Сейсенбі, 24 желтоқсан, 18:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Дәрігер болу – бір бақыт

18.06.2022

1440 0

Бүгін «Журналист басқа мамандықта» айдары бойынша медицина қызметкерлері күні қарсаңында дәрігер болуды көздедік. Әрине, білікті дәрігер болып, ем жасамасақ та қаламды тонометрге айырбастаған күн болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының баспасөз хатшысының айтуынша, әлі де ауруханаға емін-еркін кіріп шығуға рұқсат жоқ. Сондықтан  №3 қалалық емханаға баруды ұсынды. Содан фототілшімен бірге қаладағы ең үлкен емханаға беттедік. Бұл емхана талай жылдан бері сапалы меди­циналық қызмет көрсетіп келеді. «Басы ауырып, балтыры сыздап» жанына дауа іздеп келген жанның бабын жасайтын медицина қызметкерлері. Мұнда бізді  бас дәрігердің орынбасары  Ләйлә Кенжебайқызы күтіп алып, емхананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сөйтіп, емханадағы дәрігер-кардиолог Жұлдызай Әбдреймоваға жол сілтеді.

Қазіргі кезде қай ауруханаға, қай емханаға барсаң да адам көп. Үлкені де кішісі де сонда. Бұрын әжеміз «жас кезімізде ауру дегенді білмеуші едік» деп жиі айтып отыратын. Алайда қазір дерттің алдында кез келген адам дәрменсіз күйде. Қарап отырсақ, адамдардың барлығы ашушаң. Үнемі терең ойда, күйзеліс үстінде жүреді. Әдетте, мұндай жағдай жүрек-қан тамыры ауруына душар етуде. Тіпті жыл өткен сайын жасарып барады. Негізінде жүрек-қан тамыр аурулары холестериннен пайда болады. Ол майлы әрі тез дайындалатын тағамды көп тұтынғаннан көбейеді екен.

Әдетте медицина қызметкерлеріне айты­лар сын көп. Мәселен, таныс-тамыр болмаса дұрыс қарамайды, ақша алады тағы осы сияқты әңгімелер халық арасында өріп жүр. Дегенмен «Бірінші байлық денсаулық» демекші ауру жаныңа батқанда ең алдымен ақ халаттылардың көмегіне жүгінесің. Сон­дықтан қанша сын айтылса да, халық дәрі­герлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Міне, бүгінде емхана толған адам. Бір есіктің алдында тұрған кезекті көзбен көрсең… Тіпті бізді кіргізгілері жоқ. Әрине, оларды да түсінуге болады. Қанша сағат телміріп күткен уақытын текке жібергісі келмейді. Осылайша кардиологтың кабинетіне кіріп, ақ халатты киіп, емделушілердің қан қысымын өлшеп, өзімізді бір уақыт дәрігер сезіндік.

Күләнда апа бірнеше жылдан бері жүрек ауруымен емхана тізі­мінде тұрады екен. Ол үнемі дәрігердің бақылауында болып, жиі тексеріліп, дәріні уақытылы ішіп жүр. Бүгін, міне, дәрігерге тексерілуге келген. Қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын тыңдадық. Осылайша кардиолог әрі қарай ем-домын жазып берді.

– Жүрек ишемия ауруы тіке­лей жүрек қан тамырларының зақымдануынан пайда болады. Бұл дерт тұрақты және тұрақсыз болып екіге бөлінеді. Тұрақсыз ишемияның көтерілуі мен көтері­лу­сіз деген түрлері бар. Оның ішінде көтерілуі – инфаркт, кө­терілусіз – жүрек ишемиялық дерті ретінде қарастырылады. Тұрақты деп күнделікті дәрі-дәрмекті қабылдап, емханаларда бақыланатын науқастарды айтады. Бұл дерт соңғы жылдары жастарды да өз құрығына түсіруде. Сонымен қатар жүректің туа пайда болған ауруы да көбейді. Оған жүктілік кездегі ана денсаулығы тікелей әсер етеді. Сондықтан баласының болашағы үшін салқын тигізбей, барынша сақтану керек. Негізінде медицинада аталған дертпен ер кісілер көп ауырады. Ал бала туу жасындағы әйелдердің жүрегін эстрогендік гормондар қорғайды. Бұл дертке әкелетін бірден-бір жайт – қан қысымы мен қант диабеті аурулары. Ол бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айнал­ды. Бастапқы белгілері – кеуде жасушалары ауырып, қол мен сол жақ иық ұйып, жайсыз сезім пайда болады. Мұндай кезде уақыт ұттырмай дер кезінде дәрігерге көріну керек, – деді Жұлдызай Әбдреймова.

Сондай-ақ көз дәрігерінің ал­дында да кезек көп. Тіпті олар­дың ішінде балалар да бар. Дәрігер-офтальмолог Толқын Мақсұтқызының айтуынша, көзін тексертуге келетіндердің 80 про­центінің көзі нашар көреді екен. Расында, бүгінде адамдар көбіне компьютермен жұмыс істейді. Соның салдарынан көз шаншып, қызарып ауырады. Сондықтан көздің шаршауын болдырмау үшін бірнеше минут сайын көзді демалтып, бөлмені желдету қажет. Таза ауада көбірек серуендеу де көзге аса пайдалы. Көру на­шарлаған жағдайда арнайы дәрі­герлердің кеңесіне жүгініп, дереу көзілдірік киген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, оны дұрыс таңдап алу көздің бір­қалыпты көруіне көмектеседі екен. Көз шаршаса, адамның жұмыс қабілеті де төмендейтіні рас. Ал дәрігер балалар ұялы телефонды көп ұстамай, кітап оқып, бассейнге барғаны жөн деп кеңес берді.

Жалпы №3 қалалық емхана бойынша халық саны 66860. Ем­хана бойынша барлығы 39 жал­пы тәжірибелік дәрігерлік ай­мақ бар.  Оның 36 аймағында то­лықтай дәрігер жұмыс істейді.   2018 жылдан бастап, жедел жәрдем бөлімі ашылып, тәулік бойына 3 бригада жұмыс істейді. Санитарлық автокөлік GPS –пен және дыбыс бергіш құрал­мен қамтылған. Біз де жедел-жәрдеммен үй аралауды ойлаған едік. Өкінішке орай барлығы ша­қыртуға шығып кетіпті. Соған қарағанда, емханаға келмей, дәрі­герді үйге шақыратын тұрғын­дардың көп екенін аңғаруға болады. Тәулік бойы жедел-жәрдем бөлімінде 3 жинақталған бригада екі ауысыммен халыққа қызмет көрсетеді. Бригаданың барлығы дәрі-дәрмекпен, ЭКГ аппаратымен, пульс оксиметрмен, глюкометрмен, оттегімен толық қамтамасыз етілген. Жедел жәр­демнің көмегіне адам жаны қы­сылғанда ғана жүгінеді. Бүгінде дер кезінде жасалған көмек арқылы талай пенденің тұз-дәмі таусылмай, ғұмырлар жалғанып келеді.

Сонымен қатар емхананың амбулаторлы хирургиялық орта­лығына барып, жұмысымен та­ныстық. Мұнда сынық жара­қаттарына жедел және жоспарлы түрде ота жасалады. Атап айтсақ, тобық сүйектері, қол және аяқ саусақтары, бұғана сынықтарына тиісті оталар жасауда. Одан бөлек, мамандар бұғананың шығуы ке­зінде, хондроматозды денелерді буыннан алу, сүйектердегі метал­­ло­конструкцияларды алу отала­рын жасап жатыр. Сондай-ақ буын және сіңірлерде пайда болған қатерсіз түзілістерді алу тағы басқа травматологиялық-ортопедиялық, урологиялық ота­лары жасалады. Біз барғанда кезекті ота сүйектегі темірлерді алуға байланысты болды. Бұл ота сәтті шықты. Шынтақтағы буынның созылмалы қабынуын да дәрігерлер қалыпқа келтірді. Буын қабы алынды. Мұнан бөлек, тізе буынынан шыққан қатерсіз ісікке де ота жасалды. Тізе буынның артқы бетінен шығатын гигрома, ісік ішіндегі сұйықтықты пункция арқылы алу кезеңі де асқынусыз болды. Аталған орталықта осы және басқа да жедел және жоспарлы ота жасалуда. Әрине, бұл  – біз көрген бір ғана көрініс. Ал дәрігерлер мұндай жағдаймен күнделікті бетпе-бет кезігеді. 

Бұл емхананың бір ерекшелігі, емделушілер өз-өзіне қызмет көр­сете алады. Сондай-ақ өзі қалаған дәрігерге жазылуға мүмкіндігі бар. Ол үшін 3 терминал орнатылған. Мұнда емхана дәрігерлерінің жұмыс кестесі көрсетіліп тұрады. Бүгінде емханада  жалпы 107 дәрігер болса, 304 орта буын ме­дицина қызметкерлері жұмыс іс­тейді. Емхананың бас мейіргері Анар Прланованың айтуынша, олар да науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді.

Бүгін міне, жарты күн емханада жүріп, медицина сала­сының қыр-сырын қанық біл­месек те, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек екенін аңғардық. Себебі ақ халатты киіп алу шарт емес. Әрбір дәрігер мықты маман болу керек екенін түсіндік. Өйткені олар – адам өмірінің арашасы.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: