Жұма, 29 наурыз, 20:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Талайды тамсандырған Талсуаттың білім ордасы

16.10.2021

2464 0

ХХІ ғасыр – ілім мен білімді талап ететін уақыт. Әр адам әрдайым ізденісте болып, білімді барынша мол алуы керек. Бұл мақсатта еліміздің білім саласында едәуір оң өзгеріс бар. Соның ішінде ауыл балаларының да заманауи білім алып, дамыған заманда дарынды шәкірт болуы үшін жағдай жасалуда. Бұған қалаға қарасты Талсуат ауылдық округіндегі №178 орта мектепке барғанда куә болдық.

90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР БІЛІМ ОРДАСЫ

№178 орта мектебінің іргетасы негізінен 1929 жылы қаланған. Сол себептен ол Сыр өңіріндегі ертеден келе жатқан білім ордасы саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Жолдауында әр аймақта 100 мектеп салу бастамасымен білім ошағына арналып жаңа ғимарат салынған.

Облыстық бюджеттен жаңа мектептің құрылысына қаржы бөлініп, 2006 жылы құрылыс жұмысы басталған. Ал 2007 жылы талсуаттықтар үшін ерекше жыл болып, ауыл оқушылары жаңа үлгідегі 150 орындық мектепте білім ала бастады. Жаңа ғимарат талапқа сай асхана, спорт залы, акт залы, кітапхана, химия кабинеттерімен жабдықталған. Қазіргі таңда мұнда барлығы 396 оқушы білім алады.

– Мектепте 192 бастауыш, 192 негізгі орта және 12 жоғары сынып оқушылары бар. Оларға барлығы 55 мұғалім дәріс береді. Оның ішінде 11 педагог-модератор, 11 педагогсарапшы, 6 педагог-зерттеуші, Жоғары санатты 2, бірінші және екінші санатты 1 мұғалім бар. Білім ұясында оқушылардың кедергісіз білім алуы мен ұстаздардың еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалған. Шалғайдан қатынайтын 11 оқушымыз үшін арнайы мектеп көлігі қызмет етеді. Одан бөлек шәкірттеріміздің сабақтан тыс уақытын тиімді өткізу үшін үйірмелер жұмыс істейді, – деді мектеп директоры міндетін уақытша атқарушы Гүлбаршын Сүлейменова.

Гүлбаршын Төлепбергенқызы басқаратын білім ордасында сонымен қатар аз қамтылған отбасы балалары 64 білім алушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын балаларға жол жүру ақысы және оқу құралдарымен қамту қарастырылған.

БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ ТАЛАПТЫҢ БІРІ

Мектептерді дәстүрлі білім беру форматына көшіруге байланысты білім ошағында санитарлық қауіпсіздік шаралары толықтай қарастырылған. Оқушылар мен ұстаздар мектепке қорғаныш құралдарын тағып, оқу кабинеттері уақытылы дезинфекциялық тазалаудан өтіп, кварц шамын қосу арқылы залалсыздандырылады.

– Биылғы оқу жылын дәстүрлі форматта білім беруден бастағандықтан мектепте барлық дезинфекциялық және сақтық шаралары сақталған. «Бір сынып – бір кабинет» қағидасы сақталып, әр оқушыны бір партаға отырғызу талап етіледі. Сондай-ақ ұстаздар оқушылардың антисептикпен қолды залалсыздандыруын қадағалап отырады, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлік Оспанов.

Мектепке мұғалімдер «Ashyq» қосымшасы арқылы кіреді. Ұстаздардың басым бөлігі «Спутник V» вакцинасын салдырған. Яғни ұжымдық иммунитет қалыптасып, қауіпсіз білім беру үшін барлық жағдай жасалған.

Одан бөлек, Ерлік Әнуарбекұлы мектептегі қауіпсіздік деңгейі туралы да баяндап берді. Қазіргі кезде мектепті таңғы сағат 7.00 мен кешкі 19.00 аралығында «Диас күзет» агенттігінің күзетшісі күзетеді. Ғимараттың ішінде барлығы 5 және сыртта 3 бейнебақылау орнатылған.

БІЛІМ ДЕҢГЕЙІ ҚАНДАЙ?

Мектепте білім беру деңгейін барынша жоғары дәрежеге жеткізу үшін көп мүмкіндік көп. Ұстаздар қауымы бұл мүмкіндікті қалт жібермей, саналы шәкірт тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етуде. Мәселен, өткен 2020-2021 жылғы оқу жылында мектепті барлығы 9 түлек бітіріп, түгелдей жоғары оқу орнының студенті атанған. Оның ішінде 5 оқушы мемлекеттік грант есебінен білім алуда. Биылғы жылы да бұл көрсеткішті жоғалтпай, жоғары нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр.

– Биылғы оқу жылында мектептің 11 сыныбында барлығы 9 оқушы бар. Олардың барлығы биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге барып бақтарын сынауға ниетті. Үш шәкіртіміз химия-биология, екі оқушы физика-математика, екеуі қазақ тілі мен әдебиетін және бір оқушы дүние жүзі тарихыгеография пәндерін таңдады. Қазіргі таңда оқушылар өздері таңдаған мұғалімдермен дайындық жұмысын бастады. Айына екі рет оқушылар «Yustudy» білім орталығының сынақ тестін тапсырып, өз деңгейлерін бақылайды, – дейді 11 сынып жетекшісі Жанар Айманова.

11 сынып оқушылары жоғары деңгейдегі университетте білім алуды жоспарлап қойған. Сол мақсатқа жету үшін ұстаздарымен бірге дайындық жұмыстарын күшейтіп, жоғары баллға қол жеткізу үшін аянбай еңбек етуде. Бір қуантарлығы, түлек оқушылардың ішінде жоғары оқу орнын аяқтап, өзі білім алған мектепте қызмет етуді мақсат тұтқан оқушылар лда бар.

Ауыл мектебінде биылғы оқу жылында инклюзивті білім беру мақсатында арнайы жабдықталған кабинет ашылған. Онда мектептің педагог-дефектолог маманы Ердәулет Көптілеу мен психолог Салтанат Жорабекқызы қызмет етеді. Қазіргі кезде арнайы білім беруді қажет ететін 20 оқушы осы кабинетте білім алады. Одан бөлек үйден оқитын оқушыларды да мектепке алып келіп инклюзивті кабинетте оқыту қарастырылған.

– Бұл мектепте 2019 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазіргі кезде ерекше балалармен жасалып жатқан жұмыс өз нәтижесін беріп келеді. Мысалы кей әріптерге тілі келмейтін оқушылармен арнайы жұмыс жүргізу нәтижесінде тіл күрмеуінен арылып келеді. Ал бұл кабинеттің біздің жұмысымызға берер көмегі мол. Себебі балалар арнайы оқытуға арналған құрал-жабдықтар арқылы оңайырақ түсініп, ортаға тезірек бейімделеді, – дейді мектептің дефектолог маманы Ердәулет Ермұратұлы.

Сонымен қатар мектепте кітапхана жанынан ашылған «Coworking» орталығы бар. Мұнда мектеп оқушылары мен мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісумен уақытты қызықты да пайдалы өткізеді. Онымен қоса, орталықта мектептің намысын қорғап жүрген «Ұшқыр ой» дебат клубының мүшелері дайындық жұмыстарын жүргізеді. Оқушыларды дебаттық сайыстарға Ұлпан Ұзақбай мен Айбек Айдархан секілді мамандар даярлайды.

Самал Төремұратова қызмет ететін мектеп кітапханасында жалпы саны 14566 кітап бар. Мектеп оқушыларының сабаққа қатысты және шығармашылық қабілетін арттыруға арналған кітаптары осында сақталған. Одан бөлек, «Оқуға құштар мектеп» атты арнайы цифрлық кітапхана да бар. Ол жерде оқушылар QR-кодты сканерлеу арқылы кітаптарды электронды түрде оқи алады. Қазіргі кезде кітапханашы Самал Төремұратова оқушылар арасында Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай ұлы тұлғаның шығармашылығын насихаттау мақсатында шаралар ұйымдастыруда.

САБАҚТАН ТЫС УАҚЫТ ТА ҚЫЗЫҚТЫ

Мектепте оқушылардың сабақтан тыс уақытын да қызықты өткізу үшін арнайы үйірмелер қызмет етеді. Мәселен, Мұратбек Жайдариев биылғы жылдан бастап оқушыларға үстел теннисі спортынан сабақ береді. Қазіргі кезде 40-қа жуық оқушы тенниспен айналысуда. Алдағы уақытта оларды жарыстарға қатыстыру жоспарда бар.

Білім ордасында асық ату, волейбол, шахмат пен футбол үйірмелері бар. Қазіргі кезде қазақ күресінен Исламбек Баймолдаев, Бекқали Тайлақ, Сержан Қанатұлы, Диас Бекболат, каратэдан Гүлжайна Адилова және шорт-тректен Әлмұхит Байғараев жүлдегер атанып жүр.

Сондай-ақ Тұрсынай Молдыбаева оқушыларды ұлттық аспап домбыраға баулуда. Сонымен қатар мұнда білім алушылар мектептегі «Экология және қоршаған орта», «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының мүшелері. Сонымен қоса жолда жүру ережесін насихаттау мақсатында мектеп оқушыларынан құрылған «Қозғалыстың жас инспекторлары» тобы жұмыс жасайды. Жалпы мектеп оқушыларының 70 проценті сабақтан тыс үйірмелерге қатысып, уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізіп жүр.

Мектепте 2018 жылы «Жас өркен» атты жылыжай мен «Талсуатым – құтты мекенім» атты мұражай ашылған. Қазіргі кезде жылыжайда қияр мен қызанақ секілді көкөністер өсіріліп, олар жылына екі рет өнім беруде. Жылыжайдан шыққан өнімдер мектеп асханасына пайдаланылып, оқушыларды сапалы әрі пайдалы өніммен қамтамасыз етуде. «Жас өркен» жылыжайы оқушылардың зертханалық жұмыстарын жасауға да таптырмас орын.

Ал «Талсуатым – құтты мекенім» мұражайында ауылдың құнды жәдігерлері, шеберлердің жасаған еңбектері сақтаулы тұр. Сондай-ақ ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанған соғыс ардагерлерінің төсбелгілері, майданнан жазған хаттары сақтаулы.

Талсуаттағы мектепте арнайы шеберхана жұмыс жасайды. Мұнда оқушылар сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Бүгінде қолөнер байқауының қалалық кезеңінде Аяулым Қарғабайқызы жүлдегер атанған.

Мектепте сапалы білім беру мақсатында арнайы заманауи жағдайда жабдықталған кабинет бар. Онда химия пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Әсем Жанғабылова оқушыларға арнайы құрал-жабдықтар арқылы білім береді. Бұл өз кезегінде олардың тақырыпты жақсы түсініп, зертханалық жұмыстар арқылы білімін арттыруға мол мүмкіндік береді. Информатика кабинеті де компьютерлермен жабдықталып, оқушылардың ақпараттық технологияларды игеруіне септігін тигізуде.

Қысқасы, Талсуаттағы мектепте талабы таудай шәкірттер бар екенін көрдік, алар асулары да мол болсын деген тілек білдіреміз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: