Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Бала денсаулығына қанша қаржы жұмсалды?

22.11.2022

650 0

МӘМС жүйесін енгізу балалар денсаулығы профилактикасына және оларды емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Бір бала үшін жұмсалатын денсаулық сақтау жүйесінің шығындары 22 пайызға өсті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында балаларға медициналық көмекке қанша қаражат жұмсалғаны туралы есеп берілді.

Биыл – Балалар жылы. Әлеу­меттік меди­ци­на­лық сақ­тандыру қоры қазақстан­дық бала­лар МӘМС жүйе­сінде автоматты түр­де сақ­тандырылғанын еске сал­ды. Олар үшін жар­на­­ларды ЖСН алған сәттен бастап кәмелетке толғанға дейін мемлекет төлейді. Бұл балаларға ТМККК аясында ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін медици­налық көмекті де алуға мүм­кіндік береді. 

Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қо­рында хабарлағандай, емханаларға тіркелген балалар саны жыл сайын артып келеді. 2020 жылы         туғаннан бас­­тап 17 жасқа дейінгі 6 млн 290 мыңға жуық, 2021 жылы 6 млн 467 мыңнан астам, ал 2022 жылдың 9 айы­ның қорытындысы бойынша 6 млн 568 мың­нан астам бала тіркелген.

«Өткен жылы бала­ларға ТМККК және МӘМС аясында жалпы 350 млрд теңгеге медициналық кө­мек көрсетілді. Биыл 33%-ға өсім күтілуде. 2022 жылдың 9 айында 324 млрд теңгеге медициналық қызметтер көрсетілді», – деп қор басшылығы атап өтті.

Шығыстардың негізгі үлесін амбулаториялық-емханалық көмек (53%) құрайды. Ағымдағы жылдың 9 айында оған 232 млрд теңге жұмсалды.

Осы кезеңде балалар тәулік бойғы стационарларда 300 мың жағдайда 70 млрд теңгеге жуық, күндізгі стационарларда 39 мың жағдайда 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа емделді. Бұдан басқа, ауылдық стационарларда 15 млрд теңгеден астам сомаға 120 мыңға жуық бала ем алды. 2022 жылдың 9 айы­ның қорытындысы бойынша балаларға жоғары техно­логиялық меди­циналық көмек көрсетуге 768 жағ­дай бойынша шамамен 3,4 млрд теңге бөлінді.

МӘМС жүйесі енгі­зілгелі медициналық оңалту сынды маңызды бағыт қарқынды дамып келеді.  Балалар көрсет­кіштері бойынша оңал­туға тегін жіберіледі. Аталған кезеңде тәулік бойғы және күндізгі ста­ционарлар жағдайын­да 70 мыңға жуық бала 12,6 млрд теңгеден астам қаражатқа емделді.

Сондай-ақ аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Аталған кезеңде балаларды профилак­тикалық тексеруге шамамен 30 млрд теңге бағыт­талды. 9 айдың қорытындысы бойынша мектеп медицинасы қыз­меттері үшін 20 млрд теңге төленді. 9 ай­дың қорытындысы бойын­ша күндізгі стационар жағдайында бағдарламалық гемодиализ қызметтері 13 млрд теңгеден астам сомаға көрсетілді. Балаларды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 5 млрд теңге бөлінді.

«МӘМС жүйесі халықтың әлеуметтік осал топ­тарына тегін стоматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік беретіні белгілі. Талдау көрсеткендей, МӘМС бойынша стоматологиялық көмектің негізгі тұтынушылары – балалар. 2022 жылдың 9 айында 25,1 млрд теңгеге 8,8 млн-ға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді», – деп мәлімдеді Қор өкілдері.

Жалпы алғанда, 1 балаға арналған шығыстар 2021 жылғы 54,1 мың теңгеден 2022 жылы 65,8 мың теңгеге дейін ұлғайды.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: