Сейсенбі, 24 желтоқсан, 00:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа заман – жаңа білім

17.04.2021

4971 0

Ғылым мен білім дамыған заманда адамзатқа ізденіс қажет. Тынымсыз тірлік, терең білім ғана жетістікке жеткізеді. Келешек ұрпақтың болашағы кемел болуы үшін де білім мен ғылым керек. Міне, сол кемел келешек үшін бүгінгі күні қызмет етіп жатқан білім ошағының бірі – қаладағы №278 IT мектеп-лицейі.

Жаңа заман – жаңа білім

Ең жас мектептің бірі

Білім ордасы шаһардағы ең жас мектептің бірі. Мектеп осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілген. Алғашында қаладағы 900 орындық №278 орта мектеп болып ашылған. 2019 жылы 14 шілдеде қала әкімінің №11763 шешімімен «Қалалық білім бөлімінің №278 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі» болып өзгерді.

Мектепке әуелгіде Зафура Ерназарова басшылық етсе, 2016-2017 жылдары Асқар Садықов және 2017-2020 жылдар аралығында Берік Бекенов басқарған. Қазіргі кезде мектепке Эльмира Азатбаева басшылық ете­ді. Білім ордасында 42 оқу кабинеті, 270 орын­дық акт залы, 50 оқырманға арналған кітапхана, спорт зал мен 300 орындық асхана бар. Сонымен қатар мектеп ауласында спорт, кіші футбол мен ойын алаңдары орналасқан.  Шәкірттердің компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында 2 информатика және STEM сыныптары бар.

Жаңа заман – жаңа білім

Мектептің басты мақсаты – инновациялық, ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың жеке шығармашылық және ғылыми-зерттеу қабілеттерін зер­делеп, тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мектепте 156 ұстаз қызмет етеді. Оның ішінде 27 пе­дагог-зерттеуші, 30 педагог-сарапшы, 31 пе­дагог-модератор мен 13 педагогика ғылым­дарының магистрі бар.

Жетістікке жетуден жалықпайды

Білім ордасындағы ұстаздар да, олардың шәкірттері де әрдайым түрлі сайыста жан-жақтылығы және терең білімі нәтижесінде алдыңғы шептен көрініп жүр. Мәселен, биыл­ғы оқу жылы облыстық ғылыми жобалар байқауынан мектептің 7 шәкірті жүлделі орынмен оралған. «Зерде» конкурсының қалалық кезеңінен 5 оқушы жоғары дәреже көрсетті. Бұдан бөлек 9-11 сынып арасында Досбол Күдебаев, Мейіржан Жарылқанов пен Жансая Абдуразақ «Елбасы медалін» кеудесіне тақты. Әйгерім Елеуованың шәкірті Әсел Сейілхан «Мамандықтар әлемін ашамыз» форумының «Осындай мамандықтар бар» номинациясында қалалық кезеңде І орын және облыстық кезеңде ІІ орын иемденді. «Мамандықты таңдайтын уақыт» бөлімінде 9 сынып оқушысы Гүлайдын Толыбай ІІІ орын алды. Ал «Мен мамандықтар әлемінде» номинациясы бойынша ағылшын тілінде Ханша Сайлаубай І орын, қазақ тілінде Ақжан Досмағанбет пен орыс тілінде Анель Талғатқызы ІІ орынды қанжығаға байлады.

Жаңа заман – жаңа білім

Жастарға жол ашатын мекен

Білім ұясында тәжірибесі мен тәлімі мол ұстаздар қатары көп. Олар әрдайым шәкіртті терең біліммен сусындатудан жалыққан емес. Сонымен қатар білікті ма­мандар жас ұстаздармен тәжірибесін бөлісу­ден де кенде қалған емес. Биылғы оқу жылы жас мамандардың шығармашылық қабілетін арттыру және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында жастар мен озат тәжі­рибелі ұстаздар байланысын бекітіп, әдіс­темелік көмек көрсету үшін тәлімгерлер тағайындалған. Жалпы мектепте 25 жас маман жұмыс істейді. Оларға ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Карима Айқынқызы бағыт-бағдар береді.

Жаңа заман – жаңа білім

– Тәлім ордасында «Ізденіс» атты оқу­шы­­лардың ғылыми қоғамы құрылып, оған Жанар Шади жетекшілік етеді. Жаратылыстану бағытындағы ғылыми қо­ғамның жетекшісі Жұлдызай Қазбекова болса, гуманитарлық бағыттағы ғылыми қоғамға Гүлнұр Жәнібекова жетекші болып тағайындалған, – дей­ді мектеп директоры Эльмира Кеделқызы.

Мектеп басшысының айтуынша, №278 мектеп-лицейі облыстық білім басқар­ма­сының қолдауымен құрылған «Серіктес ди­ректорлар» қалалық лигасының құрамына шаһардағы 12 мектеппен бірге енген. Мектеп ұстаздары мен оқушылары лиганың арнайы жоспары бойынша өтетін шараларға белсенді атсалысуда.

Жаңа заман – жаңа білім

Ұлағатты ұстаз

Баланың баянды болашағы үшін тәлім-тәрбие беруде ұстаздың еңбегі орасан зор. Жас шәкірттің бойына еліне деген сүйіспеншілік ұялатуда, оңы мен солын тануда мұғалім аянбай еңбек етеді. Бұл жолда тынымсыз еңбек етіп жүрген жан – №278 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Мәрия Ажарбаева.

Ұстаз 1982-1986 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық инс­титуттың «Бастауыш сынып мұғалімі» маман­дығын алған. Бүгінде Мәрия Қанатқызының бұл қызметте жүргеніне 35 жыл. Мектепке тарыдай болып келген бала шәкірттің қолына «Әліппені» ұстатып әріп танытқан, жазу-сызуды үй­ретіп, түрлі құбылысты түсін­діретін – дәл осы аяулы ұстаз.

Жаңа заман – жаңа білім

Бұған дейін ұзақ уақыт қаладағы №211 А.Байтұрсынов атындағы мектепте қызмет еткен Мәрия Қанатқызының 4 шәкірті «Алтын белгі» иегері атанған. Бірнеше оқушы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіп, білім жолын жалғастыруда. Бұл жетістіктерінің арқасында қалалық білім бөлімінің бірнеше марапатының иегері атанған.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орал Дастанбекқызы да білім ошағындағы білікті ұстаздардың бірі. Ол Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдаған соң еңбек жолын балабақшада тәрбиеші болып бастаған.

Кейінірек №120, 101 мен №278 мек­тептерде қызметін жалғастырған. 2001-2017 жылдар аралығында директордың тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Өз еңбек жолында жас ұстаздардың шыңдалуына, білім сапасын көтеруге жұмыс істеген ұстаз абырой биігінен көрініп келеді.

Жаңа заман – жаңа білім

Ол республикалық «Мәңгілік ел ұс­таздары» антологиясына еніп, респуб­ли­калық «Өрлеу», «Педагогикалық шеберлік» орталықтарының алғыс хатын иемденген. Сонымен қатар ұстаз еңбегі еленіп, облыс әкімі, білім басқармасының басшысының «Алғыс хатының» бірнеше рет иегері атанған.

Ұстаздың шәкірттері де биік белестен көрініп жүр. Оның «Алтын белгіге» үміткер оқушысы таңдау пәні қазақ тілінен ҰБТ-дан 39 балл жинаса, сол тестілеуге дайындаған оқушылары 81 пайыздық көр­сеткішке жеткен. Орал Тыманбаеваның ав­торлық «Шаңырақ – ұлтық тәрбие негізі» кітабы, «Ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету» әдістемелігі жарық көрген.

Жаңа заман – жаңа білім

Кәсіпке баулитын бағдарлама

Келесі оқу жылынан бастап №278 мектеп жаңа жоба желісінде жұмыс істеуді бастамақ. Облыстық білім басқармасының «Кәсіпкерлік мектеп» пилоттық жобасын ендіру туралы 2021 жыл­дың 31 наурызындағы №24 бұйрығына сәйкес 2021-2022 оқу жылынан бастап №278 IT мектеп-лицейі пилоттық жоба аясында қызмет ететін болады.

Ондағы мақсат – мектеп оқушыларын қоғамға пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша даярлау. Есесіне жоғары сынып оқушыларын орта білім алып қана қоймай белгілі мамандықты иге­ріп, келешек мамандығына бағытталған шараларға қатысады. Оның ішінде оқушы таңдаған бағыт бойынша политехникалық және арнайы техникалық білім берілмек. Таңдалған техникалық қыз­мет бойынша кәсіби дағдыларды игеріп, құрал-жабдықтарды әзірлеу кезінде жеке шығармашылық әдістер қолданылады.

Бағдарлама оқушыларды еңбекке баста­машылық көзқараспен қарауға тәрбиелеп, еңбек нарығында өз бетінше қызмет етуге, кәсіптік жүйеде білімін жалғастыруға мүм­кіндік береді.

Жаңа заман – жаңа білім

Қайырымдылықтан кенде емес

Мектепте 1344 шәкірт білім алса, оның ішінде 430 бала көпбалалы отбасынан шыққан, 117 бала аз қамтылған отбасы қатарынан. «Мектепке жол» жалпы рес­публикалық қайырымдылық акциясы аясында балаларға ата-аналар, ұстаздар мен жеке кәсіпкерлер тарапынан көмек көрсетіледі. Мәселен, биыл акция аясында 14 планшет, 13 оқушыға мектеп сөмкесі және 44 оқушыға оқу құралдары таратылған.

Мұндай қайырымдылық шараларда Г.Жұмалиева, Н.Абытова, А.Полатова, А.Төреходжаева, Ә.Толыбай, Г.Халықова, Г.Тұндыбаева, Ж.Шади секілді ұстаздар белсенділік танытқан. Олардың қатарында кәсіпкерлер мен ата-аналар да бар.

Сондай-ақ 2019-2020 оқу жылынан бастап мектепте академик Байзақ Момынбаев атындағы қордың демеушілігімен сыныптар жабдықталған. Технология ка­бинетіне 952 мың теңгеге тігін машиналары сатып алынған. Осы қор есебінен би мен домбыра үйірмесі қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.

Жаңа заман – жаңа білім

Үйірмесі көп мектеп

Мектепте оқушылары шығармашылық пен спорттан кенде болмас үшін және уақытын пайдалы әрі қызық өткізу мақсатында 13 түрлі үйірме қызмет етеді. Оның ішінде робототехника, «Еркем-ай» би үйірмесі, дом­быра, «Балдәурен» хоры, футбол, бас­кетбол, таэквандо секілді үйірмелер бар.

Қазіргі таңда үйірме оқушылары талай тартысты додада жеңістің төрінен көрініп жүр. Мысалы, Дариға Батыржанқызы жетекшілік ететін 5-6 сынып оқушыларына арналған «Шебер қолдар» үйірмесінің оқу­шылары  – облыстық, республикалық бай­қаулардың жеңімпазы. Ақшолпан Байсуованың бишілері «Жас жұлдыз» рес­публикалық байқауында «Хореография» жанры бойынша бас жүлде иегері атанған.

Жаңа заман – жаңа білім

Робототехника бойынша «Robo әлемі» байқауының 7-8 сынып арасында «Робо ақ сүйек» бағытында Ақерке Ертайдың оқушылары ІІ орын, 9-11 сынып арасындағы «Робо қыз қуу» бөлімінде Перизат Мырзаеваның 10 сынып оқушылары ІІІ орынды қанжығаға байлаған.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (суреттер)

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: