ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 12-25 сәуір аралығында жүзеге асырылады, оның ішінде 12-18 сәуір аралығында бір рет өтініш беруге, 19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беруге болады. Бұл туралы ҚР ҒБЖМ Ұлттық тестілеу орталығы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.
Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында енгізілген әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау бар. Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптық талдау бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әрбір адамға жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.
Апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіре берісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданылады.
Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.
2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!