Дүйсенбі, 04 қараша, 09:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87-2097
02.11.2024
PDF мұрағаты

Ауруханадан бірінші хат: «Сіңілім Әнелге сағыныш хатым»

08.04.2023

996 0

Жұма… Таңғы жеті жарымның кезі…

Ата-анаммен бірге таңғы асым­ды ішіп болдым. Анам да, әкем де жұмыстарына шығуға қамданып жүр. Мен болсам, сабағыма баруға әзірленіп жатырмын. Бөл­мемде тып-тыныш күй. Өйткені бөпетайым Әнел, … сен тәтті ұйқыда жатырсың. Кішкентай ғана, тәп-тәтті сіңілім менің. Бетіңнен бір иіскеп кетейінші мектебіме… Томпиған беттеріңнен сүйіп-сүйіп алайыншы тағы бір…

Томпиған сіңілім менің, Әнел.

Сені анашым перзентханадан ең алғаш үйге алып келгенде ағам мен апамнан бірінші болып жүгіріп барып, анамның қолынан сені құшағыма алып алдым. Кіп-кішкентай едің сен. Сондай жеп-жеңілсің. Бөлмеге алып кіріп, анаммен бірге кереуетке жат­қыздық. Сені ораған көрпешеңнен тәтті иі­сің мені алып-ұшып барады. Көрпешеңді ашып, түріңе қара­дым. Күлкім ке­ліп кетті. Кіп-кішкентай, қып-қызыл ма, әлде… қап-қара­сың ба?.. Күліп жі­бердім, сенің жы­­миып жат­қан тү­ріңе қарап.

Ботақаным, сіңілім ме­нің Әнел. Осы сәт­терді ауруханада жа­тып, есіме ала­мын. Әсіресе түн мезгі­лінде ұйқым келмеген­де жиі еске түсіремін. Менің ұялы телефонымда сенің кіш­кентай кезіңдегі неше түрлі бейне­жазбаларың бар. Әдейі өшір­мей сақтап жүрмін. Сондай қызықты әрі керемет естеліктер ғой олар…

Осы кезде саған хат арнап, сенің ең алғаш бал тіліңмен ән айтқан бейнежазбаңды қайта көріп отырмын. Сенің бал тіліңмен орындаған әніңнің сөздерінен ағам, апам үшеуміз әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының «Сен сұлу» әні деп қабылдағанбыз. Аяғын енді-енді тәй-тәй басып жүрген бүл­діршіндер ара­сында ән бай­қауы өтсе, сенің бұл орындауыңдағы әнің нағыз «хит» ән болар ма еді, бәлкім?..

Иә, Әнелім, осындай қызықты естеліктерің көп-ақ. Қайта-қайта көруден еш жалықпаймын.

Ұялы телефон жақсы екен. Өмірімдегі ең әсерлі оқи­ғаларды, от­басыммен, сенімен бірге болған қы­зықты сәттерімді жазып қойып жүрем телефоныма.

Бір кеште үй ішімізбен кешкі аста отырғанымызда әкем қызықты бір оқиғаны айтып берді. Ол кезде сен енді-енді еңбектеп жүрген кезің екен. Әйтеуір бір жұмыс күнінің түскі уақытында болған оқиға көрінеді. Ата-анам түскі үзіліске келіп жатқан. Біздер мектепке асығып шығып кетіппіз. Үйде әкем мен анам түскі асқа отырған болуы керек. Сен бөлмеден бөлмеге «қыдырып» еңбектеп жүр екенсің. Кенет ас бөлмеде ата-анам отырған кезде сені таба алмай қалыпты. Екеуі шарқ ұрып, үйдің ішін қарап, сені таба алмай әлек болады. Әкем байғұс қор­қып кетіп, далаға шығып, бүкіл ауланы кезіп, сені іздеп кетіпті. Анам болса, балконнан сенің атыңды атап, айқайлай беріпті. Біраз үйдің ауласын қарап, таба алмаған соң әкем үйге қайта келіп, енді подъезд ішін қарай бастайды. Сөйтсе… күлкім келеді-ау. Әнелім, осыны есіме түсірсем… Сөйтсе сен үшінші мен төртінші қа­баттың ортасында үсті-басың құм, шаң-шаң болған, бұтыңда тек жөргегің ғана бар. Әкемді көргенде оған қарап, мәз болып отыр екенсің… Сөйтсек анам ас бөлмеде, әкем жуынатын бөлмеде болғанда, біз мектепке шығып кеткенде сен еңбектеп барып, ашық қалған есіктен шығып, жоғары үшінші қабатқа қарай еңбектеп, өрмелеп көтеріліп кетіпсің.

Осы оқиғаны әкем айтып бол­ғанда бәріміз рахаттана бір күліп алдық. Бірақ артынан, есікті ашық қалдырмауымыз керек екенін айтып, әкем қатаң ескертіп қойды.

Иә, сіңілім менің, Әнел. Сенің атыңды «Әнел» деп қойғанда әкем: «Әнелөгім, Әнел, біздің отбасымыздың әні, музасы болсын» деп мақтана айтып отыратын. Расында, солай ғой, Әнел. Сенің кішкентай кезіңдегі ән айтатының, теледидардан жарнама берілгенде әуенге қосылып билейтініңе қарап шынымен де «музыкалық Әнел» дейтін едік…

Ал қазір сен алтыншы сыныпта оқисың. Әкешім айтатын музасы бар Әнелсің әлі. Қаладағы «Уни­кум» өнер-білім орталығында би үйірмесіне қатысып жүрсің. Біраз байқауда жүлдегер болып та үлгердің.

Екеуіміз бірге көрген «Дос-Мұқасан» фильмінен кейін сол баяғы тілің енді ғана шығып жүрген кезіңдегі айтатын «Сен сұлу» әнін қазір әп-әдемі орындай аласың.

Сіңілім менің, Әнел. Ауру­ханадан өзіңді қатты сағына отырып, осы естелік хатымды арнап жазып отырмын. Көп кешікпей Қызылордаға, үйге қайта ораламын. Сол кезде сені жүгіріп барып, құшағыма қатты қысып алып, екеуіміз «Сен сұлуды» бірге шырқайтын боламыз. Сондықтан мен келем дегенше тәп-тәтті музаңды шындай бер, көкем.

Өзіңе деген сағынышпен, апаң Нұрай.

Нұрай ЕГІЗБАЕВА,

І.Қабылов атындағы №12 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: