Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жалған диплом жыры

24.09.2022

2697 0

Елімізде университет құжатын сатып алатындар азаймай тұр

Әр істің артында үлкен жауапкершілік тұрады. Мәселен, қандай да бір кішкентай істі бастарда оның қалай аяқталатын ойлайсың ғой. Сол секілді мына тақырыпты қозғарда «демек сұраныс бар, сондықтан болар жалған құжаттардың жасалып жатқаны» деген ой келгені анық. Сонда осындай үлкен істің артындағы жауапкершілікті ойламайтын болғандары ма?  Тәуекел, жалғандыққа барғандар жазасын алар. Ал сауатсыз білім алған балалардың не кінәсі бар? Олардың болашағына кім жауапты?

Елімізде жалған дипломмен жұмысқа тұрғандар аз емес. Қазіргі уақытта диплом жасап беретін сайттар да көбейген. Қызығушылық болды. Зерттедік.

Бүгінде талап күшейген. Жалған дипломды ұстап жалпағынан жүру жоқ. Оқу ағарту министрлігінің хабарлауына сүйенсек, диплом сатып алып сабақ беріп жүрген мұғалімдер анықталса, қомақты айыппұл салынады. Министрліктің мәліметінше, еліміздің Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасағандарға 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айрылуы да мүмкін. Ал жалған құжатты пайдаланғандарға 160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Мақаланы жазып жатқанда, әлеуметтік желіде мынадай ақпарат тарап жатқанын көзім шалды. Шығыс Қазақстан облысында Риддер қаласының прокуратурасы жалған диплом берудің үш фактісін анықтаған. Дерекке сүйенсек, «Водоконал» ШЖҚ МКК директор қызметіне, «Риддер қаласының мәдениет сарайы» МҚКК  бас есепші қызметіне, «Риддер қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ статист қызметіне жұмысқа қабылдау туралы өтініш ұсынған кезде білімі туралы жалған құжаттар берілген. Демек, сұраныс бар. Жалған дипломның жыры сондықтан бітпей тұр. Ал ар алдындағы жауапкершілікті жалғандыққа баратын адамның ұятына қалдырдық.

Әлеуметтік желі арқылы түпнұсқадан ажырата алмайтын диплом жасап береміз деген түрлі сайттардың жарнамасы толып тұр. Бағасын білмек болып, хабарластық. «Тарих және дінтану», «экономика», «филология-қазақ тілі» мамандығы бойынша жалған дипломды 250 мыңға сатып алуға болады екен. Ал қаржы, есеп және аудит мамандықтары бойынша диплом бағасы 230 мыңнан басталады, әрине, бағасы қалтаға қонымды әрі уақыт жағын үнемдейді. Көп адам осы екі тиімді тұсын пайдаланып осындай әрекетке баратын секілді. Мұны тексеріп, анықталғанның өзінде жазасы да тым ауыр емес. Бүгінде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп үйренгендерге бұл мықты әдіс болып тұр. Мұны тоқтататын бір ғана жол бар, ол – тексерісті күшейтіп, жазаны қатайту. Сонымен қатар әр маманды жұмысқа алғанда сынақтан өткізіп, білім деңгейі мен тәжірибесін көрген де маңызды секілді.

Қызылордада 12 жалған диплом анықталған

Әлеуметтік желілерден бай­қаған деректерде еліміздегі әр өңірден анықталған жалған дип­ломдар жайында айтылды. Ал біздің аймақтағы ахуал қандай? Бұл жөнінде мәлімет алу үшін облыстық прокуратураға хат жолдаған болатынбыз. Хаттың жауабы үмітті ақтамады. Біздің облыста да өтірік дипломды ұстап алып, сол арқылы еңбек етіп жүргендер бар екен.

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес биыл Қызылорда қаласы­ның аумағында жалған диплом әрекетінің 12 дерегі тіркелген. Өткен жыл 14 дерек орын алып, салыстырғанда жалған диплом әрекеттері бойынша қылмыстық іс саны 14%-ға төмендеген. Бү­гінгі күні құзырлы органдар 7 қыл­мыстық іс бойынша тергеп-тексеру жүргізуде, қалған 5 іс бойынша жалған диплом жасаған күдіктінің анық­талмауына бай­ланысты ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігі 1-тармағына сәйкес мерзімін үзу туралы шешім қабылданған. Қазіргі таңда аталған санаттағы қылмыстық істер бойынша күдікті ретінде танылғандар жоқ. Тергеп-тек­серу барысы көрсеткендей, жал­ған дипломды пайдалану немесе жасаудың басым бөлігі мұғалімдер, кітапхана қызмет­керлері, дәрігерлер болып табы­лады. Аталған азаматтар жалған дипломды пайдалану заңға қай­шы екендігін сезіне тұрып, заң бұзушылықтарға жол беруде. Ал сот тәжірибесі бойынша мұндай тұл­ғаларға бас бостандығын шектеу немесе айыппұл жазасы тағайындалады, – деді облыс прокуроры Нұрлан Бижанов. 

Заңсыздықты қалай тоқтатамыз?

Жалған диплом тақырыбы бүгін пайда болған жоқ. Бұл мәселенің қоғамда ушыққаны соншалық, оны жасайтын сайттар көбейген. Ал алдын-алу шаралары дұрыс қолға алынбаған. Осы орайда мұндай келеңсіз оқиғалар жоғары оқу орнының абыройына нұқсан келтірері анық. Әртүрлі сайттың жасаған дипломымен мамандар жұмыс істейді, ал оны университеттер білмейді. Бұл тұрғыда аймақтағы жоғары оқу орындары талапты күшейту қажет. Сонда ғана олардың университетін бітіріп шыққан жалған студенттер көбеймейді. Байқап отырған боларсыздар, қазіргі уақытта жоғары білімді азамат атану үшін университет жағалаудың, көз майын тауысып кітап оқып, сынақ тапсырудың еш қажеті жоқ сияқты. Себебі, қалтаңда қомақты қаржың болса құжат үйіңізге өзі-ақ келеді. Бәрі оп-оңай екен. Алайда заңсыз. Осы заңсыздықты қалай тоқтатамыз?  Жауап іздеп көрдік.

Дина Жарылғапова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің оқу үдерісін ұйымдастыру және диспет­черлік қызмет бөлімінің басшысы:

«Жалған диплом – адамның өз-өзіне жасаған қастандығы»

– «Қазақстанда жалған дип­ломмен жұмысқа тұрып жүр» – деген ақпараттарды әлеуметтік желілерде естіп жүрміз. Біреулер көз майын тауысып, төрт-бес жылды оқуға арнап маман атанса, енді бірі интернет сайттардан құжатты сатып алып, дап-дайын жоғары білімді  маман бола ма? Бұл – қате пікір. Мүмкін қоғамда бар шығар. Бірақ бұл тек университетке жасалған қастандық қана емес, адамның өзіне-өзі жасаған қастандығы дер едім. Мұндай ақпаратты естігенде адам әртүрлі ойда болады. Себебі қоғамдағы адамдардың барлығы бірдей емес. Университеттің одан беделі түсіп кетпейді. Өтіріктің арты бір-ақ тұтам дегендей, бәрібір күндердің күнінде ол өтірік ашылады.   Қатаң үлгідегі құжаттарды жал­ған түрде жасау заңмен қудаланатынын түсіндіру керек. 2021 жылға дейін Министрлік тарапынан бірдей үлгідегі диплом бланкілері келетін еді. Қазіргі уақытта ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің «жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының өзіндік үлгідегі құжаттарды беруін ұйымдастыру»  жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды негізге ала отырып, жоғары оқу орындары білім алушыларға өзіндік үлгідегі диплом табыстайды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2021 жылдан бастап өзіндік үлгідегі дипломдар беріліп келеді. Биыл алғаш рет өзіндік үлгідегі докторлық дипломдар табысталды. Біздің университетте докторантураны тәмамдап, дис­сертацияны сәтті қорғаған 3 білім алушыға  «PhD докторы» ғылыми атағы берілді. Бұл әрине біз үшін зор мәртебе саналады.

2021-2022 оқу жылында уни­вер­­­ситетті  2158 түлек бітірді. Оның ішінде бакалавриат – 1830, ма­­гистра­тура -316, докто­ран­ту­ра – 12.

Өзіндік үлгідегі құжаттардың (дипломдардың) нөмірлерін ге­не­рациялау веб-ресурста ор­на­ласқан арнайы сервистің https://dv.iac.kz/ «ЖОО диплом­дарының нөмірлерін генера­циялау» бөлімінде Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін өзіндік үлгідегі білім туралы құжат­тар­дың нөмірлерін генерациялау жөніндегі нұсқаулық негізінде жүзеге асырылды. Білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарда инс­титуционалдық аккредиттеу бойынша аккредиттеу агенттігі­нің логотипі орналастырылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі білім туралы өзіндік үлгідегі құжат­тың әрбір түрі үшін серия мен реттік нөмірлеуді белгіледі. Әр бітірушінің сәйкестендіру нөмі­рін белгілеу мақсатында QR –код берілді. Сондықтан жалған диплом болуы мүмкін емес. Бар­лығы автоматтандырылған жүйе­де ондай бассыздыққа жол жоқ.

Өзіндік үлгідегі диплом беру – жоғары оқу орындарының дер­бестігін кеңейту бойынша таң­далған жол. Бұл жоба Ғылым және жоғары білім тарапынан қатаң қадағаланып, сәйкестендіру нөмірі берілді, ол ҰБДҚ (НОБД) базасында сақталады. Осы жол­мен әр жоғары оқу орны рей­тингте өз орнын көрсетуге тал­пынып, алға қарай өрлеп, бәсе­келестікке төтеп бере алатын болады деп сенеміз.

Бүгінде жұмыс берушілерге жай ғана дипломы бар кадрлар емес, заман ағымына ілесе алатын және сапалы білім алған жоғары деңгейлі мамандар қажет. Біздің оқу орны осы талапқа сәйкес мамандарды даярлауда.

Аида Смаилова, «Болашақ» университетінің тәрбие ісі жөнін­дегі проректоры:

«Пайданы емес, арды ойла»

– Бүгінгі күнге дейін универ­си­тетке түрлі мекемелер мен кәсіпорындардан өздерінде жұ­мыс жасап жүрген қызметкер­лерінің оқыған-оқымағандығын анықтап беруді сұраған хаттар келіп түсуде. Әрине, универси­теттің түлегі екендерін растап жауап берудеміз. Дегенмен осындай мазмұндағы хаттардың әлі де келуіне қарағанда, тек жоғары оқу орны ғана өз білім алушылары туралы нақты мәлі­метті ұсына алады.

Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірдей үлгідегі дип­лом бланкілері 2021 жылға дейін беріліп келді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары білім алушыларға өзіндік үлгідегі диплом табыстайды.

2012 жылдан бері «Ұлттық білім беру деректер қоры» ақпа­раттық жүйесі іске қосылған болатын. Ал 2022 жылдың сәуі­рінен бастап жаңа нұсқасы іске қосылып, 24/7 онлайн режимінде жұмыс істейді. ҰБДҚ бастапқы дереккөздерден, яғни білім беру ұйымдарынан автоматты ре­жим­де ведомстволық статис­ти­каны жинақтап, білім алушы­ларды толық есепке алуды қамтамасыз етеді және қайталануды болдыр­мау жолымен респонденттердің дұрыс емес ақпаратын анықтай­ды. Осыдан-ақ біздің де жалған диплом жасаушыларға қарсы екеніміз айдан-анық. Біздің оқу орнында студенттерге сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалған.

Жұмыс беруші маманды жұ­мысқа қабылдамас бұрын құзыр­лы органдар арқылы нақты мәлі­метті алуға аса мән берсе, жұ­мысқа қабылданатын азамат туралы, яғни оның білімі туралы толық ақпаратты осы жүйе ар­қылы жинақтай алады.

Жалған диплом жасау факті­сін анықтау, онымен жұмыс­қа орналасу мәселесімен прокура­тура бірнеше жылдан бері ай­налысқанымен, алаяқтардың теріс пиғылдары тыйылар емес. «Сұраныс» бар жерде «ұсыныс» та болып тұр. Бұған дәлел – ғаламторда орналасқан сайттар бойынша «тапсырыс» қабылдап, санаулы күндері қалауыңызша «дайын тауарды» жеткізуді ұсы­натындар. Жалпы жалған диплом жасаумен айналысып жатқандар терең зерттеуді қажет етеді. Өйткені еліміздегі әрбір оқу орнының атын жамылған жалған мамандар жұмыс істеп жүр. Осы жайтқа тосқауыл қоятын уақыт келді. Бұл – үлкен проблема. Осыған бей-жай қарамай алдын алу маңызды.

ХХІ ғасырда өркениеті дамыған елдермен тереземіз тең болып, кемел болашаққа ұмтыламыз десек, кез келген жасанды қылықтар мен жалған құжаттардан аулақ болғанымыз жөн. Жасанды диплом жасау­шылар мен қолданушылар пайда­ны емес арды ойлағаны жөн. Ертең білімсіз, тәжірибесіз ұрпақтың өсіп-жетілмеуіне кім кепіл?

Р.S.  Қазіргі уақытта ашық қоғамға бетбұрыс жасап отырмыз. «Жаңа Қазақстанды» бетке алған бүгінгі буын алдағы уақытта барлығы ашық түрде айтылады деп сенеді. Себебі ашықтық пен жариялылық ертеңгі ұрпақ үшін де қажет. Сондықтан да ең бірінші осы уақыттан бастап жемқорлықтың, заң бұзушылықтың алдын-алуға жұмыс жасағанымыз абзал. Бүгінде балаға жаны ашымастардың жолы болып тұр. Сол үшін де ертең «Баламды кім оқытты?» деп ойланбас үшін өзіміз әрекет жасауға тиістіміз. Елдің ертеңі болар ұрпақтарды жалған құжатпен білім беріп, білімсіз ұрпақтардың көбеюіне жол бермеу керек.  Қазіргі уақытта осындай қауіпті істерден өзімізді аулақ ұстау қажеттігін ұғыну да керек.

Біреулер көз майын тауысып, 4-5 жыл оқып, еңбек етіп жүр. Екіншісі санаулы күннің ішінде диплом сатып алып, жалғанды жалпағынан басып, өтірік құжатпен нанын  жеп жүр. Міне, әділетсіздік. Жаңа Қазақстан жасаймыз, өзгереміз десек, ең алдымен жалғандықты, жемқорлықты жою керек. Мәселенің мәнісі осында жатыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: