Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 06:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұстаз тағылымы

10.04.2021

2022 0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ», – деп жарқын келешектің кілті кемел білімде жатқанын   айтқан болатын. Бұл ретте мұғалімнің алар орны ерекше екенін ұмытпаған абзал.Қазақтың сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» – деп ұстаз мәртебесіне ерекше мән берген. 

Бүгін саналы ғұмырын білім саласына арнаған, ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан, дала даналығын бойына сіңірген ғалым, биология ғылымдарының кандидаты Жібек Әбілдаева жайлы сөз қозғамақпын.

Жалпы мына өмірде қашан көрсең де жадырап, жайнап жүретін, тұла бойынан адамдықтың белгісі көрініп тұратын, үлкенге құрметін аямайтын, жүрегі жылулыққа, жаны мейірімге толы жандар болады. Жібек Әбілдақызы осындай жан.

Ғылыми бағыттағы білімі мен біліктілігін көрсете білген био­логия ғылымдарының кандидаты Ж.Әбілдаева студенттердің ғылыми конференциясында, жобалар сайы­сында студенттерге және мек­теп оқушыларына жетекшілік жаса­­ды. Жетекшілігіндегі студенттер мен оқушылар жүлделі орын­дар­ға ие болған. Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универ­­ситетінде өткізілген рейтинг нәтиже­лері бойынша үздіктер қата­рында болды.

Жібек Әбілдақызы 1946  жылдың 12 сәуірінде Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауы­лында дүниеге келген. Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті 1963  жылы үздік аяқтап, Алматының Ауылшаруашылығы инс­титутын «Өсімдік қорғау» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1968 жылы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институтынан бастады. Об­лыс төңіре­гінде  күріш өсіру техноло­гиясын терең меңгерген, кү­ріштің 3 сортын, көп жылдық шөп пен қауын­ның бір­неше аудандастырылған сорттарын шығарған. Көптеген ғы­лыми жаңа­лық пен 20-дан астам өнертабыс патентінің және авторлық куәліктер алған өңіріміздің атақты ғылым кан­дидаттары, профессорлар мен ака­демиктермен бір ұжымда, терезесі тең түсіп қызмет жасаған. Оңтүстік Қазақстандағы күріш дақылының қауіпті ауруларын 1972 жылы алғаш анықтап, кейіннен осы ауруларға қарсы агротехникалық және химиялық күрес шаралар қатарын әзірлеген.

Ғалым апамыз 1983 жылы Өсім­дік қорғау бөлімінің аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болса, 1992 жылы Қызылорда агро­өнеркәсіп өндірісі инженерлері инс­титутының «Ауыл шаруашылығы өні­мін өңдеу тех­нологиясы» кафедра­сына аға оқы­ту­шысы қызметіне қа­был­данды. Ал 2001 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің «Ауыл шаруа­­шылығы өндірісінің тех­но­ло­­гиясы» кафедрасының до­центі атан­ды. Тынбай жұмыс істеп, ғы­лымға қосқан өлшеусіз үле­сінің арқасында 2004 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ака­де­миялық про­фессоры атағын алды. Ұстаз мұ­нымен тоқтап қал­мады. 2006 жылы «Университеттің ең үздік оқы­ту­шысы» атты мемлекеттік грант ие­гері атанды. 2008 жылы халық­аралық педагогикалық білім акаде­­мия­­сының корреспондент-мү­­ше­сі болып сайланды. 2014 жылы «Ақмешіт» гуманитарлық-техника­лық институ­тының «Әлеу­меттік-гумани­тарлық маман­дықтар» ка­фед­расының до­центі қызметін абы­роймен атқарды.

Жібек апаймен екеуміз 1993 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының «Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу техно­логиясы»  кафедрасында кез­дестік. Мен сол кафедрада оқы­тушы қызметін атқардым. Оған дейін де Жібек Әбілдақызын об­лыстағы өсімдіктерді қорғау сала­сын­дағы ғылыми дәрежелі ма­ман екенін жақсы білетінмін.Екеуміз де ауыл шаруашылығының «Өсімдік қорғау» саласы бойынша оқуды тәмамдағанбыз, әңгімеміз жарасты. Сол уақыттан бастап, апай екеуміз егіз қозыдай бірге болдық. Студенттерді оқыту процесінде ғы­лымда және өндірісте алған тәжі­рибемізді  ұштастыра білдік.

Жібек Әбілдақызы 1984  жылы Тәжікстандағы диссертациялық кеңес­те өсімдік қорғау саласы бойын­ша биология ғылымдарының кан­ди­да­ты дәрежесін алу үшін жазған дис­сертациясын сәтті қорғады. Ол 4 моно­графия, 2 оқу құралының, 110-нан астам мақала мен өнертабыстың авторы.

Көрнекті ғалым және білікті ұстаз, өсімдік қорғау саласында Қазақстан Республикасының ғылым және жо­ғары мектебінің белгілі өкілдерінің бірі, биология ғылымдарының кан­дидаты, профессор Жібек Әбілдақызы менің де ғылымға деген шексіз құштарлығымды оятты. Мен «Арал өңіріндегі бидай аурулары» тақырыбы бойынша 2004 жылы Алматы қала­сындағы «Өсімдік қорғау» инс­титутында Жібек Әбілдақызының жетекшілігімен кандидаттық дис­сертацияны сәтті қорғадым.

Жібек апай білім саласында қыз­мет еткен ұзақ жылғы еңбек жолында мыңдаған шәкіртке дәріс беріп, олар­дың жүрегіне білімнің нұрын құя білді. Ол кісіден тәлім алған талай шәкірт тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қызмет етуде. Менің түсінігімде ұстаз тағылымы деген осы болса керек.

Фаризада ЫСҚАҚОВА,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,

РhD доктор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: