтар әжептәуір табысқа қол жеткізіп келеді. Бүгінде қала да ғана емес, ауылдарда да қосымша орталықтар қызмет етеді.

Жас өрендер үшін қиынға соғатын пәннің бірі – ағылшын. Ата-аналар баласының осы пәнді жетік меңгергенін қалайды. Орталықтарда мұндай қызмет ақылы екені белгілі. Ақылы болғандықтан оқушыны толық үйретуге міндетті.

9 жасар Нұрсезім Шәкірбек  жаңа оқу жылы басталысымен репетитор көмегіне жүгінуді жөн көрген. Ол сыныптастарынан артта қалғысы келмейді. Сондықтан отбасындағы үлкендердің қолдауымен қосымшаға қатысып, білімін толықтырып жүр. Бүгінде «Ziyatker» оқу орталығының үздік оқушысының бірі.

– Менің ағылшынға қызығушылығым жоғары. Аптасына екі рет осы пәнді игеру үшін қосымша сабаққа жүгінемін. Репетитордың үйретуі мектепте оқығаннан бөлек. Үй тапсырмасын береді, жеткілікті түсіндіреді. Білмеген сабағымды жеке ұстаздан сұрап аламын. Жақсы түсіндіреді. Сыныптас достарымнан қалғым келмейді. Озық оқушы болсам деймін. Сондықтан барлық пәннен үлгерімім жақсы болғанын қалаймын, –  дейді ол.

Баланы қосымшаға беру бәсеке мен қажеттіліктен туындайтыны анық. Әрбір ата-ана баласының білімді болғанын қалайды. Сондықтан қалай болса да қаражатты тауып, қажеттілігін өтеуді қалайды. Одан бөлек баласының сабағын тексеріп отыруға жұмыстан қолы тимейтін ата-ана да бар.

– «Сыныпта оқушы көп. Барлығы бірдей түсіне алмайды» дейді мектеп ұстаздары. Сондықтан ақылы қосымша оқуға шақырады. Бұл қалтаға салмақ түсіреді.  Дегенмен ата-аналық міндетім болған соң қатардан қалмағанын қалаймын. Балаларым қай пәнге бейім, сол сабақтан қосымша үйренуге тырысады. Бірі – матеметикадан барса, екіншісі – ағылшынға жақын,  – дейді ата-ана Гүлзат Жүнісбай.

Қосымша білім іздегенде неге мән беру керек?

Балаға бағыт-бағдар беретін ата-ана. Сондықтан да қосымша орталыққа беретін кезде де жіті қадағалау қажет. Ата-аналар баласының барып жүрген репетиторына, қандай тақырып өтті, қандай бағытта жұмыс жасап отыр? Осындай жайттарды назарда ұстағаны жөн. Себебі балаға үй тапсырмасын орындап беру ғана маңызы емес, балаға тақырыпты ашып, жіті түсіндіру қажет.

Ең алдымен орталық осыған дейін қандай үздік шәкірттер тәрбиелеген? Тәжірибесі қандай? Осы сұрақтарға жауап алған дұрыс. Өйткені үздік мұғалім ғана үздік шәкірт тәрбиелейді.

Екіншіден, орталықтардың әкімшілігіне, әдістемелік кеңесіне мән берген дұрыс. Өзі мектеп көрген, мектепте үздік мұғалім болып жетістікке жеткен, әкімшілік қабілеті бар адам ғана мұғалімдердің басын қосып, жүйелі бағдарлама жасай алады.

Үшіншіден, орталықтың тәрбие бағытына да назар аудару қажет. Себебі білім мен тәрбие қатар жүрген кезде ғана бала озып шығатынын ұмытпаған жөн.

Репетитор бағыт беруші ғана

«Білімді мыңды жығады» деген қазақ атамыз. Бүгінде адамдар жұмысбастылыққа салынып барады. Сол себепті ата-аналардың көбі баласын өзі оқытқаннан гөрі репетиторға бергенді жөн көреді. Алайда мұның бәрін хош деуге болмас. Себебі оның кері әсері де бар. Репетитордан тәлім алудың зияны жеткілікті.

Бірінші – қалтаға әжептеуір салмақ. Одан кейін баланы ата-анадан алшақтады. Үнемі үлкендердің көмегіне сүйенетін ол өз бетімен сабақ оқуды мүлдем қояды. Тапсырманы орындаған күннің өзінде  күмәнмен қарайтын әдет пайда болады. Сондықтан репетитор тек бағыт беруші, игермеген тақырыпты үйретуші, оқу үлгерімінде қалып қойған баланы қатарға қосушы рөлінде қажет болғаны жөн. Шамадан тыс олардың көмегін пайдаланбаған да дұрыс. Сол үшін бауыр еті балаға бір сәт көңіл аудару қажет-ақ. Өмірде ақшаға сатып ала алмайтын жайттар да бар. Ең бастысы, ата-ана мен бала арасындағы байланыс бұзылмаған дұрыс. Ата-аналық мейіріммен баланың көңіліне тоқытса, үйренбесіне кім кепіл… Тек олардың санасына құйып, шамшырағын жаға білу керек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: