Соңғы тәулікте аймақта коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегімен 40 жағдай тіркелді. Оның 32-сінде ауру симптомдары байқалған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов айтты.
Инфекцияны жұқтыру дерегі қалада көп болып тұр. Одан бөлек Қазалы ауданында – 1, Сырдарияда – 2, Шиеліде – 5, Жаңақорғанда – 5 жағдай анықталған.
Мамандар коронавирус балалар арасында кең етек жайғанын айтады. Бұл жағдай іш өту белгісімен көрініс береді. Сондықтан балалардың қарапайым гигиена талаптарын сақтау керегін ескертеді. Сыр өңірі коронавирус көрсеткіші бойынша әзірге «жасыл аймақта». Алайда кеселдің күн санап белең алуы қауіпті күшейтеді. Осы орайда мамандар тұрғындарға той-томалақты азайтып, бетперде тағуды ұсынды.
Пандемиялық ахуал әлі де жалғасуда. Тұрғындар барынша сақтық шарасын ұстанып, вирустың алдын алуда екпе салдырғаны жөн. Бүгінде коронавирусқа қарсы екпенің І және ІІ компонентін 500 мыңнан аса тұрғын салдырса, ревакцинациядан 229923 адам өткен. Сонымен бірге 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер Пфайзер екпесін салдырса, 2 мыңнан аса жүкті әйел мен бала емізуші 7080 ана вирусқа қарсы иммунитетін күшейткен.
Жалпы елімізде коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші жиілеп барады. Соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар саны 2000-нан асқан. Жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Бүгінде ел астанасы «сары аймаққа» енді. Қауіпті вирустың таралуы өзге облыстарда да байқалады.
А.СЕЙІЛ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!