Жұма, 26 сәуiр, 14:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Анестезиолог

23.08.2022

1196 0

 «Гиппократ» антын қабылдап, міндетін абыроймен атқарып жүрген бірінші санатты дәрігер анестезиолог- реаниматолог Асқар Әуезбеков білікті мамандар санатынан.

Ол алғаш еңбек жолын 1996 жылы қалалық перзентхананың анестезиология-реаниматология және қарқынды ем бөліміне дәрігер ординатор қызметінен бастады. 2015 жылдан бастап, аталған бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Осы салада 26 жылдай уақыт тапжылмай еңбек етіп келе жатқан дәрігерге айтар халықтың оның ішінде аналардың  алғысы зор.

Ана мен бала денсаулығы еліміздің басты байлықтың бірі. Оған сергек қарап, жауапкершілікті сезіну осы сала мамандарына жүктелген міндет. «Адамның бір қызығы – бала» демекші бүгінгі біздің кейіпкеріміз осындай қиын да қызық салада қиналған жанға қол ұшын беріп келеді.  Ол жұмыс барысында білімі мен тәжірибесінің арқасында ана мен бала өмірін сақтап қалуда.

– Негізі біздің салаға көп адам қызыға бермейді. Өйткені анестезиолог дәрігер ең ауыр жағдайда шұғыл, жедел шешім қабылдау керек. Ота кезінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Мәселен, қайғылы жағдай да жан сақтау бөлімінде біздер тұрамыз. Соны көбі психологиялық тұрғыдан көтере алмайды. Одан кейін қазір халық бірден арыз-шағым жазады. Ол жерге науқас қандай жағдайда, қалай түсті. Мұнымен ешкім санаспайды. Бүгінде жас мамандар осындай келеңсіздіктен қорқып, бұл салаға келе бермейді. Сондықтан 1996 жылдан бастап биылға дейін біздің бөлім толық құраммен жұмыс істеген емес. Дәрігермен қамтамасыз етуде ең көп болған кездің өзінде 46 процентті ғана құрады. Яғни жартысына да жеткен жоқ. Кейде бір маман екі-үш дәрігердің жұмысы мен жауапкершілігін алып жүреуге тура келеді. Негізі акушерлік анестезиолог үшін екі-ақ стратегия бар. Атап айтсақ, қиын жағдайда дені сау ана мен дені сау баланы алып шығу. Ал өте ауыр кезде денсаулығы қандай болса да анасын  құтқару. Өмір болған соң бәрі де кездеседі. Қазақ «жүкті әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деген тәмсілді бекер айтпаса керек.  Адамнан адам шығуы әсте оңай емес. Себебі бізде бәрі аяқ астынан болады. Мәселен, хирургиялық қан кету бір-екі сағатта байқалса, акушерлік қан кету 15-20 секунд уақытта дамиды. Нақтырақ айтсақ, жүкті келіншектің организмі міндетті түрде өзгереді. Бірінің бүйрегі сыр берсе, енді бірін қан қысымы мазалайды. Сол үшін отамен босандыру кезінде түрлі асқынулар кездеседі. Сондықтан анестезиолог болу оңай емес – деді кейіпкеріміз.

Расында, қандай да бір науқасқа ота жасалар алдында жұмысты анестезиологтар бірінші бастайды. Ауру тарихын, науқастың немесе босанатын әйелдің анализдерімен танысады. Жеке сөйлесіп, оған отаның маңыздылығы мен қиындығын түсіндіреді. Оған қоса, анестезиолог науқастың медициналық препараттарға аллергиясы бар-жоғын, оның психологиялық жағдайын тексереді. Анестезиолог науқасқа қажетті көлемде наркоз салып, ауруды жасанды демалу аппаратына қоспайынша ота басталмайды. Сондай-ақ ота толық жасалып біткенше науқастың қасында болып, оның артериальды қан қысымын, дем алуын, тамыр соғуы мен дене қызуын және басқа да адам өмірі үшін маңызды процестерді қадағалап отырады.

Ал ота жоспардан тыс шұғыл жасалатын кезде өте ұқыпты және дұрыс шешім қабылдай білуі керек. Сонымен қатар анестезиолог дәрігер операциядан кейінгі кезеңде науқастың  жағдайын тексеріп, реаниматолог дәрігердің де қызметін атқарады. Сондықтан бұл мамандық аса жауапкершілікті талап етеді. Түсінгенімізше, ота үстінде емделушінің жағдайын қадағалау барысында анестезиолог зерек және байқампаз болуы тиіс.

Міне, Асқар дәрігердің жұмысы осындай күрделі. Оларда жұмыс кестесі деген болмайды. Кейде күн-түн демей науқастың қасынан табылады. Ұзаққа созылған оталарда аяқтан тік тұрып, ана мен бала денсаулығын күзетеді. Бір сөзбен айтқанда «Адам жанының арашашасы» деген атқа лайық болу үшін тынбай еңбек етуде.

 Айта кету керек, 1998 жылдан бастап алғаш болып Асқар Айдарұлының бастамасымен акушерлік оталарда жұлындық анестезия қолданысқа енгізілді. Осы әдістің арқасында отадағы жалпы анестезиядан кейін болатын асқынулардың күрт азаюы байқалды. Нәтижесінде ана мен бала денсаулығында жақсы өзгерістер орын алды.

    Ол қызмет ету барысында өз білім деңгейін Республикалық дәрігерлер білімін көтеру институтында, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, сонымен қатар Ресей Федерациясы, Санкт-Петербургте жоғарылатып, тәжірибе алмасты. Бүгінде кейіпкеріміз анестезиология мен реаниматологияның жаңа тәсілдерін толық меңгерген білікті дәрігер.

Жұмысы мазасыздау болса да, соның бәрін мүлтіксіз атқарып жүрген Асқар Айдарұлы басшылықтың назарынан тыс қалмай, әркез марапатталып отырады. Атап айтсақ, ана мен бала денсаулығына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының медицина саласының үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, денсаулық сақтау министрлігінің грамотасымен марапатталған.

Облыстық ана мен бала орталығында жылына шамамен 12 мыңдай бала дүниеге келіп, оның ішінде кем дегенде 3-4 мың анаға ота жасалады. Осыдан-ақ анестезиолог дәрігер жұмысының қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін түсіне беріңіз.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: