Сенбі, 21 желтоқсан, 18:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Үш рет үздік атанған колледж

06.01.2024

506 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Биылғы «Білім айнасы» бетінің бірінші мақаласын тоқсан екі жылдық тарихы бар М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің жетістіктерінен бастадық. Заманауи білім беру мен кәсіптік даярлауды бағдар тұтқан, қазіргі жаһандану ғасырындағы қоғамдықәлеуметтік өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті маман даярлауды басты межесіне айналдырған, білім саласындағы бірегей іргелі оқу орынның бірі.

Тарихы терең…

Бұл білім ордасы 1932 жылы Қызылорда педагогикалық техникумы болды. Одан соң 1935-1936 жылдары Қызылорда педагогикалық училищесі болып аталды. 1937 жылы қысқа мерзімді факультативтік курстарда бастауыш мектеп және жеті жылдық мектептерге әдебиет, физика, математика, тарих, география пәндерінен мұғалімдер даярлана бастады.

Ал 1948-1949 жылдары аралығында 10 қазақ, 4 орыс класында бастауыш сынып мұғалімдері даярланды. 1952 жылдан бастап Алматы қазақ қыздар педагогикалық училищесі мен Қызылорда педагогикалық училищесі біріктіріліп, М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесі құрылды. 1986 жылы Қызылорда педагогикалық училищесі болып қайта құрылды. Он жылдан соң Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университет колледжі болса, 1997 жылы Қызылорда музыкалық колледжімен біріктіріліп, М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі аталды.

1999 жылы облыс әкімінің қаулысымен М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжі мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болса, 2014-2017 жылдары облыстық білім басқармасының «М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып бекітілді.

Стратегиялық даму бағыттары басым

Тәуелсіздік жылдарында колледж республикада ең алғашқылардың бірі болып, болашақ мамандардың кәсіби біліктілік деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, қажетті мамандар даярлау ісін аймақтың индустриялық-экономикалық стратегиясына сәйкес бейімдеу, білім беру саласындағы жаңа технологиялар мен тың идеяларды оқу-тәрбие процесіне енгізу жұмыстарын қолға алған болатын. Оқу ордасы өзінің даму стратегиясын нақтылап, басты бағыттар бойынша атқарылатын жұмыс ауқымын кеңейте түсті.

– Әрбір жетістігін өткен күннің еншісіне санайтын, жаңа істің бастау бұлағы ретінде білім мен өнер саласына білікті де білімді жас мамандар даярлайтын оқу ордасы 2023-2024 жаңа оқу жылын жаңа белестермен қарсы алды, – деді колледж директоры Жақсыгүл Тоғанова.

Үш ғимараттан тұратын оқу орнының материалдық-техникалық базасы озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, заманауи, дизайнерлік үлгіде толық жабдықталған. Сол сияқты колледжде студенттер жатақханасы, әскери-спорт кешені, электронды кітапхана, дыбыс жазу және фото-видео студиялары, «Технология» шеберханасы, «Робототехника», «Цифрлық 3D», «Цифрлық білім беру» және «Мектеп физикасының цифрлық зертханасы», «Студенттерге электрондық қызмет көрсету» және Coworking орталықтары, «Схематехника», «Электроника және электротехника» кабинеттері мен асхана білім алушылар игілігіне қызмет етеді.

Оқу ордасының соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері ретінде «Құзіреттілік орталығы» мен «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңының» және Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың 100 жылдығы мен ұлағат ұясының 90 жылдық мерейтойы аясында жаңартылған «Білім нұры» педагогикалық сабақтастық галереясы, «Заманауи педагогикалық концепция: креативті идея. Инновациялық тәжірибе, жетістіктер шыңы» және «Ерлік» залдары жаңа оқу жылына жұмысын бастады.

Колледждің оқу-тәрбие процесі толық автоматтандырылған, ол «College SmartNation» электронды платформасы арқылы іске асырылады. Жыл сайын оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи техникалармен толықтырылды. Оған дәлел, қазіргі күні оқу процесінде 444 компьютер қолданылады, яғни бір компьютерге 6 студенттен келеді. Соңғы үлгідегі интерактивті тақталар және панельдер, мультимедиялық-сандық подиум, «BILIMBOOK» жеке мультимедиялық компьютерлері оқу процесінде тиімді қолданылуда. Оқу кабинеттерінің саны 43-тен 90-ға көбейді. «Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» демекші, жаңа оқу жылына кітап қоры 4031 данадан 133535 данаға артқан.

Жетістіктер жеткілікті Қазақстанның Ұлттық бизнес рейтинг одағының сараптау қорытындысы бойынша ҚР кәсіпорындар арасында «Даму динамикасы» аталымы бойынша алтын рейтингке, «Өсу қарқыны» аталымына келсек, күміс рейтингке ие болды. Білім сапасын қамтамасыздандыруға орай тәуелсіз агенттігінің «Қазақстандағы педагогикалық колледждердің рейтингі – 2019» қорытындысы бойынша 4-орын, облыстық «Үздік идеялар жаршысы – 2021», 2022-2023 жылдары «Үздік білім беру ұйымы» аталымын екі рет иемденді.

Ұлағатты ұстаздары бар

 Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, балалардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, келешегіне бағыт-бағдар сілтеуде ұстаздың еңбегі орасан зор. Баланың қиялын көкке көтеретін де жақсы ұстаз. Сондай ұлағатты ұстаздардың ұясы – Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі. Иә, білікті маман дайындауда бірінші кезекте оқытушылардың орны ерекше.

Заман талабына сай әрбір ұстаздың шеберлігі мен жетістігі – сапалы білім мен саналы тәрбие алған шәкірттерінде болмақ. Мамандар мәселесіне аса мән беретін оқу орнында бүгінгі күні 200-ден астам оқытушы қызмет етеді. Сондай-ақ бүгінгі жас мамандарға ғылым докторлары, кандидаттар мен магистрлер, «Ы.Алтынсарин» және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегерлері, ҚР Мәдениет ісінің үздігі, ҚР Суретшілер, Хореографтар одағының мүшелері және республикалық «Үздік педагог» байқауларының грант иегерлері, халықаралық және республикалық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары дәріс беретінін атап өткеніміз артық болмас.

Соңғы жылдардың үлесінде колледж оқытушыларының халықаралық «Шоқан оқулары» байқауында, «Менің инновациялық сабағым» конкурсында, ағылшын тілі мұғалімдерінің «Modern English teacher» сайысында, облыстық «Үздік топ жетекшісі» және «Үздік оқу-әдістемелік кабинет» байқауларында жеңімпаз атанып, облыстық «Жыл ұстазы» аталымын иемденуі колледж мерейін асырды. – М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі сонау 1932 жылы негізі қаланған кезеңнен бастап оқу орнының ұстаздары үздіксіз кәсіби білім берумен, ғылыммен айналысып, Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастыратын республикалық байқауларға тұрақты түрде қатысып келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын өтетін тартысты бәйгеге айналған, еліміздегі педагогтардың арасынан ең мықтысын анықтайтын республикалық «Үздік педагог-2022» байқауында сараптамалық комиссиясының шешімімен ұжымымыздың мүшесі, колледждің озат оқытушысы Ұлжан Есмаханова оқ бойы озық шығып, «Үздік педагог-2022» атанды. Сонымен қатар «Филология» бөлімінің оқытушысы Тұрар Дүйсенова республикалық «Үздік педагогикалық эссе» байқауының III орын иегері атанды. Еліміздің білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейге көтерілуі, білім саласындағы жеткен жетістіктеріміз¬ – ұстаздарымыздың нәтижелі еңбегі деп білеміз, – деді колледж директоры Жақсыгүл Тоғанова.

Білім мен өнер ұласқан ұя

Колледж түлектері арасында бірнеше спорт түрлері бойынша олимпиада чемпиондары, халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, республикалық және облыстық байқаулар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары бар. Ал өнерімен аймаққа аты белгілі «Нұргүл» халық ән-би ансамблі қазақ өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген шығармашыл ұжым. Сонымен қатар колледждің «Япурай» хор ұжымы «Жұбановтар әуені-2022» халықаралық хор музыкасы фестиваль-байқауында арнайы дипломға ие болды.

– Білім саласы бойынша жылды қорытындылау мақсатында өткізілген кеште үшінші жыл қатарынан облыстық білім басқарма басшысы Асқарбек Есжанов пен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлнар Есқалиеваның «Үздік білім беру ұйымы – 2023» аталымымен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледж ұжымы марапатталды.

Сондай-ақ колледж базасы жаңа 2 мамандықпен толықты. «Логопедия» және «Сандық технология» мамандықтары бүгінгі таңда сұранысы артып келе жатқан мамандық қатарында. Колледж бітірушілері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар бітірушілердің 98 пайызының жоғары оқу орындарына түсуі мен жұмысқа орналасуы колледж абыройын асқақтатып отыр. Бітірушілердің нарықтық кәсіпкерлік қызметті меңгеруі үшін колледж жанынан арнайы ашылған студенттік бизнес-инкубатор арқылы 120-дан астам түлек өз бизнестерін ашып, кәсіптерінің жемісін көруде.

Білім ордасы – талантты жастардың өзіндік айқындамасы бар, нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген оқу орны. Оған дәлел, түлектер қатарында ғалым-академиктер, жиырмадан астам ғылым докторлары, 200-ден аса ғылым кандидаттары мен қоғам және мәдениет қайраткерлері бүгінгі 90 жылдан астам тарихи шежіресі бар кемел колледжіміздің мақтаныштары.

«Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы», – деген Мемлекет басшысының сөздерін кәсіби маман даярлауда басты қағида етіп ұстанған, ынтымағы ұйыған, мықты ұжым өркениетті қоғамның заманауи сұраныстары мен талаптарына сай еңбектеніп, көш басынан көріне бермек.

Тәуелсіздік жылдарында сындарлы сыннан абыроймен өтіп, әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырта білген ұжымның бүгінгісі – байыпты, келешегі – кемел. Бұл – жыл бедерінде колледж бағындырған белестердің бір парасы ғана. Төрімізге енген 2024 жыл да бізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ол – осы жеткен жетістіктер жолын одан әрі жаңғырту, жаңа асулардан асып, жаңа белестерді бағындыру, қазақ даласындағы әр шаңырақтың өзімізге аманатталып табысталған үкілеген үміттерін қоғамда орны болатын маман етіп даярлау міндеттемелерін мүлтіксіз орындау, – деді колледж директоры.

Табысты түлектер 1932-2023 жылдары аралығында колледжді 26016 түлек бітірсе, оның ішінде тәуелсіздік жылдарында бітіргені – 19072. Ал олардың қатарында ҚР Білім және ғылым министрі, Парламент сенатының депутаты – Ш.Беркімбаева, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, география ғылымының докторы, профессор – Ә.Бейсенова, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық ақыны – Н.Лушникова, Қазақстанның халық әртісі – Б.Әшімова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – М.Ералиева секілді майталмандар шыққан.

Білім ордасы – талантты жастардың өзіндік айқындамасы бар, нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген оқу орны. Оған дәлел, түлектер қатарында ғалым-академиктер, жиырмадан астам ғылым докторлары, 200-ден аса ғылым кандидаттары мен қоғам және мәдениет қайраткерлері бүгінгі 90 жылдан астам тарихи шежіресі бар кемел колледжіміздің мақтаныштары.

Ақтолқын Нұрлыбай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: