Сенбі, 28 желтоқсан, 00:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ана мен балаға кім араша?

26.07.2022

1446 0

Әрбір ана үшін құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп күткен сәбиін аман-есен бауырына басқаннан артық ештеңе жоқ. Иә, осынша уақыт күткен бөпеңнің дені сау дүниеге келіп, тәп-тәтті иісін құшырлана иіскегенге не жетсін!

Алайда соңғы кезде шыр етіп дүние есігін ашқан шақалақтың көз ашпай жатып, баламды бауырыма басам деген ананың ес жимай жатып жарық дүниемен қоштасуы жиілеп барады. Жалпы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, еліміз ана өлімі бойынша 42-ші, бала өлімімен 79-шы орында екен. Биыл республика көлемінде  24 ана өлімі тіркелген.

Бала өлімі бәсеңдемей тұр

Өкінішке орай ана мен бала өлімінің көр­сет­кішімен облысымыз республикада алдың­ғы қатарда. Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері өңірде ана өлімімен 3 жағдай тір­келіпті. Бұл Арал, Қазалы ауданы мен Байқоңыр қаласында орын алған. Өткен жылы 10 ана сәбиін иіскеп, мауқын баспаған күйі көз жұмған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова бұл жағдайды былай түсіндіреді.

– Соңғы 7 айда болған үш жағдайға ана ден­саулығындағы кінәрат себеп болып отыр. Бірінші жағдайда Арал ауданының тұрғыны босанғаннан кейін 26 тәулікте өкпе қабынуы салдарынан көз жұмды. Оған дейін жедел респираторлы вирус жұқтырған, ауыр түрдегі қаназдық, бүй­ректің созылмалы ауруы сынды диагнозы бол­ған. Ал Қазалы ауданындағы оқиғада бала жолдасының мерзімінен бұрын ажырауы болған. Соның әсерінен жатырдан көп мөлшерде қан кеткен. Жедел облыс орталығына алдырып, ем-домы жасалды. Республика бойынша білікті мамандармен кеңес жүргізілді. Дегенмен соңы бүйрек жетіспеушілігіне ұласып, жасалған ем шара нәтижесін бермеді, – дейді маман.

Үшінші жайт Байқоңыр қаласында орын ал­ған. 45 жастағы келіншектің бұл 24 жылдан кейін­гі  екінші жүктілігі  екен. Әйелдің қан қысы­мы жоғары болған. Жедел-жәрдемге ауа жетіспеу шағымымен хабарласқан. Алайда жоғары қан қысы­мының салдарынан жедел-жәрдем көлігінде қаза тапқан.

Аталған 3 жағдайда да әйелдердің негізгі диаг­нозынан бөлек қаназдық, созылмалы бүйрек ауруы болған.

Ал сәби өлімі былтыр – 21 жағдайды құра­са, биыл 113 шақалақ шетінеген. Бала өлімі бойынша биылғы көрсеткішті естігенде естен тануға болатындай. Бұған бей-жай қарай алма­саң, қаншалықты ауыр көрсеткіш екенін түсі­не­сің. Бақандай 113 сәби жарық дүниемен қош­тасты. Бала – болашағымыз дейтініміз рас болса, шетінеген шиеттей баланың обалы кімге?

– Биыл өкінішке орай 100-ден аса бала шеті­неді. Оның 30 проценті мерзімінен бұрын туған еді. Сонымен қатар туабітті ақау­дың, инфекциялық аурудың салдарынан көз жұмғаны бар. Бұл ретте аналардың көбінде пиолонефрит, қаназдық ауруы, жыныстық қаты­нас арқылы жұғатын инфекция белгілері болған. Осыны жүктілікке дейін емдемеудің соңы қайғылы жайтқа әкеліп жатады, – дейді Мая Мейрамбайқызы.

Маман тапшы, біліктісі аз

Өткен аптада облыс әкімдігінің мәжіліс за­лында осы мәселе бойынша жиын өтті. Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов бұған экологиялық жағдайдың әсері барын атап өтті. Сонымен қатар маман тапшылығы да бірден-бір себеп екен. Оған қоса ана денсаулығының да әсері бар.

Сала басшысының сөзінше, аймақта гине­кологтар саны 95 процентті құрайды. Яғни өңірде 106 акушер-гинеколог маман бар. Олардың 71 проценті оперативті техниканы меңгерген болса, тек 6 дәрігер кең көлемді ота жасай алады екен. Бұрын тапшы  болған неонатолог мамандар саны 90 процентке жеткен. Қазір анестезиолог мамандар тапшылық тудыруда.

Ана денсаулығы алаңдатады

Мамандардың айтуынша, өзге өңірлерге қара­ғанда біздегі әйелдердің денсаулық индексі 12-13 процент екен. Бұл ұрпақ өрбіте алатын 100 әйелдің тек 12-13-інің ғана денсаулығы жақсы дегенді білдіреді. Аймақта жүкті әйелдердің басым бөлігінде қаназдық, қан қысымы, бүйрек, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік аурулар жиі кездеседі. Әсіресе инфекциялық аурулар кең тараған. Бұл ретте облыстық ана мен бала перинаталдық орталығы басшысының орын­басары Сәуле Жақанова мынадай уәж айтты.

– Жүктілік кезіндегі асқынулар ана денсау­лығымен тығыз байланысты. Болашақ ананың күтінбеуі, денсаулығына салғырт қарауы салда­рынан баланың шала тууы, туа бітті ақаумен өмірге келуі мүмкін. Сондықтан алдын ала ем-домын жасап, әйел ағзасы дайын кезде ғана жүктілікті жоспарлаған жөн. Әрбір ана болашақ ұрпағының саулығына әу бастан мән бергені дұрыс, – дейді білікті дәрігер.

«Шалабайлар» неге көп?

Ай, күні жетпей ерте туу қай кезде де бол­ған. Десек те соңғы кездері патологиялық салдардан ерте босану жағдайы көбейген. «Шалабайлардың» өмірге бейімделуі әртүрлі болады екен. Олардың әрі қарай адам болуының да өзіндік көрсеткіші бар.

– Қазір қан қысымы, бүйрек ауруымен ауыратын әйелдер көп. Жүктілік кезінде бұл ана денсаулығына екі есе күш түсіреді. Мұн­дай ауру белгісі бар жүкті келіншектер кейде орта­лыққа жедел жеткізіліп, жансақтау бөлі­міне жат­қызылады. Себебі ол ананың қан қысымы жоғары, бүйрек қызметі нашарлаған, кіші дәреттегі белок көрсеткіші артқан. Тіпті қан қысымы 200-ге жет­кенде келетіндер бар. Бұл жағдайда ми ісініп, миға қан құйылу, жа­тырдан қан кету сияқты қауіп басым болады. Сосын амал жоқ ананың өмірін сақтау үшін бала өмірін қиюға тура келеді. Яғни жүктілігі мерзімінен бұрын үзіледі. Енді бұл – ең ауыр сатысындағы жайт. Кейде мүмкіндік болса баланың да өмірін аман алып қалуға тырысамыз. Ондайда бала шала туады. Оларға арналған меди­циналық құрал-жабдықтар толық қамтылған де­генмен, өмір сүруге бейімділігі төмен болса, өкінішті. Шамамен 500-900 грамм салмақтағы шақалақтардың ағзасы толық дамымайды. Оның жетілуі үшін кемінде 2-3 ай қажет болады. Бұдан бөлек жүктілік кезіндегі құрсақтағы баланың дұрыс дамымауы, туа бітті кемістіктің болуы да ана денсаулығы мен сыртқы фактордың әсерінен орын алады, – дейді Сәуле Сәменқызы.

Орталықта іштегі баланың дұрыс жетілуін жүктілік кезеңінде 3 рет эксперт санатты ультра дыбыстық зерттеу аппараты арқылы бақылайды. Жүктіліктің 22 аптасына дейін қандай да бір өмір сүруге қабілетсіз құрсақ ішілік ақау анықталса әйелдің келісімімен жүктілік тоқтатылады.

Дәрігерлердің жүктілікті жоспарлауға кеңес беретіні бекер емес. Мұндай ауру белгісі бар келіншектер жүктілікке дейін ем алып, ден­саулығын дұрыстар болса көптеген патоло­гиялық жағдайды болдырмауға болар ма еді?.

Дамыған медицина дәрменсіз бе?

Облыс орталығында ана мен бала өміріне жауапты бірден-бір мекеме – облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығы. 350 төсек­тік мекемеде жүкті, босанушы әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арнаулы жоғары маман­дандырылған 3 деңгейдегі перинаталдық көмек көрсетеді. 16 құрылымдық бөлімшесі бар. Меди­циналық құрал жабдықпен қамтылуы 92 процент. Заманауи технологияны пайдалану мүмкіндігіне ие. Аймақ бойынша жүктілік регистрі мониторингісі, УДЗ (құрсақішілік ақау­ларды анықтау) скринингі, жүктіліктің І три­местріндегі биохимиялық, неонаталды скрининг, офтольмодиагностика, ретинопатияны анықтау, аудандарға санавиациялық көмек көрсету сынды қызмет атқарады. Қуанарлығы, шала туған шақа­лақтарды өмірге бейімдеу үшін қажетті  ретиналды камера, ауыр асфиксия жағдайындағы нәрестеге көмекті реттейтін Т-система аппараты, мұздатып емдеу аппараты (гипотермия), сан­авиациялық көмек кезінде керек кувез құрал­дарымен толық қамтылған.

Иә, мынадай құрал-жабдықпен орталықтың мүмкіндігі зор-ақ. Тек осынша мүмкіндік бола тұра жарты жыл ішінде жүзден аса сәбиден айырылғанымыз өкінішті.

Аудандағы ахуал

Жоғарыда айтқан үш ананың өлімі Арал, Қазалы ауданы мен Байқоңыр қаласында тіркелген. Халқының саны көп, әлеуметтік ахуалы зор аудандардың медициналық жағдайын облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала жөніндегі орынбасары Мая Мейрамбайқызынан сұраған едік.

– Облыстағы 7 ауданның 5-інде талапқа сай салынған жаңа аурухана бар. Медициналық ахуалы жылдан-жылға жақсарып келеді деуге болады. Бірақ маман тапшылығы барын жасыра алмаймыз. Мұнда акушер-гинеколог, анес­тизиолог-реаниматолог мамандар жетіспейді. Осыдан соң олардың күндіз-түні кезекшілік жасауына тура келеді. Бұл мамандарға үлкен күш түсіреді. Қазіргі жағдайда 1 гинекологқа 130-150 жүкті әйелден келіп отыр, – дейді ол.

Пандемия кезінде

Соңғы үш жылдағы есеп бойынша ана мен бала өлімі 2019 жылы көбейген екен. Өлім-жітімнің көбею себебі де түсінікті. Бұл – әлем бойынша коронавирустың таралған кезі. Сол жылы жүкті келіншектердің 58,3 проценті аталған вирустық инфекция салдарынан көз жұмған. Ал құрсақішілік ұрық өлімі 12,4 процентке өскен.

Аналар мектебі

Жалпы сәби сүюде алдымен жоспарлау, алдын алу сынды қарекетті ескеру керегін дәрі­герлер жиі айтады. Баланы туумен бірге, оның жауапкершілігі толық ата-ананың мойнында екенін ұғынатын кез келген сияқты. Қазір заман дамыған. Керекті ақпаратты бас қатырмай-ақ табуға болады. Мәселен, өркениетті ел­дерде бірге болуға шешім қабылдаған екі жас үйленбей тұрып, денсаулығын тексертіп, ешқандай қарсы көрсетілім жоғын анықтайды екен. Отбасын құрып, бала сүюді жоспарлайды. Алдын ала дәрігерден кеңес алып, бақылауында болады. Жүктілік кезінде де әйелдің көңіл-күйінің жақсы болуын, өзін күтуін жақын жандары қамтамасыз етеді. Мұның бәрі оларда қалыптасқан үрдіс.

Осыдан 5-6 жылдың шамасында емханаларда арнайы аналар кабинеті ашылған еді. Бұл жерде жүкті әйелдер мен жас аналарға кеңес беретін қажетті ақпаратпен қамтитын. Алайда соған қызығушылық танытып бас сұққан бірен-саран келіншектер болмаса көбі бара қоймайтын. Кейде сондағы жауапты маман қабылдауға келген жүкті әйелдерді кабинетіне жалынып жүріп шақыратын.

Аналар кабинетіндегі кеңес пен ақпарат мардымсыз болды ма, әлде соны тыңдауға келін­шектердің көңіл-қошы болмады ма, сұраныс болмаған соң  бастама аяқсыз қалды. Қазір емханаларда мұндай кабинет жоқ. Шындығында, бұл нағыз керек дүние еді.

P.S. Өткен аптада Президент әкімшілігі жанынан құралған комиссия облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында болды. Өңірдегі ана мен бала жағдайын өз көзімен көрген мамандар бұған профилактикалық ем шараның жоқтығы деген баға берсе керек. Себебі әйелдер арасындағы семіздік, қант диабеті, қаназдық, қан қысымы, бүйрек ауруы дені сау баланың тууына кері әсер беретін көрінеді. Бұл ретте тек болашақ аналар емес, әкелердің де денсаулығына мән беру керектігі айтылған. Сондықтан дені сау ұрпақ – дені сау ана мен әкеден тарайтынын ұмытпайық.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: